Күрес • 18 Сәуір, 2024

Жалғыз алтын Ержеттің еншісінде

111 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қырғызстанның бас шаһары Бішкекте күрес түрлерінен Азия чемпионаты аяқталды. Байрақты бәсекенің соңғы медальдарын грек-рим күресі шеберлері сарапқа салды. Аталған жарысты Қазақстанның ұлттық құрамасы бір алтын, екі күміс және бір қола медальмен қорытындылады.

Жалғыз алтын  Ержеттің еншісінде

Жарыстың алғашқы күні Ер­жет Жарылқасын қазақ жан­күйер­лерін қуантты. 63 кг сал­мақ дәрежесінде сайысқа түс­кен 23 жастағы жамбылдық ба­луан осыдан екі жыл бұрын Біш­кек­те ұйымдастырылған жастар­дың Азия біріншілігінде қола ме­дальды мойнына ілген еді. Қан­дасымыздың одан басқа ауыз тол­тырып айтарлықтай табысы жоқ. Есесіне осы жолы Ержет ер­леді. Алатаудың бөктерінде қа­зақ жігіті Жарылқасын Докунг Юнг (Оңтүстік Корея), Раян Хав­сави (Сауд Арабиясы), Чан Ким (Солтүстік Корея) және Аята Су­зукиге (Жапония) сан соқ­ты­рып, сары құрлықтың теңдессізі деп танылды.

Бастапқы бәсекелерде Ли Сеунгван (Оңтүстік Корея) мен Рахимжон Озо­ковтың (Өзбекстан) аяғын көктен кел­тірген Нұрсұлтан Тұрсыновтың шешуші тұста Иран­ның мықтысы Нассер Әли­задеге әлі жетпеді. Осы­лайша, ол 87 кг салмақта сынға түскен са­йыпқырандар арасында күміс медальды қанағат тұтты. Бұл – Тұрсыновтың Азия чемпионатында бесінші рет жеңіс тұғырына көтерілуі. Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы Нұр­сұлтан бас жүлдені олжаласа, 2015 пен 2023 жылдары күміспен күптелді. Ал 2022 жылы қолаға қол созды.

Былтыр Астанада ұйымдас­тырылған Азия чемпионатын­да еліміздің «клас­сиктері» ара­сынан жалғыз Ибрагим Маго­мадов қана алтын тұғырға көте­рілген еді. Ол кезде отандасы­мыз 72 кг салмақта өнер көрсетті. Биыл ол олим­пиадалық салмақ­қа ауысты. Ибра­гимнің Бішкек­тегі өнері өте жақсы әсер қал­дырды. Жартылай финалда 34 жастағы сақа спортшының жолы Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің екі және Азияның үш дүркін чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Ақжол Махмұдовпен қиыс­ты. Екеуі әбден тіресті. Біраз уақыт бойы Магомадов 3:1 есебімен алда келе жатты. Бірақ атағы алысқа жа­йыл­ған қырғыз балуанының ығына жығылған төреші бәсекенің аяқталуына небәрі 20 секунд қалғанда Ибрагимді төрттағанға қойды. Сол мезетте Ақжол таразы басын теңселтіп кетті. Одан кейін Қарағанды күрес мекте­бінің түлегі қола медаль үшін тар­тыста ирандық Әмір Әли Әбди­ден айласын асырып, жеңіс тұғы­рына көтерілді. Ал Нұрзат Қаб­ды­ра­қымов (55 кг), Евгений По­ливадов (82 кг) және Мансұр Ша­дукаев (130 кг) үшін аталған жа­рыс сәтсіз аяқталды. Бұл ба­луан­дардың бойынан жеңіске деген жігер мен құлшынысты байқай алма­дық.

Жарыстың соңғы күні жерлес­теріміздің арасынан Юсуф Ма­циевтің ғана финалға шы­ғуға күш-жігері жетті. 97 кг сал­мақ дәрежесінде күрескен Қос­та­найдың көкжалы Амангелді Аға­мә­медов (Түрікменстан), Бек­сұлтан Мах­мұдов (Қырғызстан) және Хоужи Хаоны (Қытай) жолынан ығыстырып, фи­налда Олимпия ойындарының кү­міс жүл­дегері, әлем және Азия чемпио­ны Мохаммадхади Саравимен (Иран) арпалысты. Бұл бәсеке Парсы пех­лева­нының пайдасына шешілді. Ғалым Қабдунасаров (60 кг), Алматбек Аманбек (63 кг) және Әділхан Сатаев (72 кг) үшін­ші орын үшін таласты. Үшеуі де шешуші тұста оңбай сү­рінді. Ға­лым әлем мен Азия бірін­ші­лігінің қола жүлдегері Цаог Лиго (Қытай), Ал­матбек былтыр Азия ойындары мен құрлық чем­пионатында үздік үштіктің қатарынан көрінген Чунг Хан Чжен (Оңтүстік Корея) және Әділхан Джи Ленгтің (Қытай) алдында дәрменсіздік танытты.

Жүлделердің саны мен сапасы жа­ғынан жалпыкомандалық есепте Иран құрамасы (4+3+2) көш бастады. Екінші орында – Жапония (3+2+1). Үшін­ші және төртінші сатыларға Қырғызстан (1+2+3) мен Қазақстан (1+2+1) жай­ғасты. Сондай-ақ жүлде алғандар қатарында Солтүстік Корея (1+0+1), Оңтүстік Корея (0+1+2), Қы­­тай (0+0+5), Өзбекстан (0+0+4) және Ирак­тың (0+0+1) спортшылары бар.

Енді сары құрлықтың ең үздік ба­луандары 19–21 сәуір аралы­ғында дәл сол Бішкекте өтетін лицен­зиялық турнирде күш сынасады. Парижде алауы тұта­натын Олим­пия ойындарының жүлде­лері сарапқа салынатын жарыста Қазақ елі намысын мына балуандар қорғайды:

Грек-рим күресі: Айдос Сұл­танғали (60 кг), Мейіржан Шер­маханбет (67 кг), Демеу Жадыраев (77 кг), Олжас Сыр­лыбай (97 кг) және Әлімхан Сыздықов (130 кг).

Еркін күрес: Ерасыл Мұх­тар­ұлы (57 кг), Майыс Әлиев (65 кг), Нұрқожа Қайпанов (74 кг), Әлі­шер Ерғали (97 кг) және Юсуп Ба­тырмұрзаев (125 кг).

Әйелдер күресі: Лаура Ғани­қызы (50 кг), Жұлдыз Ешімова (53 кг), Эмма Тисина (57 кг), Ири­на Кузнецова (62 кг), Елена Ша­лыгина (68 кг) және Жәмила Бақбергенова (76 кг).