Қоғам • 17 Сәуір, 2024

Мейірімді жандарға құрмет көрсетті

132 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қоғамда қажырлы еңбекпен шектелмей, жақсылық жасауға асығатын атымтай жомарт азаматтар көп. Сан саладағы ел ардақтыларын тоғыстыратын «Мейірімді­лік керуені» байқауы ісімен үлгі болған талай мықтыны танытты. Астанада алтыншы жыл қата­рынан ұйым­дас­тырылған байқауда ізгілікті ту еткен батыл, қамқор, қайырымды жандар марапатталды.

Мейірімді жандарға құрмет көрсетті

Суретті түсірген – Арман МУХОТОВ

Биыл байқаудың республикалық кезеңіне қатысуға мыңдаған үміткер өтініш қал­дырып, «Асар», «Туған жер», «Батыл жү­рек», «Мейірім жолында», «Қайырымдылық тарихы» сынды бес аталым бойынша өңір-өңірден келген 46 лауреат марапатталған. Ақпанда өткен осы байқауға елордадан 62 үміткер қатысыпты. Республикалық байқаудың ізімен қазір әр өңір өзінше қайырымды жандарға құрмет көрсетіп, алғыс айтуды бастап кетті. Мысалы, байқаудың Астана қаласындағы лауреаттарын марапаттау сал­танатын өткізуге Қазақстан іскер әйелдер қауым­дастығымен қатар қалалық әкімдік ынталы болыпты.

– Қоғамның тұтастығын, елдің амандығын ойлайтын ізгі ниетті жандар көп. Сол жақсы-жайсаңдарға алғысымыз шексіз. Қиын-қыстау күндерде сүрінгенге демеу болып, жетімін жы­лат­паған халықпыз. Сол қалпымыздан танбай, қысылтаяңда бірімізге-біріміз демеу болып келеміз. Тосыннан келген тасқынға өңірлерден мыңдаған ерікті, әскерилер тас-түйін жұмылып, тұрғындарға жәрдемдесіп жатыр. Гуманитарлық көмек жөнелтіп жатқандар қаншама? Мұның барлығы – қайырымды, мейірбан, жанашыр, отансүйгіш азаматтардың қолынан келетін іс. Иә, қайырымды жандар көбіне-көп байқауға өтінішті өздері қалдырмайды. Әріптестері, дос­жарандары бізге хабарлап жатады. Біз сол өті­нішті қабылдап, шын жанашыр жандарды назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Өйткені мұ­ның барлығы кейінгі толқын жас буынға үлгі-өнеге деп білеміз, – дейді Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Раушан Сәрсембаева.

Сонымен «Батыл жүрек» аталымында көп­­пәтерлі тұрғын үйдің 20-қабатындағы қызды құт­қар­ған Нарұл Төреқұл, қызыл жалын шар­пыған үйден ба­ланы аман алып қалған Есен Қарабеков мара­пат­талды. «Асар» аталымында кәсіпкер, инноватор, шы­­ғармашылық студия-ателье жетекшісі Мадина Да­­ниярова ынталандыру сыйлығын алды. Сол се­кіл­ді басқа да аталымдар бойынша үміткерлерге сый-құрмет көрсетілді. Жанашыр жандарды гене­рал-лей­тенант Бақытжан Ертаев құттықтап, алғыс айтты.

Көптің құрметіне бөленген азаматтардың қа­тарындағы Астана қаласы төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғау капитаны Балнұр Шдерина су басқан өлкелерге көмекке аттанған әріптестерін мақтан тұтатынын айтты.

– Қазір төтенше жағдайларды жою басқар­ма­сында еңбек етемін. Салада жұмыс істеп жүр­ге­німе 8 жылдан асыпты. Жыл сайын Респуб­лика­лық оқу-жаттығу жиындарына қатысамыз. Шың­­да­ламыз. Бүгін депар­тамен­тте еңбек етіп жүрген бірнеше әріптесіміз мара­патталды. Бірақ олардың басым көп­шілігі қазір су тас­қынына байланысты Қос­та­­най, Ақтөбе, Аты­рау облыстарында сапарда. Тө­тен­­ше жағдай жария­ланған аумақтарда жұмы­сын абы­роймен атқа­рып жүр, – деп әріптестеріне табыс тіледі Б.Шдерина.

«Мейірім жолында» аталымында мара­пат­талған спорт жанашыры Сәуле Тасболатқызы қор ашып, спорттан алыстаған оғландарға қолдан келген көмегін көрсетіп жүрген жайы бар. Иә, дүбірлі додаларда жасындай жарқырап, көптің алдында жүрген спортшылардың ішінде кәсіби мансабын аяқтаған соң, қоғам назарынан тыс қалып қоятындар кезігеді. Сәуле Тасболатқызы осын­дай спортшыларды қолдап, жігерлендіруге тырысып бағады. Ұйымдастырушылар «Мейірім­ділік керуені» байқауына қатысқан жанашыр жанның барлығы құрмет-қошеметке лайық екенін еске салып, алғыс айтты.