Кино • 17 Сәуір, 2024

Шырақтың шытырманы

129 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаһандық технократиялық үдеріс алысты жақындатқанымен, жа­қын­ды жат қылып жатқаны белгілі. Жүзбе-жүз әңгіменің жоқ­тығынан көңілде көп түйін қала береді. Әлеуметтік желіде байла­ныс­қан­мен, пернетақталардың сезімнің күллі пернесін баспайтыны белгілі ғой. «Уаттсаппен» уағадаласатын уай, біздің қарым-қатынас...

Шырақтың  шытырманы

2023 жылы түсірілген «Шырақ» мультфильмі осы мәселені ашып көрсетеді. Картинаны 3D форматында «АRA» анимациялық студиясы жасап шығарған. Махаббат, қамқорлық, ілти­пат секілді құндылықтарды насихаттайтын көркем туынды көрермендердің ыстық ықыласына ие болды.

Оқиға кәдімгі шырақтың бас­тан кешкен оқиғасын баяндайды. Ол бір үйдің қараңғы қоймасында өмір сүріп жатады. Бұл қарапайым отбасының түпкі бөлмесі еді. Дәулеті де, сәулеті де келіскен қазіргі заман шаңырағы. Отағасы жұмыстан қолы босамайды, қарбалас. Анасы бақытты отбасы болу туралы асүйде подкаст тыңдайды. Ал олардың балалары өз бетімен ойнап жүреді. Бәрі қалыпты құбылысқа айналған. Бірге тұрып, бірге жүргенмен әрқайсысының әлемі әр жақта жүр.

Осы орайда драматург Эжен Ионес­коның «Тақырбас әйел» пьесасы ойға оралады. Бірі газет оқып, бірі шұлық тоқып отырған ерлі-зайыптылар бір-бірімен әңгімелесіп отырады. Алайда олардың диологтері бір-бірімен мүлде қабыспайды. Құдды әрқайсы өз-өзімен сөйлесіп отырғандай әсер қалдырады. Мысалы, жұбайы «жаным, бүгін ауа райы сондай тамаша болып тұр» десе, «иә, айтпа. Бүгінгі газеттің нөмірі расында ерекше шығыпты», дейді. Осындай қарама-қайшылыққа толы абсурд мультфильмдегі отбасында да көрініс табады.

Шырақ адамдардан қорқады екен. Сондықтан бөлмеге тығылып алып, сыртқа шықпайтын. Оның достары – сол бөлмедегі жансыз ойыншықтар. Шырақ оларды өз отбасым деп білетін. Дегенмен достары жансыз заттар болғандықтан, Шырақ олармен сөйлесе алмайды. Бір күні бөлмеге үйдегі мысық кіріп келіп, шырақтың сүйікті досы — қуыршақты алып кетеді. Шырақ досын құтқару үшін бөлмеден шығып, адамдар жүрген бөлмеге баруға мәжбүр болады. Қорқынышын жеңіп, соның арқасында мүлдем басқа әлемге – сұрықсыз, жылусыз адамдар әлеміне тап болады.

Аниматорлар ендігі кезекте кө­рерменге мына дүниені кішкентай ғана шырақтың көзімен көрсетеді. Енжар ана, самарқау әке, көңілсіз бала шырақтың таңданысын туғызады. Бірде сыртта дауыл тұрып, үйдің жарығын өшіріп тастайды. Бір сәтке бәрі гаджеттерінен басын көтеріп, қараңғыда бір-бірін іздейді. Артынша әкесі электр тогы өшкенде қолданатын шырақты іздейді. Өзінің қажеттілігін білген шырақ өзін қатты бақытты сезінеді. Отбасы баласына көлеңкелер ойынын көрсетіп, тәтті бір сезіммен ұйқыға жатады. Шырақ түні бойы оларға жарығын төгіп, аса зор қуа­ныш­пен балқып кетеді. Бақыттың жолында өзін құрбан етеді. Себебі бұл қуаныш соған татитын еді. Небәрі 24 минутқа созылатын мультфильм көрерменді жылы бір ойдың құшағына қалдырып кетеді солайша.

Ақын Тұманбай Молдағалиев ай­тады: «Адамға ең әуелі керегі – бір­ауыз жылы сөз айтпаған соң, өмір қыс­қара түседі», дейді жарықтық. Расында, сыйлықта шек болғанымен, сый­лас­тық­та шек болмайды. Отбасының ауа ра­йына да әсер ететін осы қағидалар. Мейірім шырақтарыңыз сөнбесін!