Қоғам • 17 Сәуір, 2024

Алаңдатқан мәселе

159 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мына мазасыз әлемде дамыған елдердің өзі де жасөспірім­дердің саулығы мен тәрбиесіне қатысты мәселелерде қау­қарсыз. Жаһандық деңгейде қимылдайтын ұйымдар да оңы мен солын түгел танымаған жасөспірімдердің, оның ішінде он жастағы қыз балалардың репродуктивті денсаулығын бірінші кезекке қоюы бекер емес. Қалай десек те, жасөспірімдер арасындағы жүктілік – қоғамның жіті назар аударуын талап ететін көкейкесті мәселе.

Алаңдатқан мәселе

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Бүгінде «Қызым – үйде, қы­­лығы – түзде» дейтін тәмсіл бұ­рынғыдан да өзек­ті. Мәселен, Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы жыл са­йын бүкіл әлемде 15-19 жас ара­лығындағы 12 млн қыз бала бесіктен белі шықпай жатып ана атанатын болса, оның ішінде 15 жасқа дейінгі 777 мың жасөспірім бар екенін алға тартып отыр. Сондай-ақ бұл деректердің ішінен балалы болған балалардың басқа мәселелері де жіктелген мәліметтерді молынан табуға болады.

Өз елімізге келетін болсақ, 12-13 сәуір күндері Қазақстандағы жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығы Алматы қаласында III Халықаралық «Жас­өспірімдер мен жастардың реп­ро­дуктивті денсаулығы» ғы­лы­ми-тәжірибелік мәжілісін өткі­зіп, аку­­шер-гинекологтер мен басқа да мамандардың пәнаралық диа­логін қалыптастыруды қарастырды.

Конференцияның қанша­лық­ты өзекті екенін 2022 жылы «Саламатты ұлт» Ұлттық жобасы аясында Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің Ұлттық қоғамдық ден­саулық сақтау орталығы жүргізген «Оқушылардың денсаулығы­на қатысты қалыптасатын мінез-құлқы» атты зерттеу нәтижелері растайды. Елдегі 7 400-ден аса жасөспірім­ге жүргізілген сауалнама 9-сы­нып оқушыларының шамамен 6%-ы жыныстық қатынасқа түске­нін, 41%-ы алғаш рет мұны 15 жасын­да жасағанын анықтаған.

Осы арада конференция жұ­мысына Парламент Мәжі­лісі­нің депутаттары, халықаралық және ҮЕҰ өкілдері мен еліміз­дің өңірлерінен, Беларусь, Қыр­ғызстан, Молдова, Украина, Өзбек­станнан келген акушер-гине­ко­­лог, уролог, эндокринологтер қатыс­қанын айта кету керек.

Сонымен кейінгі жылдары жас­өспірімдер арасында босану мен түсік жасату азайғанына қа­­рамастан, бұл көрсеткіштер әлі де көңіл көншітпейді. Әрбір жас­­өспірімнің жыныстық жетілу ке­зеңінде кем дегенде бір созылмалы кеселі бар. Жастардың ­20%-ы бір­неше адаммен байланысып, жүктіліктен қорғану құралдарын пай­даланбайтындықтан, жыныс­тық жолмен берілетін инфек­ция­ларға, АИТВ жұқтыру қаупіне жиі душар болатынын да жоққа шығаруға болмайды.

Өткен жылы Қазақстандық жы­ныс­тық және репродуктивті ден­сау­лық жөніндегі қауымдасты­ғы жүр­гіз­ген мектептегі білім беру бағ­дар­ламасына кешенді жыныстық түсін­діруді енгізуге қатысты са­уал­нама нәтижелері бойын­ша, жас­өспірімдердің 49%-ы жы­ныс­тық тәрбие беру мә­се­­лесімен әке-шешелері, 20%-ы жа­қын туыстары айналысқаны жөн деп есептей­ді. Ал осы сауал­намаға қатысқан ата-аналардың 57%-ы мектептегі оқыту бағдар­ла­масы жыныстық білім беру мә­се­лелерін қамтуы керек деп ойлайды.

– Бүгінде жасөспірімдер мен жастардың денсаулығына елеу­­лі қауіп төніп тұр. Жастар жабық тақырып болса да, нақ­ты ақпараттарға мұқтаж бол­ған­дықтан, репродуктивті денсау­лық­қа қатысты сапалы қызмет пен кеңестерге қол жеткізуі керек. Кездейсоқ жүктілік, қауіп­ті түсіктер мен жыныстық жолмен берілетін инфекциялар­дың (ЖЖБИ) өршуінің алдын алу үшін жасөспірімдердің денсаулы­ғы­на инвестиция салу қажет. Бұл олардың денсаулығына қатысты саналы шешім қабылдауға жол ашады. Ұлт денсаулығы жастардың репродуктивті денсаулығына байланысты екенін есте ұстаған жөн, – дейді Қазақстандық жыныс­тық және репродуктивтік денсау­лық жөніндегі қауымдастықтың атқарушы директоры, акушер-гинеколог Галина Гребенникова.

Әлбетте, мұндай келелі бас­қо­су­да тақырыпқа орайлас, отбасын нығайту, отбасылық өмір­ге дайындық, түрлі аурудың се­беп­тері, салдарлары талқы­лан­­ғаны аян. Дегенмен конфе­рен­­цияға қатысушылар көздеген мақ­сат­қа жету үшін ата-аналар­ды міндетті түрде осы іске тар­­та отырып, бірлескен пән­ара­лық жұмыс жүргізу қажет еке­нін айтады. Кәмелетке толма­ған­дар­ға медициналық және пси­хо­логиялық көмек көрсетуде ден­саулық сақтау жүйесінің су­бъек­тісі ретінде жастар денсау­лы­ғы орталықтарын дамыту, халық­ара­лық стандарттарға сәйкес жаб­дық­талған балалар гинеколог­тері кабинеттерін ұйымдастыру қажеттігі көрініп отыр.

 

Тамара ЖҮСІПӘЛИЕВА,

«Қазақстандық жыныс­тық және репродуктивтік ден­сау­лық жөніндегі қауым­дас­тық» ҚБ басқарма төр­ағасы:

– Репродуктивті саулық ел­дің ұлттық қауіпсіздігі екенін естен шығаруға болмайды. Қазір елімізде бала туу көрсеткіші ке­міді, оның себеп-салдары көп десек те, басты себептерінің бірі – бедеулік. Адам репродуктивті денсаулығын жастайынан, тіпті бала кезінен қадағалау қажет. Біз­дің қоғамда жыныстық тәлім-тәрбие беру ісі де – өте өзекті мәселе. Әке-шешелерімен қоса, педагогтер де әлі күнге дейін осы тақырыпқа келгенде қалай әрекет ету қажеттігін білмейді, ал жасөспірімдер жыныстық қа­рым-қатынасқа барып, түзелмей­тін қателіктер жасайды. Жасына жетпей жүкті болу жиі түсік жасатуға мәжбүрлеп, қалаусыз нәрестелерді дүниеге әкеледі. Осын­дай жағдайлар жас қыздар­ды еркінен тыс тұрмысқа шығу­ға жетелесе, мұндай некелердің ­ба­қытты болуы некен-саяқ. Оған қоса көп жағдайда кәмелетке толмаған жас аналар өздері­нің келешегінен үміт үзіп, сауат ашып, көксеген мамандығына қол жет­кізе алмайды. Кәмелетке толма­ған әкелер де мүлде отбасылық өмір­ге дайын емес болып шығады.

Егер біз келешекте өз хал­қы­­мыздың дені сау, жүзі жа­рық екенін көргіміз келсе, он­да қа­зір­ден бастап таптаурын, ес­кі көз­қарастардан арылып, өсіп келе жатқан ұрпақтың жыныс­тық саулығымен түпкілікті көңіл бөлгеніміз жөн. Елімізде 15-19 жас аралығындағылардың үш­тен бірі жыныстық қарым-қатынас­тың не екенін біледі. 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер­дің 8%-ы жүктіліктен қорға­на­ты­нын айтқан. Бұл – шұ­ғыл шешім қабылдауды қажет ете­тін аса салмақты әлеуметтік мә­селе. Заң бойынша 14 жастағы жасөспірім қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкерші­лік­ке тартылады. Ал 16 жасы­нан бастап жастарымыз еңбек шартын жасай алады, ерікті түрде ин­тим­дік қарым-қатынасқа түсу туралы шешім қабылдап, алдын ала құлағдар етілген кеңес беру мен диагностикалық көмектен бас тартуға құқылы. Алайда 18 жас­қа дейін ата-анасының немесе қамқоршыларының рұқсатынсыз түсік жасатуға тыйым салынады. Егер жасөспірімдерде жүктілік анықталса, дәрігерлер тексеруден өткеннен кейін 3 сағат ішінде ата-аналарына ғана емес, тәртіп сақшыларына да хабарлайды. Бұл пациенттің рұқсатынсыз ме­дициналық құпия ретіндегі ақпаратты жариялауға жол береді. Сондықтан қазіргі қалыптасқан жағдай жастардың репродуктивті денсаулық қызметтеріне қол жет­кізуін қиындатып отыр.

 

Ардақ АЯЗБЕКОВ,

Түркістан облысындағы №3 облыстық перинаталдық орталығының басшысы, акушер-гинеколог:

– Қазақстанда шамамен ерлі-зайыптылардың 15%-ға жуы­ғы белсіздік пен бедеулікке шал­дыққан, оның ішін­де әйелдер бе­деулігі 55%-ға, ерлер арасында­ғы белсіздік 45%-ға жеткені мамандарды алаң­датады. «Ел боламын десең, бе­сігіңді түзе» дейтін кө­не тәлім қазір­гі таңда да өзекті. Ден­саулығы сыр берген жастардың ертең де­мографияға сапалы үлес қо­суы екіталай. Жасөспірімдер ара­сындағы жүктілік, тәрбиеге жат қы­лық жағдайды өршітіп тұр. Ғалым-дәрігерлер алға тар­тып отырған мәліметтер жас­өс­пі­рімдер арасындағы жыныс­тық қатынастың басталуы «жа­сар­ғанын», жыныс мүшелері ке­сел­дерінің жүйелі, сапалы түр­де емделмеудің кері салдарларын көрсетіп отыр. Жыныстық же­ті­лу барысында туындайтын сұ­рақтарға мамандардан толық­қан­ды, кәсіби жауап алатын орын­дардың қолжетімді болуы маңызды.

 

АЛМАТЫ