– Ахметқал Рахметуллаұлы, бірден мәселеге көшсек, өзіңіз білетіндей, қазір еліміздің көп бөлігін су басты. Апатты жағдайлар жөнінде не айтасыз? Мәселенің мәнісі неде, шешімі қандай?
– Бүгінгі таңда мемлекет табиғи апаттың салдарын еңсеру бойынша қабылдап жатқан кешенді шаралар зардап шеккен өңірлердің тұрғындарынан, бүкіл қоғамнан түсіністік пен қолдау тауып отыр. Осындай табиғи апаттар бүкіл әлемде болып жатқаны мәлім. Әр ел әртүрлі дайындық деңгейінде су тасқыны құбылыстарына қарсы күреседі. Біз осыдан сабақ алып, түзетулер жасап, ерте ескерту жүйесін енгізуге дайын болуымыз керек. Сондай-ақ қауіпті су тасқыны құбылысының пайда болу, әсер ету қаупін бағалау және азайту мақсатында іс-шараларды іске асыру бойынша ресурсты дер кезінде жұмылдыра білуіміз қажет. Қойылған міндеттерді шешу бойынша ғылыми негіздеме болғаны жөн. Жүйелі шешім қабылдаудағы маңызды қадам – Су ресурстары және ирригация министрлігін құру. Су ресурстары мен су шаруашылығы бойынша білікті мамандардың тапшылығына да назар аударған абзал. Жоғары оқу орындары сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім бағдарламаларының мазмұнын қайта қарауы керек. Осыған байланысты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Құрлық гидрологиясы кафедрасын қайта жаңғыртып, ал мемлекет жоғары оқу орындарына кафедраларды материалдық-техникалық қамтамасыз етуге, жаңа зертханалар ашуға көмек көрсетуге тиіс. Өткен жылы 8 жетекші жоғары оқу орны мен ғылыми зерттеу институты (Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, География және су қауіпсіздігі институты, Су шаруашылығы ғылыми зерттеу институты, У.М.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты, Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы) су қауіпсіздігі мен су ресурстарын басқарудың өзекті мәселелері бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу мақсатында консорциумға бірікті.
– Сіз басқарып отырған су қауіпсіздігі мәселелерін зерттеумен шұғылданатын институттың, ондағы ғалымдардың қазіргі күрделі мәселені шешуде өз әлеуетін пайдаланатын сәт туып тұрғандай. Институт қазір немен айналысып жатыр?
– Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ Үкіметтің қаулысымен 2019 жылы ең көне академиялық ғылыми зерттеу мекемелерінің бірі саналатын География институтының базасында құрылды. Институт қызметінің негізгі бағыттары мемлекет пен қоғам тарапынан сұранысқа ие төрт блокты қамтиды: су ресурстарын бағалау және болжау, қауіпті табиғи экзогендік үдерістерді бағалау және болжау; республиканың табиғи-ресурстық әлеуетін бағалау; цифрландыру, атласқа және web-картаға түсіру. Институттың зерттеу нәтижелері белгілі және сұранысқа ие. Еліміздің орнықты дамуына су ресурстарының өте өзектілігін, одан келетін қауіпті ескере отырып, институт су ресурсы мен табиғи қауіп бойынша жұмыстардың нәтижелерін ұсынады. Институт дәстүрлі түрде селді, көшкінді, қар көшкінін, таудың опырылуын зерттеумен айналысады. Бұл зерттеулердің нәтижесі кеңінен танымал және тәжірибеге енгізілген.
Суретті түсіргендер – Аманқұл Дүйсенбаев, ЕркебұланҮКІБАЕВ
– Нақты нәтижені айта аласыз ба? Институт осы су мәселесіне қатысты нендей зерттеулер жүргізді? Қорытындысы қалай?
– Институт су серіктестерінің қатысуымен «Су ресурстарын бағалау, климаттық және антропогендік шартты өзгерістер жағдайында Қазақстанның табиғи суларын пайдалану болжамы» тақырыбында ірі пәнаралық бағдарламасын әзірлеп, орындады. Зерттеу нәтижесіне сәйкес республикада кеңінен қолданылатын «Қазақстанның су ресурстары: бағалау, болжау және пайдалану» атты 30 томдық монографиясы жарияланды. Елімізде барлық су мәселесін, оны шешу жолдарын қамтитын осындай кешенді зерттеулер бұрын жүргізілмеген. Осы бағдарламаны орындау барысында институт елімізде алғаш рет халықты, экономика салаларын тұрақты сумен қамтамасыз ету стратегиясын әзірледі. Сондай-ақ су қатерін сәйкестендіру негізінде су қауіпсіздігінің бірегей тұжырымдамасын дайындады. Бұл тұжырымдама жаңа су парадигмасы «сұранысты» басқару мен «ресурсты» басқарудың үйлесімі, жүйелік міндеттерді, нысаналы индикаторларды, түйінді іс-шараларды қамтитын іс-қимыл бағдарламасы негізінде әзірленді. Аталған тұжырымдама Мемлекет басшысының 2020 жылғы 19 қарашадағы тапсырмасына сәйкес «Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігі: Арал-Сырдария трансшекаралық алабы» ірі Пәнаралық ғылыми-техникалық бағдарламасын орындау кезінде іске асырылды. Бағдарламаны сәтті орындауға жүйеішілік ақпараттық байланыс арқылы біріктірілген 9 тәуелсіз кіші бағдарламаның модульдік құрылысы тұжырымдамасы ұсынылды. Осыған қатысты бағдарламаның тақырыптық тапсырмалары тұрғысынан алғаш рет келесі нәтижеге қол жеткізілді: аймақтық климаттың өзен ағынының өзгеруіне әсері анықталды; 2030, 2040, 2050 жылдарға арналған үш сценарий бойынша ағынның болжамды нормадан азаюы анықталды; мұздықтардың ауданы бойынша жылына 0,74%-ға, көлемі 1%-ға қысқаруы белгіленді; шекарадан ағып жатқан ағынның жартысынан көбі суару алқаптарынан шығатын қайта өңделген лас судан тұратыны белгілі болды. Барлық параметр бойынша судың құрамындағы зиян заттардың мөлшері Кіші Аралға қарай көбейе береді.
– Арал-Сырдария алабы дедіңіз ғой, Қызылорда облысында суды өте көп қажет ететін күріш алқаптарын азайту жұмысы біраз жылдан бері жүргізіліп келеді. Сырдарияның суын үнемдеудің ғылыми негізделген тағы қандай жолдары бар?
– Институт жүргізген зерттеудің нәтижесі көрсеткендей, Арал-Сырдария алабы бойынша, оның ішінде ел аумағында су ресурсы өте тиімсіз пайдаланылады. Суарудың жоғары деңгейі, магистральдық арналарда судың жоғалуы байқалады. Суды үнемдеу мүмкіндігі бар. Біз имитациялық математикалық модельдеу әдіснамасын пайдалана отырып, 2050 жылға дейінгі кезеңге су ресурсының Сырдария өзенінің трансшекаралық алабының халқын, экономикасын тұрақты сумен қамтамасыз етудің келешектегі сценарийлерін әзірледік. Сырдария өзенінің трансшекаралық алабын (Қазақстан бөлігі) сумен қамтамасыз ету жүйелерін дамытудың су қауіпсіздігі критерийлері бойынша бағалау мен шешімдер қабылдауды қолдау құралы (Имитациялық динамикалық-стохастикалық модель) құрылды. Цифрлық динамикалық-стохастикалық модельдеу технологиясын пайдалана отырып, жүйелі талдау жасалды. Соның негізінде шекаралас Орталық Азия мемлекеттері аумағындағы климат пен шаруашылық қызметтің өзгеруіне байланысты өзен ағысы өзгеруінің әртүрлі сценарийі кезінде трансшекаралық Арал-Сырдария алабында еліміздің халқын, экономикасын тұрақты сумен қамтамасыз ету бойынша ғылыми-негізделген ұсынымдар әзірленді. Ұсынымдар мемлекетаралық су бөлу, су шаруашылығы инфрақұрылымын жетілдіру (өзен ағынын аумақтық бөлу және реттеу), суармалы егіншілікті қарқындату, өзен атырабын суландыру, Солтүстік Арал теңізін сақтау мәселелерін қамтиды. Осы зерттеу нәтижелері бойынша алғаш рет Арал-Сырдария алабы бойынша 9 томдық монография дайындалып, жарыққа шыққалы тұр. Мамыр айының ортасында институт еліміздің су мәселесіне қатысты барлық уәкілетті билік ұйымы өкілдерін шақыра отырып, дөңгелек үстел өткізуге ниетті.
– Бізде өзен-көл көп, теңізіміз де бар. Бірақ соған қарамастан су соншалықты жеткіліксіз. Неге?
– Еліміз үшін су шектеулі ресурсқа жатады. Барлық дерлік трансшекаралық алаптың төменгі ағысында орналасқан ел трансшекаралық өзендердің жоғарғы бөлігінде орналасқан көршілеріміздің Су шаруашылығы саясатына қатты тәуелді. Су тапшылығының қалыптасуына аймақтық климаттық өзгерістер де әсер етеді. Өзен ағынының ресурсы 1965 жылдан 2020 жылға дейін жылына 20-28 км3-ке, іс жүзінде Ертіс өзенінің ағынының мөлшеріне азайғаны анықталды. Республиканың өзен ағынының ресурстарын болжамды бағалау оптимизм тудырмайды. Антропогендік және климаттық өзгерістердің әсерінен олардың 2030 жылға қарай 9-ға, ал 2050 жылға қарай 19 км3/жылға азаюын күту керек. Бұл деректер жалпы Дүниежүзілік банктің қорытындысымен байланысты.
– Елдегі апаттық жағдайға қайта оралсақ, институт тасқынға қатысты қандай қызмет ұсына алады?
– Су тасқынының шиеленіскен жағдайына байланысты еліміздің өзендерінде апатты су тасқыны 50-100 жылда бір рет, ағымдағы су тасқыны жыл сайын болатынын атап өткен жөн. Институт қауіпті табиғи тәуекелді басқару тұжырымдамасын жасады. Бұл – әмбебап, оны су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған ғылыми негізделген басқару іс-шараларын әзірлеудің негізі ретінде қарастыруға болады. Бір ай ішінде Батыс Қазақстан өңірінде экстремалды тасқын судың қалыптасу ерекшеліктерін, олардың әлеуметтік-экономикалық мақсаттағы нысандарға теріс әсерін барлау үшін институттың екі экспедициялық жасағы жұмыс істеді. Бұдан басқа, қазіргі уақытта 2 сарапшы-гидролог Атырау облысының су тасқынына қарсы штабында жұмыс істеп жатыр. Институт жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, гидрологиялық күрделі мәселелерді жан-жақты зерттеуге дайын. Бұл ретте Алматы қаласы, Текелі қаласы, Алматы облысының әкімдіктерімен осы бағытта жұмыс істеу тәжірибеміз болғанын айта кеткіміз келеді.
Әңгімелескен –
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»