Медицина • 20 Сәуір, 2024

Медицина саласының маңызды шарасы

119 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Скринингтік тексеру – халық денсаулығын нығайтудың басты кепілі. Сондықтан Шымкентте тұрғындар жас ерекшелігіне сай скринингтік тексеруден шет қалмайды.

Медицина саласының маңызды шарасы

Қалалық денсаулық сақ­тау бас­қармасы бас­шы­сының орын­­­басары Бақытжан Абдул­лаев­тың айтуын­ша, бұл меди­ци­налық іс-шара­ның басты мақ­са­ты – адамдардың ара­­сында клини­калық а­уру бел­гі­­лерін ерте анықтау. Сол арқы­лы дер кезінде ем көрсетіп, дерт­тің асқынып кетпеуінің алдын алу. Мемлекет тарапынан жүзеге асырылатын аталған меди­ци­на­лық талдау барлық емдеу меке­месінде міндетті шара болып табылады.

«Науқастардың ауру белгісі уақытында анықталса, оны асқын­дырып алмай ерте емдеу де со­ғұрлым жеңіл өтеді. Ауру ерте сатысында анықталса, оның өршіп кетуіне тосқауыл қойылады. Мәселен, онкологиялық ауру­ларды дер кезінде анықтау арқылы науқастың өмірін сақ­тап қалуға мүмкіндік туады. Әкім­діктің халықты скринингтік тексеру талабы мен Денсаулық сақтау министрлігінің № 174 бұйрығына сәйкес медициналық талдаудың барлық ереже, нормалары бекітіліп, сол бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Тұрғындарды өз денсаулығын ойлап, тексеруден өтуге шақыратын бейнероликтер тұрақты түрде әлеу­меттік желіде жарияланып ке­ле­ді. Скрининг 8 негізгі по­тологияны анық­тау үшін жүргізіледі. Оған жүрек-қан тамыры аурулары, глаукома, қант диабеті, жатыр мойны, сүт безі, тоқішек обыры, сонымен қатар В,С гепатиттері кіреді. Биылғы 3 айдағы қысқаша статистикалық мәліметтерге тоқталсақ, жүрек-қан тамырлары ауруы бойынша тексеруге жататын 99136 адамның ішінен 31291 адам сынамадан өткен. Осы азаматтардың 7,3%-ынан немесе 2291 адамнан дерт белгілері ерте анықталды. Қант диабетіне қарсы тексерілуге міндеттелген жүз мыңға жуық азаматтың 33651-інен медициналық талдамалар алынды. Нәтижесінде, 287 адамның сынамасынан қант диабеті ауруының белгілері табылды. Глаукома кеселіне скринингтен өтуге тиіс жүз мыңдай азаматтың 30 мыңнан астамы сынама тапсырып, 98 адамнан осы дерттің белгісі көрінген. Сүт безі обырынан талдаудан өтуге міндетті 42745 адамның 19161-і денсаулықтарын осы ауруға қарсы тексертіп, 600 адамнан сүт безі ісігі анықталған. Жатыр мойны обырына тексерілуге жататын 38131 адамның 15528-і скрининг тапсырып, 187-сінің осы кеселге ұшырағаны белгілі болған. Сондай-ақ тоқішегі обырының бар-жоқтығын анықтауға тиісті 49173 азаматтың 18411-і тексеруден өтіп, олардың 33-інен осы дерт табылған. В гепатитіне қарсы скринингтік тексерілуге міндетті 22599 адамның 6 мыңнан астамына медициналық талдамалар жүргізіліп, 23 адамның сынамасы оң нәтиже көрсеткен. С гепатиті бойынша да 21969 азаматтың ішінен 6 мыңнан астамы дертке қарсы тексеріліп, 10 адамда осы аурудың бары белгілі болды», деді Б.Абдуллаев.

Өз кезегінде қалалық онко­ло­гиялық орталықтың бас дәрі­гері Жақсылық Мәуленов қатерлі ісіктің 3 бағыты бойынша скирингтік зерттеулердің нәтижесі жөнінде баяндап өтті. Маманның айтуынша онкологиялық орталықта бүгінгі таңда 7696 науқас диспансерлік есепке тіркелген. 2022 жылы 1357 адамнан қатерлі ісік анықталса, 2023 жылы 1506 науқастан онкология белгілері табылған. Мегаполистегі 58 емханада скринингтен өткен бұл науқас азаматтар бүгінде диспансерлік есепке алынып, тиісті ем-шара­сын қабылдап жатыр. Аурушаңдыққа келсек, 100 мың халыққа шаққанда қатерлі дерт анықталған науқастар саны 124 адамды құрап отыр. Дәрігердің мәлімдеуінше, онкологияның ең көп тараған 5 түрі болса, соның ішінде қатерлі сүт безі обыры бірінші орында. Екінші таралған дерт – өкпе обыры, содан кейін тоқішектің қатерлі ісігі жүреді, төртіншісі асқазан обыры болса, бесіншісі – скринингтік бақылауға кіретін жатыр мойны­ның қатерлі ісігі.

«Үш скрининг түріне келсек, жатыр мойны обырын тексеру әр төрт жыл сайын жүргізіледі. Оған 30–70 жас аралығындағы әйел азаматтар кіреді. Екіншісі – сүт безінің қатерлі ісігі. Бұл ауруға қарсы әйел адамдар әр екі жыл сайын тексеруден өтіп отыруға тиіс. Оның жас шамасы 40–70 жасты құрайды. Және соңғысы тоқішек обыры. 50 мен 70 жас аралығындағы азаматтар осы дерт бойынша скринингтік тексеруден өтіп отыруы шарт. Скринингтің бір пайдасы жергілікті жердегі емханада тексерілген азаматтардан қатерлі ісіктің І,ІІ сатысын ерте бастан анықтауға мүмкіндік туады. Жоғарыда аталған онкологиялық аурудың 3 түрі де, өкінішке қарай, бастапқы сатысында ешқандай белгі бермей өтеді. Сондықтан оларды дер кезінде анықтау үшін осындай скринингтер жасалады. Егер науқастардың қатерлі ісігі І немесе ІІ сатысында анықталса, олардың жазылып кету мүмкіндігі 90–95%-ды құрайды. Яғни науқастардың толыққанды жазылып шығуына толық мүмкіндігі бар. Сонымен бірге бастапқы сатысында та­был­ған ауруды емдеу де мем­лекетке өте арзанға түседі. Егер азамат скринингтен өтпей, дер­тін асқындырып келсе, ол біріншіден науқастың өзіне ауыр болады, екіншіден мемлекетке де зор салмақ түсіреді», деді Ж.Мәуленов.

Айта кету керек, бүгінгі таңда тұрғындар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы емханаларда тегін скри­нингтік тексеруден өте алады. Осы ретте мамандар егер азаматтар тиісті уақытында скринингтен өте алмаса, бұл меди­циналық тексеру шарасына келесі жылы да қатыса алатынын жеткізді. Басқарма басшысының орынбасары Б.Абдуллаевтың айтуынша, мегаполисте 1 млн 226 мың тұр­ғын­ның 500 мыңнан астамы мемлекет тарапынан сақ­тан­дырылған. Жұмысқа жарамды, экономикалық белсенді 214 мың азамат сақ­тан­­­дырылмаған. Қазіргі таңда олар­ды анықтау, міндетті әлеу­мет­тік медициналық сақ­тан­дыру жүйесінің артық­шы­лық­­­тарын түсіндіру бойынша жер­гі­лікті әкімдік тарапынан тиісті жұ­мыс­тар жүргізіп жатыр. Өйткені мем­лекет үшін бәрінен бұрын халықтың денсаулығы қымбат.

 

ШЫМКЕНТ