Кәсіпқой бокс • 18 Сәуір, 2024

Жәнібек пен «Джебтің королі» жуық арада жұдырықтасуы мүмкін

37 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақтың әйгілі кәсіпқой боксшысы, орта салмақтағы WBO мен IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен жұдырықтасуға атақ-даңқы алысқа тараған жігіттердің өздері жүрексінетіні жасырын емес. Сол себепті де қазіргі кезде оған қарсылас табудың өзі оңай болмай тұр.

Жәнібек пен «Джебтің королі» жуық арада жұдырықтасуы мүмкін

«Qazaq style» деген жанама есімді таңдаған 31 жастағы Жәнібектің жуық арада «Ұлыбританияның өкілі Хамза Шираз­бен қолғап түйістіруі мүмкін» деген әңгіме бұл күндері желдей есіп тұр. Ал сол бокс­шы жайында не білеміз? Хамза 24 жаста. Лондонның Илфорд аймағында дүниеге келген ол 2017 жылдан бері кәсіпқой рингте күш сынасып жүр. Сол аралықта 19 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 15 бәсекеде айқын басымдық танытты. Бұл былғары қолғап шеберінің WBO нұсқасы бойынша Еуропа чемпионы деген атағы бар.

Өз жекпе-жектерін Ұлыбританияда ғана өткізетін Хамза Шираз шетелде бір рет қана өнер көрсеткен екен. Былтыр тамыз айында ол Польшаның Вроцлав қаласында Украинаның мықты боксшысы Дмитрий Митрофановты екінші раундта есінен тандырды. Сол жарқын жеңістерден кейін Тұманды Альбион елі өкілінің даңқы өрледі. Соңғы жекпе-жегінде Хамза кезінде әлем чемпионы атағынан үміткердің бірі болған өзінің отандасы Лиам Уильямстің тас-тал­қанын шығарды. 10 ақ­панда Лондонда ұйым­дастырылған бұл бә­се­кенің тағдыры бірінші раундта-ақ шешілді. Шираз­дың шабуылына қарсыласы тойтарыс бере алмады. Санаулы секундтар аралығында Лиам екі рет нокдаунға түсті. Шәкіртінің шарасыз күйін көрген бапкерінің рингке ақ орамал тастаудан басқа амалы қалмады. Ал осыдан екі-үш жыл бұрын ғана дәл осы Уильямс атағы алысқа жайылған Деметриус Андраде мен Крис Юбэнк сынды дүлдүлдерге дес бермей, 12 раунд бойы айызы қанғанша айқасқан еді.

Орта салмақтағы боксшылардан Хамзаның ірі әрі еңселі екені бірден бай­қалады. Мәселен, оның бойы Жәнібектен тура 10 сантиметр ұзын. Ағылшын боксшысының одан да басқа артықшылықтары жетерлік. Атап айтсақ, Шираздың джебі өте күшті. Біраз қарсыласын ол сол соққымен-ақ сұлатып салды. Хамза оң қолмен де, сол қолмен де жақсы ұрады. Және де соққылары өте жойқын. Ұлыбританияда оны «Джебтің королі» деп атайды. Бір анығы, бұл жекпе-жекте Жәні­бекке оңай болмайды.

Ал қазақтың қайсар ұлының жүріп өткен жолы барша қазақ жанкүйерлерінің көз алдында. Боз­бала шағында-ақ дара талантымен оқ­шауланған Жәнібек әуес­қой рингте толағай та­бысқа қол жеткізді. Мұрат Сиқымбаевтай білікті бапкерден тәлім алған Жетісу өңірінің тумасы 2013–2014 жылдар аралығында әлем және құрлық чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы атанды. 2016 жылы Рио Олимпиадасында ширек финалға дейін жетті. Кә­сіпқой рингтегі 15 жекпе-жектің барлығын өз пайдасына шешіп, 10 қарсыласын нокаутқа жіберді.

Өткенде Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта ұлы­британиялық Энтони Джошуа мен франциялық Франсис Нганнудың күш сынасқаны белгілі. Алыптардың айқасы ағылшын боксшысының айқын жеңісімен аяқталды. Сол кеште Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Ши­раз бетпе-бет кездесті. Екеуі бір-бірімен көз түйістіріп, біраз тіл­десіп те үлгерді. Енді қос тарап ортақ мәмілеге келсе, онда жанкүйерлерді өте қызықты жекпе-жектің күтіп тұрғаны анық. Олай деуге негіз – екеуі үшін де үлкен сынақ. Шынын айту керек, дәл осындай дең­гейдегі боксшымен қандасымыздың жолы әлі қиысқан емес. Егер Ширазды ұтса, Әлімханұлының абыройы одан әрі асқақтай түсетіні анық. Екінші жағынан қазақ жігітіне шегінерге жол жоқ. Өйткені Хамза WBO рейтингінде бірінші орында тұр. Яғни «Qazaq style» ұлыбританиялық оғланмен міндетті түрде жұдырықтасуға тиіс. Егер бас тартса, алтын белбеуінен айырылады. Сонымен қатар «Джебтің королі» – WBC тізімінде екінші орында. Бұл нұсқаның чемпиондық атағы америкалық Джермалл Чарлоға тие­сілі. «Уақытша чемпион» атағын доми­никандық Карлос Адамес иеленіп отыр. Ал осы рейтингте біздің тағы бір мықты бокс­шымыз Мейірім Нұрсұлтанов бірін­ші орында.

Хамз­аның Жәні­бекпен жұдырық­тасудан бас тартпайтыны анық. Өйткені бұл – Ұлыбританияның арланы үшін өзінің мықтылығын түбегейлі мойындатудың бірден-бір жолы. Дәл қазір Хамза өзінің атақ-даңқын шартарапқа таратып, өз елінде ғана емес, басқа да сан миллио­н жанкүйердің алдында абыройы­н асқақтатуға аса мүделлі. Егер бағы жанып жатса, «Джеб патшасы» екі бірдей белді нұсқа бойын­ша әлем чемпионы атанады. Алдына биік мақсат қойған боксшылардың ешбірі ондай мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысатыны анық.

Жәнібек Әлімхан үшін де бұл бәсекенің берері көп. Олай деуге негіз, қазақтың өр мінезді өрені Хамза Ширазды жақсылап тұрып сабаса, бүгінгі таңда даңқы дүркіреп тұрған Сауль Альварес немесе Джермалл Чарло сынды дүлдүлдермен айқасуға мүмкіндік туындайды. Ал Жәнібектің сол саңлақтармен әлі күнге дейін жолыға алмай жүргені белгілі.

Кәсіпқой боксшылардың басты мақсаты – атақ пен абыройға кенеліп, өз дәуірінің дара тұлғасы атану. Сол арқылы мал табуға, мол олжаға кенелуге және үлде мен бүлдеге орануға да болады. Ал осы жағынан алғанда Әлімханұлы мен Шираздың арасындағы жекпе-жекті «өте тиімді жоба» деп қарастыруға болады. Бірі – қазақтың ғана емес, жер-жаһан жанкүйелерінің көзайымына айнал­ған әмбебап боксшы. Екіншісі – бүкіл Ұлыбритания табынып отырған дарын иесі. Қазірдің өзінде қос саңлақтың сайысын көруге барша жұрт ерекше құштарлық танытып отыр. Қос тараптың ортақ мәмілеге келгенін тағатсыздана күтіп отырған кәсіпқой бокстың айналысында жүрген пысықайлар да алақандарын ысқылауда. Олай болса, тартынатын ештеңесі жоқ. Жуық арада біз «Qazaq style» мен «Джеб королінің» айқасын көруіміз әбден мүмкін.