Ұлттық спорт • 19 Сәуір, 2024

Көшпелілер ойынына қаншалықты дайынбыз?

152 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қыркүйек айының 8-14 аралы­ғында Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына дайындық қызу жүріп жатыр. Ұлттық спорт ойын­дарының әлемдік аламанында елдік мұрат-мүдденің салмағы да таразыға тартылады. Жер жүзінің 100-ден аса елінен 4 мыңға тарта қонақ келетін, спортшылар сайысқа қосылатын дүбірлі доданы қабылдауға инфрақұрылым қаншалықты әзір?

Көшпелілер ойынына қаншалықты дайынбыз?

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Атшабардың әлеуеті

Елорда іргесіндегі «Қазанат» атшабарында Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Одан кейін бәйге түрлері, көкпар додасы ұйымдастырылады. Классикалық ұшқыр бәйге үш қашықтықта (1 600, 2 400, 3 200 метр) өтсе, жорға сайысы 9 шақырымда өрбиді. Құнан бәйге 11 шақырымға, топ бәйге 18 шақырымға жіберілсе, аламан додасына қосылатын сәйгүліктер 25 шақырымға айдалады. Бәйге федерациясының ережесіне сай өткізілетін бәйгеде атқа шабатын шабандоз 8 жасқа толуға тиіс. Құнан бәйгеде жылқының тұқымына ешқандай шектеу болмайды, тек тісін санап, екі жас­тан асқанын қадағалайды. Еліміздің атбегілеріне зор мүмкіндік 6 құнанға дейін қосуға рұқсат етіледі. Ал шетелден келетін командалардың әрқайсысы 3 жүйрігін ғана көмбеге жіберіп, бәйге төбе басынан күтеді.

Топ бәйге мен аламанда да осы талап сақталады, яғни шетелдік командалар топ бәйгеге 3 тұлпарын, аламанға да 3 жүйрігін ғана қосады. Мысалы, бәйге түрлерінен негізгі бәсекелес саналатын Қырғызстан елі аламанға бұған дейін автокөлік, тіпті пәтер ұтып жүрген әйгілі Қарақыз тұлпармен бірге тағы екі жүйрікті додаға қоса алады деген сөз.

Ұшқыр бәйгенің талабы өзгеше. Халықаралық тұқымдық жылқы кіта­бына тіркелген әрі жеке төлқұжаты бар ағылшын тұқымды жүйріктер жіберіледі. Ұшқыр бәйгенің додасы «Qazaq Jockey Club» халықаралық қоғамдық ұйым ережесіне сай өткізілмек. Шабандозға арнайы тігілген киім киіп шабуы міндеттелмек. Жылқының жасы мен жынысы, бәйге санатына сай салмағы сарапталып додаға жіберіледі. 1 600 метр қашықтықтағы ұшқыр бәйгеге екі жасқа шыққан құнан мен байтал додаға түседі. Мұнда да еліміздің атбегілеріне мүмкіндік зор. Шетелдік әр делегация ұшқыр бәйгенің әрбір қашықтығына 2 тұлпардан ғана қосса, біздің атбегілер 6 жүйрігінің жолынан жүлде күте алады. Жорға жарысының да талабы осындай. Шетелдерден келетін атбегілерге екі жорғадан ғана қосуына рұқсат беріледі.

Белгілі атбегі, 2018 жылы Қырғыз­станда өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының аламан бәйгесінде жүйрігі топ жарған Серік Маймақов атшабар алаңына баса мән берілуге тиіс деп санайды. Жер қыртысының үстіңгі қа­баты қатты болуы да тұлпардың тұя­ғын қыздырып, жарақаттануына әкеп соғатынын айтады.

ми

– «Қазанат» ипподромының бәйге алаңы өте қолайлы. Бұған дейін де түр­лі деңгейдегі бәйге түрлері өтіп жүр. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында да аттарымыздың аяғын шауып алмаса, жарақаттан аман болса деп тілеймін. Әрине, ең басты тілек – аламанның бас бәйгесін қанжығамызға бөктеру. Өз елімізде өтетін додада намысты қайрау маңызды болмақ, – дейді С.Маймақов.

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын қабылдайтын спорттық ин­фрақұрылымның әлеуеті қаншалықты екенін тағы бір салмақтап көрдік. Қа­зынадан қомақты қаржы бөлініп, қайта жөндеу көретін «Қазанат» атшабарын ел игілігіне жарату – маңызды мәселе. Көшпелілер ойындарына аттарын әкелетін командалар үшін арнайы салынатын қора да той өткен соң қаңырап бос қалмауға тиіс. 2007 жылы пайдалануға берілген «Қазанат» атшабарында осы күнге дейін талай байрақты дода ұйымдастырылды. 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесіне орай халықаралық дәрежеде бәйге беріліп, көкпардан әлем чемпионаты да осы атшабар алаңында өткізілді. Бәйге алаңына құм төселіп, тұлпарлар тұяқтан қалмас үшін қауіпсіздік шаралары да қатаң сақталады. Бұған дейін 3 мың көрерменге арналған атшабар күрделі жөндеуден кейін жаңарып жаңғыра түсетіні сөзсіз. Көрермендерге арналған орын саны да артып, қосымша жиналмалы орындық орнату да көзделіп отыр. Қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңғыртылатын «Қазанат» атшабары халықаралық стан­дартқа сай жасалса, ұшқыр бәйге түр­лерінен әлемдік додаларды өткізуге де мүмкіндік туады.

Кейінгі жылдары ұшқыр бәйге додасында оралдық атбегі Тілек Мұханбетқа­лиевтің Кәбірхан жүйрігі елдің атын аспандатып жүр. Шетелде өтетін гран-при додаларында олжа салып жүрген жүйріктің даңқы елдің мерейін асырды. Осы дода жан­күйерлерінің қатары қалыңдай түсуіне де орасан септігін ти­гізіп отыр. Демек Дүниежүзілік көш­пелілер ойындары қарсаңында күр­делі жөндеу, қайта жарақтау жұмыстары жүргізіліп жатқан атшабар да кейін ұшқыр бәйге көрігін қыздырар мекенге айналады.

Дүниежүзілік көшпелілер ойында­рын өткізу – Олимпиада додасын қабылдаумен пара-пар ауқымды шара. Маңызды доданы өткергеннен кейін де «Қазанат» атшабары қаңырап бос қалмауға тиіс. Қала тұрғындары мен қона­қтарының ер үстіне қонып, атпен се­руендеуді ақылы негізде ұйымдастырып да табыс көзін табуға болады. Қайырымды игі амал үшін иппотерапия шарасына да аттарды үйретіп, мүмкіндігі шектеулі балалардың ем-дом алуына септесудің мүмкіндігі зор. Өйткені елімізде ерекше жандардың иппотерапияға зәрулігі еселеп артып келеді.

«Алау» мұз айдыны сарайы V Дүние­жүзілік көшпелілер додасында халық ойындарын қабылдайды. Атап айтқанда, асық ату, қырғыздың орда ойыны, арқан тартыс осы мұз айдыны кешенінде өтеді. 2011 жылы қысқы Азия ойындарын өткізу мақсатында салынған «Алау» мұз сарайы кешені бұған дейін де бірнеше салмақты сайысты қабылдаған. Қысқы Азия ойын­дарындағы құрлықтық рекордтарды былай қойғанда, конькимен жүгіруден әлем кубогінің кезеңдері өтті. Әлем чемпионатын да қабылдады. 7 460 көрерменді еркін сыйдыратын мұз сарайында қысқы спорт түрінен сырт 2015 жылы дзюдодан әлем чемпионаты түңлігін түрді. Еліміз жапон күресінен әлем біріншілігін алғаш рет қабылдап, 100-ден аса мемлекеттен келген спорт­шылар «Алаудың» төрінде дүние додасының жалауын желбіретті. Қоңыр күзде Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын да қабылдауға «Алау» мұз сарайы әзір.

 

Этноауылдың думаны тарқамайды

«Қазанат» ипподромына іргелес бой көтеретін этноауылдың салтанатты ашылу рәсімі Дүниежүзілік көшпелілер ойындары басталардан бір күн бұрын ұйымдастырылмақ. Этноауылда ауда­рыспақ, теңге ілу, жамбы атумен қатар құс салудың ұлттық түрлері бойынша дода өтеді. Бүркітін, қаршығасы мен ителгісін баптаған құсбегілердің қырағылығы осы маңда сыналады. 10 гектар жерге қоныс тебетін декорациялық аумаққа бірнеше киіз үй тігіледі. Ду­маны тарқамайтын ауылда ақындар айтысы, жыр мүшәйрасы, «Көшпелілер ғаламы» фестивалі өтіп, дүбірге дүбір қосады. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын тамашалауға келген жеткіншек жанкүйерлерге де этноауылда қызық көп. Танымдық ойындар, сауықтық бағдарлама ұйымдастырылып, этностық стильдегі аттракциондар құрылады. Этностық киім үлгілерінің сән фестивалі де этноауылды думанға бөлейді. Қолөнер шеберлері мен ісмерлердің қолынан шыққан туындылар көрмеге қойылады.

Садақшы Айым Тілепберген екі жыл бұрын Түркияның Изник көлі жағасында өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарының сән-салтанаты келісті болғанын айтады.

– Көшпелілер ойын­дарының ерек­шелігі – бұл көшпелі өмір салтын ұс­танған халықтарға тән ойын түрлерінен өткізілуінде дер едім. Яғни өтетін орны да ұлттық спорт түрлерін насихат­тап, дәріптеп, дамытып жүрген халық­тардың өкілдерін, осы спорт түрлеріне қы­зығатын адамдарды бір жерде шоғырландыратын теңдессіз дода. Түркия көшпелілер ойындарын барынша табиғат аясында өткізуге күш салғанын аңғардық. Анадолы елі Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына келген спорт­шылардың, еріктілердің, медициналық қызмет­керлердің, жаттық­тыру­шыларға арнап сал­ған қалашық контейнерден бой көтеріпті. Қос қабатты кереуеттер ыңғайлы орналасқан. Көш­пелілер ойындарына келген 3 мың­­нан аса делегаттың бәрін еркін жайғастырған қалашықтың іші бірнеше бөлікке бөлінген. Кешкілік серуендеуге арналған алаң, шағын сауда орны, ас-ауқат беретін алаң – бәрі-бәрі ретімен жүйелі орын тепті. Қалашықтың ішіндегі тас төселген жолдың пайдасы да зор болды, жауын-шашында батпаққа батпадық. Қалашықтан жарыс өтетін алаңға, концерттік сахнаға баруда да асфальт жолдың игілігін көрдік, – дейді садақшы.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінде докторантурада оқитын А.Тілепбергеннің диссертация тақырыбы – «Қазақстандағы ұлттық спорт түрлерінің инфрақұрылымы». Ғылыми еңбегін жазуға ізденіс үстіндегі зерттеуші Дүниежүзілік көшпелілер ойындары үшін деко­ратив­тік қалашық тұр­ғызып, додадан кейін бұзылатын инфрақұрылым «бекер мал шашпақ» деген пікір­де. Еліміз көшпелілер ойындарының инфра­құрылымын әзірлеуде бұл бағытты ұстанбайды. Ке­рісінше, Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өткен соң инфра­құры­лымды ұлттық спортты өркендетуге пайдалану­ды көздейтін жолды таң­дағанын айтады.

– Жалпы, ұлттық спорт түрлері негізінен оң­түстік аймақтарда, соның ішінде Түркістан мен Жамбыл облыстарын­да жақсы дамыған. Ал солтүстік аймақ­тарда ат спорты түрлерін дамы­туға арналған инфрақұрылым сын кө­термейді. Көш­пелілер ойындары өткен­нен кейін де толыққанды қолдануға болатын инфрақұрылымды салып жатыр. «Қазанат» атшабарына күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Одан сырт қо­сымша алаңдар да салынады. Осы ойын­дардан кейін елімізде, әсіресе, сол­түстік аймақтарда ұлттық спортқа көп­шіліктің ықыласы артып, төл өнер­ді меңгеруге ұмтылатын жандардың қатары артатынына сенімдімін, – дейді А.Тілепберген.

 

Үнемдеу ысырапқа жол бермейді

Еріген қар суы еліміздің бірнеше аймағын әлі де әбігерге салып отыр. Ша­ңырағы, қора-жайы, мал-мүлкі қар­ғын судың астында қалған ағайынның арқасынан демеу – қашанда мемлекеттің мүддесі. Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі ахуалды ескеріп, бюджет қаржысын барынша үнемдеу мақсатында имидждік, басқа да ауқымды іс-шараларды өткізбеу жөнінде Үкімет пен орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға тапсырма бергенін айтты.

«Бюджет қаржысын үнемдеу мақ­сатында ірі халықаралық форумды өт­кізуден бас тарттым. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұған қоса еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады», деді Қ.Тоқаев.

Дүниежүзілік көшпелілер ойында­рының өткізіліп келе жатқанына – биыл 10 жыл. Әлемнің әр қиырынан 100-ден аса елден спортшы қатысады деп жоспарланған доданы өткізуге мемлекеттік қазынадан 8 млрд теңге бө­лінеді деп жоспарланған. Су тас­қыны зардабын жоюға бағытталған іс-шараларға күш қосу мақсатында Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына бөлінетін қаржы да қысқартылады. Дүйім елге сауын айтылып, ұйымдастыру жұмыстары қолға алынған көшпелілер додасын кейінге ысыруға тағы болмайды. Енді тек ысырапқа жол бермей, қазынаның әр тиынын үнеммен жұмсау міндеті тұр.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшім­жан күн санап уақыты таяп келе жатқан Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарын абыроймен өткізу тұтас елдің жа­уапкершілігі екенін жауаптылар сезінсе дейді. Үкіметтік комиссия ұйымдастыру жұмыстарын жеделдетіп, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізу тек Астана қаласына ғана жүктелмеуге тиіс. Тұтас елдің жауапкершілігі болғандықтан ұйымдастыру жұмыстарына өңірлер де белсенді күш қосып, «Бір өңір – бір нысан» қағидатына басымдық беру қажеттігін жеткізді.

– Дүниежүзілік көшпелілер ойынында Қазақ елінің туризм әлеуетін табысты пайдалану бағытында нақты жобалар әзірлеу керек. Ұлттық спортты және спортшыларды насихаттайтын түрлі форматтағы ақпараттық үгіт-насихат жұмыстарын қолға алу – маңызды шаруа. Дүниежүзілік доданы өткізуші ел ретінде нақты регламенттерді бекіткенде қазақтың ұлттық ойындары мен түрлі ұсталық өнерге басымдық беру қажет, – дейді Жанарбек Әшімжан.

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов жол кар­тасы әзірленіп, төл өнерді Олим­пиадалық спорт дәрежесіне көтеру жолында ауқымды істер атқарылып келе жатқанын жеткізді. Дегенмен орасан жос­парды жүзеге асыруға қолбайлау болып отырған да инфрақұрылымның иінін басқан мәселе екенін жоққа шығармайды. И.Салжанов ұлттық спорт түрлерінен мамандарды оқытатын арнайы орталық жоқ екеніне қынжылыс білдірді. Ұлттық құрылтайдың мінберінде осы мәселені көтерген қауымдастық президенті Қазақ спорт және туризм академиясы және Қазақ ғылыми зерттеу институтымен тізе қосып, ұлттық спорт кафедрасын ашу қолға алынғанын атап өтті. Арнайы мамандар мен зерттеуші ғалымдардың ұйытқы болуымен кешенді оқу бағ­дарламасы да қолға алынған. Ұлттық спорт қауымдастығы басшысының айтуынша, елімізде 40-қа жуық ипподром салынғанымен, оның ешқайсысы да халықаралық жарыс өткізуге жарамайды екен. Себеп – халықаралық стандартқа сай емес.

Ұлттық спорт қауымдастығына бір­неше федерация қарайды. Осы уақытқа дейін құсбегіліктен тұңғыш әлем чемпио­натын, тоғызқұмалақтан төртінші рет әлем біріншілігін өткізді. Асық атудан да алғаш рет Азия чемпионаты Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдас­тыруымен өтті.

– Жылдан-жылға Дүниежүзілік көшпелілер ойындары ұлттық спорт саласының олимпиадасына айналып келеді. Осы жарысты ұйымдастыру арқы­лы біз өз мәдениетіміз бен тарихымызды, руханиятымыз бен қолөнерімізді, салт-дәстүріміз бен ұлттық болмысымызды бүкіл әлемге насихаттауға зор мүмкіндік аламыз, – дейді И.Салжанов.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» қашанда. Күн озған сайын Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының дүбірі құлақ түбінен естіліп келеді. Төрткүл дүние дидарына айналатын дүниежүзілік додаға қатысушылардың талғамына тату оңай сын болмай тұр. Олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионатын, қысқы Азия ойындарын, қысқы Универсиада салтанатын асыра ұйымдастырған еліміз үшін Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарын ойдағыдай өткі­земіз деген сенім басым.