Фото: Тұрар Қазанғапов
Конкурстық іріктеу 2024 жылғы 10 мамырдан 30 қарашаға дейін өтеді. Құжаттар egov.kz порталы арқылы қабылданады. Ал «500 ғалым» бойынша өтінімдерді қабылдау және конкурстық іріктеу алғаш рет bolashak.gov.kz порталында «Үміткердің жеке кабинеті» бөлімінде онлайн жүргізіледі.
Айта кетейік, биыл инженерлік-техникалық және медициналық мамандықтарға басымдық беріледі.
2024 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу үшін 555 стипендия бөлінді. Оның ішінде 395 стипендия магистратура және резидентура, докторантура бағдарламалары бойынша – 50 стипендия, тағылымдамадан өту үшін - 110 стипендия бөлінді.
«Басым мамандықтар тізбесі орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өтінімдері, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді даму стратегиялары мен жоспарлары бойынша қалыптастырылды. Үміткерлер су қауіпсіздігі және су бұру, агроорман шаруашылығы, құрылыс, АӨК, жасанды интеллект, молекулалық генетика сияқты өзекті мамандықтар бойынша шетелде дайындықтан өте алады», делінген «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ таратқан хабарламада.
«Болашақ» стипендиясы бойынша квоталық санаттар да қарастырылғанын айта кету керек. Аталған санатқа инженерлік-техникалық қызметкерлер, медицина мамандары және ауылдық жерлерде тұратын кандидаттар кіреді. Квотаның ерекшелігі - үміткерлер тегін тілдік дайындықтан өте алады.
«500 ғалым» бағдарламасы әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында Қазақстан ғалымдарының біліктілігін арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бекітілді. Бұл бағдарлама бойынша жыл сайын 500 стипендия бөлінеді.
Мемлекет академиялық оқуға, тағылымдамадан өтуге, ұшуға, медициналық сақтандыруға, визалық алымдарға, оқу материалдарын сатып алуға жұмсалатын шығындарды жабады, сондай-ақ ай сайынғы стипендия төленеді.
Үміткерлерге қойылатын талаптар, мамандықтар тізбесі, университеттер мен ғылыми орталықтардың тізімі bolashak.gov.kz сайтында жарияланған.