Көрме • 19 Сәуір, 2024

Жаназық жәрмеңкесі

251 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Астана жұртының таң атысымен EXPO халықаралық көрме орталығына қарай ағылып жатқанына, міне, үшінші күн. Жүздеген баспа, мыңдаған кітап, бұрыш-бұрышта авторлармен кездесу, автограф-сессиялар, тұсаукесерлер көрме алаңын азан-қазан рухани базарға айналдырып жібергендей. Әрине, жылына бір рет болатын «Eurasian Book Fair-2024» Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі – оқуға құмар жандарға таптырмас мүмкіндік. Ыбырайша айтсақ, «тілегені алдынан іздемей-ақ табылатын» көрмеден кім құр қалсын!

Жаназық жәрмеңкесі

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Дәстүрге айналған ауқымды іс-шара «Фолиант» баспасы­ның ұйым­дас­ты­руымен осымен жетінші рет өткізіліп отыр. Жәр­мең­кеге қатысу үшін Қазақстан, Ресей, Түркия, Иран, Өзбек­стан, Испа­ния және Қытайдың баспа, кітап сату, ғылы­ми, білім беру және поли­гра­фиялық компанияларының өкілдері сана­латын 70-ке жуық компания өтінім берген.

Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушылар, шет мемлекеттердің елшілері қатысты.

Кітап оқуды насихаттау, оқу мәде­ние­тін қалыптастыру, әлеуетті оқырман мен сатып алушыларға жетекші баспа­лар­дың кітап өнімдерінің заманауи үз­дік ассортиментін, кітап шығару және полиграфия саласындағы жаңа технологияларды ұсыну, дүниежүзілік кітап басып шығару және полиграфия индустриясының тәжірибесін зерде­леуді, сондай-ақ бас­па саласындағы жетістіктерді көрсетуді мақсат еткен ауқымды көрме барысында түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Ересектерге де, балаларға де бірдей қызықты болатын бес күндік бағдарлама мәдени және іскерлік тақырыптардан тұрады. Атап айтсақ, қазақстандық және шетелдік жетекші баспалардың балалар, көркем оқу және ғылыми-көпшілік әдебиетінің жаңалықтарының тұсаукесері, белгілі жазушылар мен ақындармен қолтаңба сессия­лары, кітап шығарудың өзекті мәселелері талқыланатын дөңгелек үстелдер өтті. Балалар алаңында кітап оқулары, тасқа сурет салу, кітаптарға бетбелгі жасау және басқа да шеберлік сабақтары жүргізіліп жатыр.

18-19 сәуір күндері «Professional Meetings of Publishers» деген атпен танымал «Astana Publishing Fellowship» сти­пендиялық бағдарламасы өткізілді. Атал­ған бағдарлама еліміздегі баспа сала­сын жергілікті деңгейден әлемдік дең­гейге дейін кеңейту, әлемдік баспа тәжі­ри­бесінен үлгі алу, сондай-ақ баспа қызме­тінің сапасын арттыруды мақсат еткен.

Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған бағдарламаға қазақстандық бас­пагерлерден басқа Түркия, Өзбекстан, Әзер­байжан, Ресей және ТМД-ның басқа ел­дері мен таяу шетелдердің баспа­гер­лері қатысты. Екі күн ішінде баспа өкіл­дері, редакторлар және авторлық құқық қыз­меткерлері әрқайсысы жарты сағат­тан тұратын B2B іскерлік кездесулерге қатысты.

 

Нартұлға Мұстафа

«Eurasian Book Fair» аясында ғалым, академик, Сенат депутаты Дар­хан­ Қыдыр­әлінің «Мұстафа» атты кіта­бы­ның таныстырылымы өтті. Тұсаукесер рәсімі Ұларбек Нұрғалымның моде­ра­торлығымен өтіп, зиялы қауым мен оқыр­ман­дар қатысты. Алаш қайраткеріне арнал­ған толымды еңбектің лентасын про­фессор Әділ Ахмет пен «Отандастар қоры­ның» президенті Абзал Сапарбекұлы қиып, тұлға туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

сми

«Кітап қазынамыздың көбейіп келе жатқанынын көріп қуанып отырмыз. Осының бәрі жүйелі жұмыстың нәтижесі. Жалпы, бұл кітапта тарихи мәліметтер мен деректерді, архив материалдарын  беруге тырыстық. Мұстафа Шоқайдың мұрасына қызығатындар көп деп ойлаймын, себебі Мұстафа жолы, оның мұратының қаншалықты тура екендігін уақыт өзі көрсетіп отыр», деді кітап авторы Дархан Қыдырәлі.

Иә, бұл кітап – Түркістанның бірлігі мен тәуелсіздігін ту етіп, оны өмірлік мұратына айналдырған, сол жолда құрбан болған Алаш арысы туралы еңбек. Түбі бір түрік жұртының тағдыры талқыға түскен шақта басын бәйгеге тіккен, саналы ғұмырын ұлт мүддесі мен ел мұраты жолына арнаған сан қырлы қайраткер тұлғаның тағылымын арқау еткен кітап жаңа, тың деректерден құралған. Оқырман қауымға Мұстафа Шоқайдың қиындыққа толы өмір жолы қызық болары анық.

Осы орайда филология ғылым­дары­ның­ докторы, профессор Әділ Ахмет бұл кітаптың қазақ руханияты үшін маңызы жоғары екенін атап өтті.

«Мұстафа Шоқай – елдер арасындағы дипломатияны жалғастыратын алтын көпір. Ол қазақ тілін де, француз тілін де, сонымен қатар неміс тілін де жетік мең­герген полиглот, әлемге танымал тұлға. Бұл кітаптың жарық көргеніне қуанып отырмын. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дейді ғой, әлі де зерттейтін дүниелер көп деп айтар едім», деді Әділ Ахмет.

Ал «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы осындай туындылар еліміздің иммиджін қалыптастырып, ұлттық руханиятымызды насихаттайтынын айтты.

«Бүгін еліміздің төрінде керемет мәдени іс-шара өтіп жатыр. Мұстафа Шоқай­ды білетіндер ол кісінің өнегелі өмірін үлгі етеді. Тарихи тұлғалардың өмірі мен күрескерлігіне арналған кітап­тар жалпы Қазақстанның жақсы иммид­жін, қазақтың рухани құндылығын танытады деп есептеймін», деді Абзал Сапарбекұлы.

Тарихи еңбектің оқырманға жол тартуына атсалысқан «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков кітап авторына шапан жауып, ризашылығын білдірді.

 

Біртуар Бейбарыс

Кітап көрме-жәрмеңкесінде әр сағат сайын түрлі іс-шара кезекпен өтіп жатты. Осы орайда ана тілімізге тәржімеленген «Бейбарыс. Әз-Зәкір Бей­барыс сұлтанның ғұмырнамасы» атты араб халық романының таныстырылымына куә болдық. Аударған – Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Сауыт­бек Абдрахманов. Тұсаукесер жиын­ның модераторы – академик Дихан Қамза­бек­ұлы.

сми

Бейбарыс – ойлы да кемеңгер мемлекет қайраткері, батыр да жігерлі қолбасшы болғанын білеміз. Әуелі ол елдің әл-ауқатын көтеріп, мұсылман текті халықтардың ежелгі жауы – крест жорықшыларын талқандаған. Моңғолдарды Мысырға қарай қия бастырмаған. Мысырлықтар тудырған Бейбарыс жайлы аңыздар, қисса, әңгімелер бір емес, бірнеше ғасырға ұласып келеді.

«Бұл кітап осыған дейін екі рет (1999, 2016 жылдары) жарық көріп, Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына байланысты қайта басылып отыр. Кітапқа халқымыздың дана перзенті, тарихтың терең білгірі Әбіш Кекілбайұлы алғы сөз жазған. Ең алдымен, арабтың халық романын қазақша сөйлеткен «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан мырзаға алғысымыз айтамыз. Енді екі мәселеге тоқтала кетейін. Бірінші, халық романы дегеніміз не? Ол араб жұртында қалай қалыптасты? Араб әдебиетінің көрнекті ғалымы Исаак Фильштинскийдің пікіріне сүйенсек, халық романы осы ұлттың арман-аңсарын, тұлғаларының бастан кешкенін ауызша таныта суреттеген жұрттың шығармашылығы. Орта ғасыр­дың мұсылман дүниетанымының дидактикасын көрсететін жанр. Сәукеңнің тәжірибесінің асыл негізі – 1975 жылы Валерия Кирпиченко орыс тіліне аударған «Жизнеописание султана аз-Захира Бейбарса» атты кітабы. Осы орайда аудармашының шеберлігін ерекше айтқымыз келеді», деген модератор Дихан Қамзабекұлы ендігі сөзді авторға ұсынды.

«Ең алдымен, бұл тақырыпқа келуіме Асқар Сүлейменовтің ерекше әсер етке­нін айтқым келеді. Мен алғаш рет Бейбарыстың есімін Асекеңмен болған бір отырыста естідім. Кейін Астанаға келген соң аударып, Әбіш ағаға ұсындым. Ол кісі тез оқып, алғы сөзін жазып беріп, басылып шықты. Бұл жерде аудармашының алғы сөз авторын дәл табуы да елеулі еңбек атқарды. Әлемдегі ең атақты, ең беделді Британия энциклопедиясында Бейбарысқа арналған үш беттік мақала жарияланған. Белгілі ғалымдар да «Жаратқан Бейбарыс сұлтанға жер бетінде ислам дінін сақтап қалуды аманаттаған», деп жазады. Бұл деген – ғажайып баға», дейді Сауытбек Абдрахманов.

Жиын барысында модератор Сауыт­бек Абдрахмановты Қырғыз Респуб­ли­касының «Достық» орденімен мара­пат­талғанын тілге тиек етіп, құттықтады.

Сондай-ақ тұсаукесерге қатысқан зиялы қауым өкілдері де роман туралы, аудармашының стилі, сөз, сөйлем қолданысы, ой сауаттылығы жөнінде пікірлерімен бөлісіп, тарихи тұлға туралы кітаптың қызыл лентасын қиды. Рәсімнің соңы автограф-сессияға ұласты.

Көрме аясында бұдан бөлек көптеген автордың жаңа шыққан кітаптары таныс­тырылып, оқырманмен кездесулері өтті.

 

Бар қаражат – көмекке

Кітап көрме-жәрмеңкесіне нарықта жиырма жылдан аса уақыттан бері жұмыс жасап келе жатқан «Арман-ПВ» баспасы да қатысып отыр. Осы жылдар аралығында баспадан шамамен 20 млн кітап жарық көріпті. Барлық кітап электронды нұс­қа­ға көшірілген. Өнімнің 80 пайызы білім беру ұйымдарына арналған. Атап айт­қанда, барлық сыныпқа арналған мек­теп оқулықтары, оқу-әдістемелік кешен­дер мен анықтамалық әдебиеттер, бала­ның қабілетін дамытуға арналған таным­дық кітаптар басып шығарылады. Баспа өнімдері қазақ, орыс, ағылшын, яғни 3 тілде дайындалады. Компания кітап­тардың полиграфиялық сапасы жоға­ры, иллюстрациялық көркемдігі мен дизай­нерлік рәсімделуінің бірегейлігіне қарай жыл сайын халықаралық кітап байқау­лары­ның бас жүлдесін иемденіп келеді.

Көрмеде «Арман-ПВ» баспасының бас редакторы Айгүл Бекболатова мектеп оқулықтарымен қатар, «Ғаламды бірге бағындырайық. Ғарыш құпиялары» бала­лар энциклопедиясын, «Тілашар» балалар кітабын, «Халықтың асыл қазынасы», «Алғашқы кітабым» топтамаларын таныстырды. Сонымен қатар «Ekitap.kz» электронды платформасын оқырман қауым назарына ұсынды. Ал сатылымнан түскен барлық қаражатты су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету үшін жұмсамақ.

см

«Көрмеге келушілер танымдық, пайдалы кітаптарды сатып алып қана қоймай, қоғам үшін де ізгі іске атсалысып жатыр. Бір қызығы, өткен жылдардағы көрме іс-шараларына қарағанда осы жылы біздің бастамамызды қолдап, кітап сатып алып жатқан оқырмандар көп. Сол үшін ерекше­ алғыс айтамыз. Бұл елде болып жатқан жағдай болғандықтан, әрқайсымыздың үлесіміз маңызды», дейді бас редактор Айгүл Бекболатова.

Ал баспаның бас директоры Дидара Алинаның айтуынша, осындай табиғи апаттардың орын алуына адамзаттың қоршаған ортаға деген қарым-қатынасы тікелей әсер етіп отыр. «Сондықтан өзге емес, өзімізден бастап табиғат ананы аялау­ды, оның бізге берген ресурстарын тиімді пайдалануды ойланатын уақыт жетті. Осы орайда біздің баспада кейінгі уақытта жарық көрген кітаптар эколо­гия­лық қағазда басылады. Осы арқылы компа­ния­ табиғи ресурстарды сақтауға мән бе­ріп, қоршаған ортаның тұрақты дамуына ықпал етуді көздеп отырмыз», деді ол.

п

Аталған баспаның алдында кітап таңдап тұрған бір оқырманмен таныстық. Балаларына түсінікті тілде жазылған оқулықтар іздеп жүр екен.

«Арман-ПВ» баспасының балаларға арналған кітаптары ерекше назарымды аударды. Мұнда әртүрлі тақырып, яғни жол ережелері, тамақ ішу әдептері, сонымен бірге климат туралы, қоршаған орта туралы барлық мазмұндағы кітаптар бар. Қысқасы, әрбірі кітапша болып жеке-жеке құрастырылған. Ең бас­тысы әрі мені қызықтырған тұсы – қазақы дүниетаныммен жазылғаны. Яғни еш­қандай аударма емес. Әйтпесе, кітап дү­кен­деріндегі балаларға арналған көп кітап көбінесе шетелдік аударма болып келеді. Ол жерде дүниетаным мәселелері, кейбір пікірлер біздің ұлттық дүниетанымға сәйкес келмеуі мүмкін», дейді Оразбек есімді оқырман.

Сондай-ақ көрме аясында «Жылдың үздік кітабы» байқауы өтеді. Бұл дода «Үздік оқулық кітабы», «Үздік өлкетану бағы­тындағы басылым», «Балалар мен жас­өс­пірімдерге арналған кітап», «Мәде­­ниет пен өнер саласына арналған басы­­лым», «Ғылым және инновация сала­сы­на арналған басылым» және Гран при аталымдары бойынша іріктеледі. Жәрмеңкеге қатысқан барлық бас­па аталған байқауда бақ сынай алады. Жеңістен үмітті кітаптар, ең алдымен, сапасына, көркемдік-эстетикалық безендірілуіне қарай бағаланады. Жеңім­паздар көрме аясында 20 сәуірде марапатталады. Сондай-ақ көрме барысында бағалы сыйлықтар тігілген ұтыс ойындары өткізіледі. Мысалы, Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай мектеп оқушылары арасында республикалық «Менің атым Қожа» кітабын оқу сайысына 6 000-нан астам үміткер қатысып жатыр. Жүлде қорын толықтай «Фолиант» баспасы өз есебінен шығарып отыр. Бұл байқау да оқушыларды кітап оқуға ынталандырып, кітап оқуды насихаттау, Бердібек Соқпақбаевтың туындысымен, жалпы тұлғасымен таныстыруды мақсат етеді.

Көрме-жәрмеңке 21 сәуірге дейін жалғасады. Кіру бағасы – 500 теңге (зейнеткерлерге, балаларға, оқушыларға, студенттерге, көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға кіру тегін). Кітап жәрмеңкесінен жиналған қаражат су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға жіберіледі.