– Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялайтын құжат бұған дейін де қабылданған еді. Бірақ заң жағдайды өзгертуге ықпал ете алмады. Бұл жолғы заңның нормасы дұрыс жұмыс істейтініне кепілдік бар ма?
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі кейінгі жылдары Мемлекет басшысы қатаң бақылауына алатындай өзекті мәселеге айналды. Сондықтан бұл жолы салаға қатысты құжат жан-жақты талқылаудан өтті. Рас, кейінгі бес жылда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын құқық бұзушылықтың жазасын барынша қатаңдаттық. Мәселен, 2019 жылы өзгерістер мен толықтырулар жасалды. Былтыр тағы да Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілді. Былтыр шілдеден бастап қосымша Әкімшілік кодекске де өзгеріс енгізілді. Мұнда да тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған құқық бұзушылықтардың жазасын қатаңдатуға байланысты түзетулер қолданысқа берілді. Әкімшілік кодекске сәйкес тұрмыстық қатынастар саласындағы жасалатын құқық бұзушылықтардың барлығына ешкімнің арызынсыз-ақ іс қозғауға рұқсат етілді. Ал бұған дейін біз жәбірленушілердің арыз беруден бас тартуына байланысты «жуан жұдырық иелеріне» ешқандай жаза қолдана алмай келдік. Полицияның қолы агрессор-бұзықтар алдында байлаулы болды. Былтырдан бастап қана бірден Әкімшілік іс қозғап, сотқа жіберудің арқасында соғылған қоңыраулардың 98 пайызы бойынша агрессорға жаза қолданылып келеді.
Кеше ғана қабылданған жаңа заң бойынша Әкімшілік кодекстегі «денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» және «ұрып-соғу» бабы Қылмыстық кодекске енгізілді. Бұл заңға сәйкес агрессор-бұзықтар жәбірленушіге жеңіл дене жарақатын салса, бірден қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жалпы, қылмыстық жауапкершіліккке тарту тәжірибесі бұрын да болған. Мұндай қылмыстар 2015-2017 жылға дейін қылмыстық құрамға енгізілген еді.
– Бұл баптарды қылмыссыздандыруға қандай себеп болды?
– Себебі заңды қатайту нәтиже берген жоқ. Сол себептен біз қайтадан әкімшілік құрамға ауыстырдық. Алайда бұл жерде заңның өзінен бұрын қосымша атқарылуға тиіс бірқатар мәселе туындады. Айталық, қылмыстық іс ауырлығы мен жеңілдігіне байланысты түрлі санатқа бөлінеді. Мысалы, жеке айыптау, жеке жариялылық түрде айыптау, жариялы айыптауға жататын істер болады. Бұл істер жеңіл, орташа ауыр, ауыр болып тағы бөлінеді. Яғни «денсаулыққа жеңіл жарақат келтіру» мен «ұрып-соғу» бабы жеңіл қылмыстық істер санатына жатқандықтан, бұл екеуі де жекеше айыптауға енді. Жекеше айыптау дегеніміз – жәбірленуші өзі сотқа барып арыз жазып қана қоймай, дәлелдемелерінің барлығын өзі жинап, куәгерлерді де өзі сотқа жеткізу керек. Демек қылмыстық істің барлық дәлелдемесін өзі жинақтап, сотта өзі дәлелдеуге тиіс болды. Тіпті сот-медициналық сараптамасын да өз бетінше жасатып, қорытындысын жеткізетін.
Құзырлы органдардың жұмысын жеңілдету үшін жәбірленуші өз мүддесін өзі қорғауға міндеттелген. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жәбірленушінің дені өзі сорлап жүргенде арыз жазып, дәлелдемелерді жинап, істі соңына дейін жеткізе алмайды. Дәлелдемені жинап, сотта дәлелдеген күннің өзінде істің барлығы қайтадан ысырылып қалады. Салдарынан ауыр қылмыстар көбейді. Жылдар бойы осындай жасырын қылмыстар отбасы, ошақ қасында қалып қойды да, біраз жылдан кейін қайта тұтануына түрткі болды.
Сонымен қатар айыпталушыларға үлкен айыппұл салынып, үйқамаққа алыну енгізілді. Алайда бұл да толық жетілдірілмей, қабылданған шикі шешім екенін тәжірибе көрсетіп берді. Мысалы, аймақтарда үйқамақтар жетіспейтін еді. Жәбірленушілердің ісі сотқа жеткенімен, айыппұлмен ғана шектелуге тура келді. Оның үстіне 200 АЕК теңгемен есептегенде 500 мың теңге айыппұлды төлеуге отбасылардың шамасы келмеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбі тұрмыстың төмендігінен туындайды. Тіпті балаларына алатын жалғыз әлеуметтік төлеммен өмір сүріп отырған отбасылар үшін мұндай айыппұл төлеу жәбірленушінің өзіне де тиімсіз болды. Айналып келгенде жәбірленушінің өзіне ауырлық тигізгендіктен, екі жылға жетпей, 1,5 жылдың ішінде бірден Әкімшілік кодекске қайта ауыстырдық. Сол қылмыстық іс қозғалған оқиғаға сәйкес «ерекше талап орнату» деген тетік бар. Яғни Әкімшілік іс сотқа барғанда полиция «Сіз өзіңіздің қаулыңызбен осы құқық бұзушыға ерекше талап қоюыңызды сұраймын» деп 3 айдан 1 жылға дейін деп көрсетіп, өзі ұсыныс береді. Сөйтіп, агрессор полицияның профилактикалық есебінде тұрады. Басқаша айтқанда, полиция оны 5-10 күнге қамап қана қоймай, бір жылға дейін бақылауға алады.
Шартты түрде сотталғандар секілді бақылауымызда ұстап, апта сайын учаскелік полиция инспекторы үйіне барып тексеріп, ерекше талаптың шектеулерін бұзған-бұзбағанын анықтайды. Егер талапты бұзған жағдайда тағы да әкімшілік жауапкершілікке тартып, іс сотқа жолданады. Енгізілген қылмыстық істің аясында біз бұл тетіктерді атқара алмадық. Тек жазасыз қалғанымен қоймай, агрессорлар профилактикалық қадағалауымыздан да босатылды. Барлық жағынан тиімсіз болған заң болғандықтан, қайтадан Әкімшілік кодекске ауыстырдық.
Статистика тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жыл санап өскенін көрсетіп отыр. Өйткені былтырғы шілдеге дейінгі заң жұмыс істеп тұрған кезде жәбірленушілер полицияны шақырғанымен, арыздан бас тартатын. Себебі тағы да сол, жәбірленушілердің психологиялық, экономикалық тәуелділігі, туыс-туғандардың араласуы, рухани әлсіздігінен де соғылған қоңырау мен жазылған арыздар аяқсыз қалды. Ал қоғамда әлсіз адам ғана әлімжеттікке ұшырайды. Сондықтан жәбірленуші арызды қайтып алуға мәжбүр болады.
Кейбір жәбірленушілер өзінің өмірінен де отбасының абыройын ойлап арызды қайтып алып жатты. Сөйтіп, біз түскен арыздармен ғана жұмыс істеп, қалған отбасылардағы жәбірленушілерді қауіппен бетпе-бет қалдыруға мәжбүр болдық. Әйткенмен былтырдан бастап қолданысқа енгізілген Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес арыздардың 98 пайызына іс қозғалды. Осылайша, полицияға келіп түсетін арыз-шағымдар үш айда – 20, отбасылық тұрмыстық саладағы қылмыстар 16 пайызға азайды.
– Бірақ арыздың азаюы жәбірленушілердің әпербақанға тәуелділігінен туындап тұрған жоқ па? Мәселен, бұрынғыдай арыздан бас тарта алмасын, татуласу болмайтынын түсінген соң осындай қадамға да баруы мүмкін емес пе?
– Қоғамда арызды қайтарып ала алмайтындарын біліп, арыз жазуды қойған шығар деген пікір айтылып жатыр. Бірақ бізге хабарласатын жәбірленушілердің айтқанына қарасақ, барлығы жанжалдың үстінде хабарласқан. Яғни осындай арыз-шағымдардың 90 пайызында жанжалдың шарықтау шегіне жеткен тұсында қоңырау шалғандығын көрсетеді. Мұндай уақытта жәбірленушінің басында айналадағы адамдардың пікірі маңызды болмайды. Бұрын ашу- ыза үстінде хабарласып, кейін арыз беруден бас тартқандардың 60 пайызы өз райынан қайтатын. Қазіргі заңға сәйкес арыз түскен бойда әкімшілік іс қозғалады. Бұл адамдардың құқықтық санасы оянғанын көрсетті деп айтуға толық негіз бар. Бұған дейін жәбірленушілердің арызымен іс қозғалып, сотқа жеткенде де жәбірленуші мен айыпталушыны бір рет емес, бірнеше рет келсе де татуласа беретін. Қазір адамдар татуласуға болмайтынына көзі жетті. Соның арқасында қайталау фактілері 37 пайызға азайды. Себебі қазіргі заң әпербақан мен жәбірленушінің сотта ғана бір рет татуласуына мүмкіндік беріп отыр.
– Былтыр қабылданған бұл өзгерістер кейінгі қол қойған жаңа құжатқа сәйкес өзгеріске ұшырай ма? Әлде бұл қосымша жұмыс істей бере ме?
– Қазір тұрмыстық салада отбасының бір мүшесіне қол көтеріп, денесіне зақым келтірмесе де, дауыс көтеріп, тұрмыстық заттарды сындырғаны, балағаттап, ар-намысына тигені үшін де әкімшілік іс қозғалады. Сондай-ақ қорғау нұсқамасының талаптарын бұзу, ерекше талапты бұзу деген баптар да Әкімшілік кодексте қалды. Ал «денеге жеңіл-желпі зақым келтіру», «ұрып-соғу» баптарын Қылмыстық кодекске көшірдік. Бірақ бұл баптарды қылмыстық іске көшіргенде алдыңғы тәжірибеде кеткен олқылықтың барлығы ескерілді. Тиімсіз болған мәселелердің барлығы қайталанбайтындай етіп өзгертілді. Яғни бұрынғыдай емес, қылмыстық істердің жеңіл санатына жатса да, жариялылық түрде қозғалатын болады. Демек ешкімнің арызынсыз полиция ауыр қылмыс ретінде іс қозғап, өзі тексеріп, тергеп сотқа жібере алады. Үйқамақтардың да саны көбейді. Айыппұлдан бөлек, қоғамдық жұмыстар қарастырылған. Мысалы, егер 200 АЕК айыппұл салынса, оның баламасы 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады. Сот агрессордың отбасылық жағдайын ескеріп, қоғамдық жұмысқа жегуге шешім шығара алады. Сондай-ақ оның ішінде түзеу жұмыстары да бар. Ең маңыздысы, екі бап бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді. ӘҚБтК бойынша бұрын қайталаған жағдайда агрессорды 25 тәулікке ғана қамай алатын болсақ, енді денсаулығына жеңіл жарақат келтіргені үшін екі жылға дейін бостандығы шектеледі.
Тағы бір мәселе. Қылмыстық істің аясында «98-3» деген жаңа бап енгізілді. Бұл баппен тек денсаулыққа жеңіл жарақат салу мен ұрып-соғу емес, орташа ауырлықтағы, ауыр зиян келтіру болсын, барлық отбасылық тұрмыстық саладағы қылмыстық істің аясында сотқа ерекше талап енгізу туралы ұсыныс бере аламыз. Агрессор-бұзықтарға профилактикалық жұмыс жүргізуге құқық алдық. Ең маңыздысы, «Ұрып-соғу» бабымен қозғалатын істерде сот-медициналық сараптаманың қорытындысы керек емес. Жәбірленуші айтса, сол да жеткілікті. Демек бұл өзгеріс ешкім ешкімнің өміріне қол салуға, ар-намысына тиісуге болмайтынын көрсетеді. Тоқетерін айтқанда, қылмысқа нөлдік төзімділік таныту керек дегенді білдіреді.
– Өзін-өзі қорғау үшін күйеуін өлтіріп алған әйелдер ұзақ мерзімге, ал соңынан аңдып жүріп әйелін өлтірген күйеуіне аз жаза тағайындалған жағдайлар да бар. Бұған не дейсіз?
– Әкімшілік және қылмыстық іс бойынша соңғы құқықтық бағаны сот береді. Қылмыскер мен құқық бұзушыны да «кінәлі» деп танитын сот. Әрбір сот заңның аясында жазаны өзі тағайындайды. Ал заңда «абайсыздықта қорғану үшін», «абайсыздықта өлімге әкеліп соққаны үшін» деген баптар бөлек, «кісі өлтіру», «ауыр зиян келтіріп өлімге әкеліп соқтыру» деген әртүрлі бап бар. Соған сәйкес шешім шығарылады. Қорғау үшін қылмыс жасаған болса, олардың жазалары кісі өлтіруге қарағанда төмен. Күйеулерін 15-20 жыл зорлық-зомбылықтың шекарасынан шығып, әбден шегіне жетіп, басқа шарасы болмағандықтан аса қатыгездікпен өлтірген оқиғалар да болды. Оларға «қасақана өлтіру» деген баппен іс қозғалады.
Кейінгі он жылдың ортақ есебіне сүйенсек, жылына отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында 80 әйел қайтыс болған. Оның барлығы күйеуінің қолынан қаза таппаған. Отбасының басқа да мүшелері, мысалы, шешесі мен қызы, ағасы мен қарындасы, әкесі мен баласының арасындағы қайғылы оқиғалар бар. Былтыр 69 әйел қаза тапқан. Оның ішінде 12 іс кісі өлтіру, «қалғаны өлімге әкеліп соққаны үшін» деген баппен қозғалған. Сондай-ақ жаңа заңда кәмелетке толмағандарға байланысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға татуласуды мүлде алып тастады. Он сегіз жасқа толуға бір күн қалса да татуласа алмайды. Ал жас балаларды өлтіргендер мен зорлық көрсеткендер өмір бойына сотталады. Себебі қоғам осындай жазаны сұрады. Қылмыскер тиісті жазасын алуы керек.
– Бізде әйелін аңдып жүріп қасақана өлтірген еркекке 1,5 жыл берген оқиға да болды ғой?
– Әрине, бұл да қасақана кісі өлтіруге жатады. Бірақ бұл жерде де шешімді біз емес, сот шешетінін ұмытпау керек. Полиция тек қылмыстық істі қозғап, дәлелдедемелерін жинап береді.
– Осы тұста тергеуші тапшылығы мәселесі қалай шешімін табады?
– Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында әйелдерді қорғау бөлінісі республика бойынша 256 ғана болған. Қазір бұл санды мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Осы жылдың бірінші жартысына дейін жеке мамандандырылған тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі бөлімше құрылады. Мысалы, полиция департаменттерінде бір ғана аға инспектор болса, енді бөлімше ашылып, осы салаға қатысты арнайы жұмыс істейтін бес-алты адам болады. Олар тек тікелей тұрмыстық-зомбылықтың алдын алу, қылмысқа қарсы күрес жүргізумен айналысады.
– Қылмысқа қылбырау салған дұрыс. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылыққа не түрткі болады?
– Себебі көп. Біздің алдымызға келген бүкіл қылмыстық істерге талдау жасалады. Жалпы қылмыстың 65-70 пайызы адамның мас күйінде жасалады. Биыл үш айда жәбірленушілерден 21 мың арыз-шағым түскен. Ал полицияның өзі 17 мың фактіні анықтады, соның ішінде 30 мыңға жуық қорғау нұсқамасы шығарылды. Олардың барлығына сараптама жасаған жоқпыз. Алайда осы үш айда біздің алдымызға түскен 199 отбасылық тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстық істерге сараптама жасадық. Әрбір қылмыстық іске сараптама жасағанда оқиғаның жасалу себебін анықтаймыз. Бірінші себеп – ішімдік. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 50-60 пайызы мас күйінде жасалады екен. Ал ішімдік ішуге әлеуметтік-экономикалық жағдай себеп болады. Бірақ «біреу тойып секіреді, біреуі тоңып секіреді» демекші, қазір әлеуметтік жағдайы бола тұра ішімдік ішудің салдарынан болатын оқиғалар да тіркеледі. Яғни құқық бұзушының психикалық ауытқушылығы десе болады Қылмыстың 10 пайызына лудомания салдарынан жасалады. Сондай-ақ туыстардың кірісуінен – 5, ерлі-зайыптылар арасындағы көзге шөп салу оқиғалары – 5 пайызды құраса, ажырасқаннан кейін мүлікті бөлісуге байланысты қылмыс саны 1-2 пайызға жеткен.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жадыра МҮСІЛІМ,
«Egemen Qazaqstan»