Сенат • 17 Сәуір, 2024

Сенатта орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту мәселесі талқыланды

172 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық және өңірлік филиалдарының, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесіп, орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын көтеру және үстемақы төлеу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатта орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту мәселесі талқыланды

Фото: А.Байжұманов

Сенат депутаты Ольга Булавкина орман шаруашылығы қызметкерлеріне төленетін еңбекақы республика бойынша ең төмен екенін атап өтті. Қостанай облысындағы орман өрті мен Абай облысындағы қайғылы оқиғаға ұласқан экологиялық апаттар орман шаруашылығы қызметкерлерінің жұмысы мен еңбекақы мөлшері сәйкес еместігін және әлеуметтік шиеленіс туу қаупін паш етті.

«Орман өртінің жиілеп кетуі, орманды заңсыз кесу, браконьерлік, рұқсат етілмеген жерлерге қоқыстың жиналуы, қоршаған ортаның ластануы, соның нәтижесінде сирек кездесетін өсімдік түрлері мен табиғи ресурстардың жойылуы ел экономикасына орасан зор залал келтіріп қана қоймай, әрбір тұрғынның әл-ауқатына да әсер етеді. Мәселе өртке қарсы профилактикалық жұмыстарды нашар ұйымдастыру мен орман өртіне уақытылы әрекет етпеуден туындайды. Материалдық-техникалық базаның аздығы, орман саласы қызметкерлерінің еңбек жағдайының талапқа сай болмауы, осы сала қызметкерлерінің жалақысы мен әлеуметтік қолдау деңгейінің төмендігі, сондай-ақ кадрлардың жетіспеушілігі теріс әсер етеді», деді Ольга Булавкина.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілі өз кезегінде бұл мәселені шешу мақсатында Экология министрлігі Орман шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағымен бірлесіп, бюджет қаржысы мен ақылы қызметтерді үнемдеу есебінен табиғатты қорғау ұйымдарының штаттан тыс жұмысшылары мен штатқа кіретін әкімшілік қызметшілердің жалақысын ұлғайту мүмкіндігін көздейтін келісім жасасқанын атап өтті.