Аймақтар • 19 Сәуір, 2024

Киелі мекенге көшет отырғызылды

87 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Киелі мекен» акциясы аясында 250 адам Ұлан ауданындағы Ақбауыр археологиялық кешенінің айналасын тазартып, көшеттер отырғызды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Киелі мекенге көшет отырғызылды

 Экологиялық шараны Ұлан ауданы әкімдігі мен ШҚО Журналистер одағы филиалы ұйымдастырды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде облыстың қалаларында, аудандары мен ауылдарында абаттандыру, көгалдандыру, тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тарихи ескерткіштерді қорғау күнінде және «киелі мекен» апталығында Қоржынбай тауының бөктеріндегі Ақбауыр археологиялық кешені мен Бестерек өлкетану музейінің маңы тазартылды, көшет егілді.

«Бүгін тарихи маңызы зор «Ақбауыр» кешенінің аумағы тазаланды. Экологиялық акция аясында кешен аумағына 50 түп көшет, Бестерек ауылындағы музей аумағына 30 түп көшет отырғызылды. Сондай-ақ, қатысушыларға арнап Ұлан ауданының мәдениет қызметкерлерінің дайындаған мерекелік концерті қойылып, ас берілді», дейді Ұлан ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Оралбек.

Айтқандай, бұл іске журналистер қауымы да белсене қатысқан. Олар кешеннің кіреберісінен төрге қарай қоршауды жағалай Батыс Алтайдың жасыл шыршасын екті.

«Неге екенін қайдам, осындай киелі жерлер жиі ластанады. Туристердің дені демалу мәдениетін білмей ме, шашып кетеді. Сондықтан, осындай шараларды жиі әрі кең көлемде ұйымдастырса, біреу болмаса, біреуі ойланар еді. Қаламыз да, даламыз да ластанбас еді. Бүгін біз ШҚО Журналистер одағы филиалының шақыртуымен сенбілікке келдік. Көшет отырғыздық, айналаны тазаладық», дейді облыстық «Менің өлкем» газетінің тілшісі Валентина Свирденко.

Ұлан ауданында ұйымдастырылған «Киелі мекен» акциясы өте жоғары деңгейде өтті.