Технология • 19 Сәуір, 2024

Жасанды интеллект: бүгіні мен ертеңі

135 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ғалам жасанды интеллектіні то­лық пайдалануға, ашуға барын са­­лып жатыр. Кейбір бағалаулар бо­йын­­ша, 2030 жылға қарай бұл сала әлем­­дік ІЖӨ-нің 7 пайызын қам­та­­масыз етпек. Ал 2027 жылға та­ман жаһандық жасанды интеллект нарығын капиталдандыру 400 миллиард доллардан асады.

Жасанды интеллект: бүгіні мен ертеңі

Әлқисса...

Жақында Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өткен-тұғын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге байланысты Үкіметке жасанды интеллект саласын жан-жақты дамытуға тапсырма берді.

Жаһанды жаулаған жаңа сала жұмысты автоматтандыруға, оңтайландыруға, күрделі мәселелерді шешуге үлкен мүмкіндік береді. Мысалы, медицина, автомобиль өнеркәсібі, қаржы саласында жасанды интеллект үдерісті мейлінше жеделдетеді. Тіпті диагностиканың дәлдігін жақсартады, қауіпсіздікті қамта­масыз етеді. Айта берсек, жақсылығы мен тиімділігі жетерлік. Тек қарқынды дамуы­на ілесе алуымыз қажет-ақ. Мемлекет басшысы елдегі осы тақырыпты бірнеше рет көтеріп, тіпті жеке өзі жетекшілік етуге, шетелдік және отандық мамандармен кездесулер өткізуге, қойылған міндеттердің орындалуын бақылауға басымдық беретінін білдірді.

– Біздің елімізде жасанды интеллект қауіпсіздік, медицина, банк қызметтері, логистика, білім беру сияқты салаларда табысты қолданылады. Осы технология­ларды енгізумен айналысатын мықты компаниялар пайда болып жатыр. Сонымен қатар индустрияны табысты дамыту үшін мемлекеттің кешенді қолдауы қажет. Біз деректер мен технологиялық инфрақұрылымға ортақ қолжетімділікті қамтамасыз ететін экожүйені құруымыз керек, - деді Президент.

 

193-тің ішінде 72-орын

«Oxford Insights» жүргізген Үкіметтің 2023 жылға арналған жасанды интеллекті пайдалануға дайындық индексіне сәйкес, Қазақстан 193 елдің ішінде 72-орында тұрды. Бұл көңіл көншітпесе де, балтыр сыздататын орын емес. Жасанды интеллектіге қатысы мықты тұстарымызға деректердің қолжетімділігі, цифрлық әлеует және заңнаманың цифрлық бизнес үлгілеріне бейімделуі кірген. Кемшіліктерге ірі жеке технологиялық компаниялардың, венчурлық капиталдың жетіспеуі және ғылыми-зерттеу жұмыс­тарының төмен шығындары енген. Осы кемшіліктерге қарасақ, елімізде жасанды интеллект жұмысын ілгерілету әлі жолға қойылмағанын аңғаруға болады. Көзге көрініп тұрған шындықты айтпай кетсек те, болмас.

– Бізге бір дүние жетіспейді. Ол – қоғамдық құрылым. Біздің мемлекетте жасанды интеллекті дамытуға деген қызығушылық байқалмайды, арнаулы мемлекеттік бағдарлама, мемлекеттік мекеме, министрлік жоқ. Төрткүл дүние осыған назарын аударып, дамытуға күш салып отыр. Біз бұдан қалып қоюымыз мүмкін. Қазіргі таңда мемлекеттің мүмкіндігі бар, жастарымыз да өте талантты. Оларды дер кезінде пайдаланбасақ, жастардың күш-қуаты басқа дүниеге жұмсалып кетеді, – дейді техника ғылымдарының докторы Алтынбек Шәріпбаев.

 

Жыл сайын – 1000 маман

Бізде AI мамандарының тапшылығы бар. Дегенмен бұл түйткілді мәселені шешуге мемлекет барынша тырысып жатыр. Мысалы, жоспар бойынша елімізде жасанды интеллект саласында жыл сайын 1000 маман дарялануы керек. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин айтқан еді. «Біз алдымызға жасанды интеллект сала­сында жыл сайын мыңдаған маман даяр­лау, жасанды интеллект саласында жы­л сайын 100 стартап іске қосу бо­йынша өр­шіл міндет қойып отырмыз. Біз 2026 жыл­ға қарай жыл сайын миллиард долларлық экспорттық кіріске қол жеткізу міндетін қойып отырмыз», деді ол.

Президент те бұл мәселені мүмкін­дігінше тезірек шешуді тапсырды. Оның айтуынша, алдағы уақытта кейбір отандық жоғары оқу орындарында «Google» және «Huawei» халықаралық компанияларының тиісті курстары өтпек. Корея мен Қытайдың жоғары оқу орындарымен білім беру және мамандарды бірлесіп даярлау бойынша келісім ­жасалды. «Бізге өскелең ұрпақтың барлық жаңа цифрлық технологияларға еркін бағдарлануы қажет. Ол үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен зерттеуге баса назар аударып, орта мектеп пен жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының мазмұнын қайта қарау қажет», деді Мемлекет басшысы.

 

Даму шығармашылықпен ұштасады

Басқа нәтижелерге келер болсақ, Қаржы министрлігі 2029 жылға дейін жасанды интеллектіні дамыту жоспарын жасады. «Ашық НҚА» сайтында «Жасанды интеллектті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» атты құжат жарияланды. Құжатта атап өтілгендей, елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект қолданыла бастайды. Қазір елдің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары және цифрлық трансформация тұжырымдамасы сияқты стратегиялық жоспарларында жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі міндеттер айқындалған.

– Құжаттар осы саладағы зерттеулерді, әзірлемелерді практикалық қолдануды ынталандыруға, бизнес пен жоғары оқу орындарына технологиялық инфра­құрылым мен деректер базасына қол­жетімділікті қамтамасыз етуге арналған. Жа­санды интеллектінің дамуы – шығар­машылық бағытта жүруі маңызды. Сон­дықтан этикалық стандарттарды белгілеуге, деректерді қорғауға және осы саладағы киберқауіптердің алдын алуға ерекше назар аудару керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Заң мен іс-шаралардан бөлек, ішкі дамуын­да да біршама өзгеріс күтілмек. Біріншісі – шешім қабылдау жүйесі, онда жасанды интеллект өзі шешім қабылдайды, өзі әрекет етеді. Екіншісі – шешім қабылдауды қолдау жүйесі. Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, ауруды анықтау, ерте диагностикалау, диагностикада қолдану үшін нормативтік база дайындау. Яғни қорытынды шешімді дәрігер қабылдаса да, АІ тек дәрігерлердің шешім қабылдауын қолдайды. Осыған ұқсас тәсілді білім беруде және басқа салаларда да қолдануға болады.

 

Ұлттық тіл моделі

Жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ тілінің мәселесі де – өзекті. Әлемдік тілдік модельдерде қазақ тілінің сапалы деңгейде қолданылуы, қазақша мәтінді автоматты тану, интернет контентті қазақшалау, қазақ тіліне қатысты IT шешімдерді бір жолға түсіру қажеттілігін көріп жүрміз. Түптің түбінде жасанды интеллектінің қазақ тілін толық игеруіне баса назар аударуымыз керек. Бұл мәселе бойынша әзірге нақты бір қадам бар. Ол – AI негізінде ұлттық тіл моделі іске қосу үдерісі. Мемлекет басшысының айтуынша, дербес тіл моделін әзірлеу – жасанды интеллект саласындағы болашағы зор бағыттың бірі. Қазір қазақ тілі моделін жасау жұмысы қолға алынып жатыр. Осы жұмысқа сегіз ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орнынан тұратын консорциум тартылды. Бұл бастама цифрлық дербестігімізді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытуға мықты серпін бермек.

– Жасанды интеллект көмекшілері арасында тілді білу бойынша ресми градация жоқ, өйткені модельдер тез және бір­келкі емес. Қазіргі тіл моделін қолайлы дең­гейде оқыту үшін кем дегенде 10-100 ТБ­ таза мәтіндік деректер қажет деп есеп­теймін. Интернетте мұндай көлем жоқ, өйткені желідегі қазақ тіліндегі материал­дар­дың 70 пайызы қате жазылған. Сон­дық­тан ғылыми орталықтардың көме­гінсіз мұндай жұмыс мүмкін емес. Логика­лық тізбек құратын лингвистер қажет, олар бәрін кодқа оңтайландырады. Бұл үлкен қаржылық инвестицияны қажет етеді. Ақпарат сақталатын бұлтты серверлер әлі де қажет, – деп талдап берді практик-профессор және NeoAI компаниясының негізін қалаушы Айдын Маутан.

 

AI-ді кім, қалай қолданып жүр?

Қазіргі уақытта AI әртүрлі салаларда қолданылып жүр. Білім беруден бастап жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға да жасанды сана қатысады. Қай салада, қалай қолданылып жүргенін айта кетейік. Бірінші – сот жүйесі. Сот істерін талдау үшін, оның ішінде нәтижелерін болжауға жасанды интеллект көмектеседі. Билік бұл құрал техникалық қателіктерді азайтады және сот төрелігінің сапасын арттырады деп есептейді. Екінші – медицина. 2022 жылдан бастап елімізде «PNEUMONET» бағдарламасы іске қосылды. Ол АІ негізінде жұмыс істейді және өкпенің ең патогенді 17 ауруын, оның ішінде пневмония, туберкулез және қатерлі ісік ауруларын анықтауға көмектеседі. Үшінші – жұмысқа орналасу. Электрондық еңбек биржасында жұмыс іздеушілерге жұмыс іздеуде, ал жұмыс берушілерге қолайлы түйіндемелерді іріктеуде көмектесетін технология бар. Төртінші – азаматтардың қауіпсіздігі. 2023 жылы Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдердегі барлық бейнекамераны біріктіретін және сарбаздар арасындағы құқық бұзуды анықтайтын жасанды интеллект негізіндегі жүйе дайындады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин нейрожелілер отандастарымыздың құжаттарын рәсімдеуге көмектесу үшін енгізіліп жатқанын мәлімдеді. Ал жаңа оқу жылында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің барлық студенттер жасанды интеллект бойынша курстан өтуге міндетті екенін айтты. Курс барлық оқу орны үшін базалық білім болмақ.