Медицина • 21 Сәуір, 2024

Қазақстанда шала туған нәрестелердің өлім-жітімі үш есеге азайды

176 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен UNICEF деректеріне көз жүгіртсек, ел тәуелсіздігінің елең-алаңында неонаталдық өлім-жітім көрсеткіші 23 промилле болса, демек бұл әрбір мың нәрестенің бесеуі бір айға да жетпей шетінеген дегенді білдіреді. Қазір жағдай әлдеқайда жақсарған, мәселен 2022 жылғы нәрестелердің өлім-жітімі 5 промилледен төмен болған, яғни бұл Еуропалық одақтағы елдердің көрсеткішіне өте жуық және Орталық Азия елдері арасындағы ең жақсы көрсеткіш.

Қазақстанда шала туған нәрестелердің өлім-жітімі үш есеге азайды

Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас неонатологы әрі Қазақстан акушер-гинекологтары мен неонатологтары конгресінің президенті Бектұрған Карин елдегі нәрестелер өлім-жітімінің едәуір азаюы – бұл жаңа туған, әсіресе шала туған сәбилерге көрсетілетін кешенді көмектің жақсаруының арқасында екендігін айтады.

«Перинаталдық орталықтар мен перзентханалардың мыңдаған дәрігерлері мен медбикелерін біріктіретін еліміздің неонаталдық қызметінің негізгі мақсаты – медициналық көмектің сапасын ұдайы жетілдіру. Ал сапа бірінші кезекте дәрігерлердің де, орта медициналық қызметкерлердің де біліміне, тәжірибесі мен машықтарына тәуелді. Екінші орынға перинаталдық орталықтардың ең озық әлемдік технологияларға, жаңа туған нәрестелерге күтім жасау тәжірибелері мен әдістеріне жауап беретін медициналық жабдықтармен жабдықталуын сенімді түрде қоюға болады. Осы бастамада бізге AYALA қайырымдылық қоры көптен бері көмектесіп келеді. Бұл – елімізде 17 жылдан бері неонатология мен перинатологияға маманданған жалғыз ұйым. Барлық сұраныстарымыз бен проблемаларымызды жақсы біледі, сондықтан әрқашан жабдықтар мен оқыту түрінде нақты көмектесіп келеді», дейді штаттан тыс бас неонатолог.

Сонымен 2007 жылдан бері AYALA қайырымдылық қоры Қазақстан бойынша 2,3 миллиард теңгеден астам сомаға 67 медициналық мекемені жарақтандырған екен. Бектұрған Кариннің айтуынша, қор жобаларының арқасында еліміздің бірқатар перинаталдық орталықтары алғаш рет өз реанимацияларына CPAP аппараттарын, шала туған нәрестелерге арналған инкубаторлар, автоматты гипотермия аппараттарын, ретинопатияны диагностикалау мен емдеуге арналған ретиналды камералар мен лазерлерді сатып алған.

«Мемлекет түрлі себептерге байланысты барлық мекемелерді бірден заманауи жабдықтармен қамтамасыз ете алмайтындықтан, аталған қайырымдылық қоры мен Денсаулық сақтау министрлігінің өзара іс-қимылы неонаталдық қызметтегі өткір проблемаларды барынша жедел әрі тиімді шешуге көмектесіп отыр», дейді сарапшы.

Сол сияқты «Шеврон» компаниясының қолдауымен үш жыл ішінде облыстық перинаталдық орталықтардың барлық реанимацияларын арнайы инкубаторлармен, тыныс алу аппараттарымен жарақтандыруға қол жеткізілсе, осының арқасында елімізде бір айлық нәрестелердің өлім-жітімі үш есеге азайған.

«Осылайша AYALA қайырымдылық қоры мен оның ірі серіктес компанияларының ынтымақтастығы Қазақстанның балалар денсаулық сақтау саласындағы бірқатар проблемаларды қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік берді. Мұндай серіктестік болмаса, оған әлі талай жыл кетер еді деп сеніммен айта аламын. Мәселен, шала туған нәрестелердің ретинопатиясын мысалға келтірейін: 2,5 жыл ішінде қор ел ауқымында шала туған нәрестелердің зағиптығын нөлге дейін түсіруге көмектесті. Осы жобаның арқасында, неонатологиядағы басқа да жобалар үшін де мемлекет бюджетінің жүздеген миллион теңге қаражаты үнемделді. Мысалы, 300-ден астам бірлік медициналық техника: өкпені жасанды желдету аппараттары, инкубаторлар, реанимациялық үстелдер, феталдық мониторлар, шприцтік және инфузиялық сорғылар, фототерапия аппараттары, оттегі концентраторлары, электрлік сорғыштар, гипотермия аппараты, ЭЭГ монтиторингі аппараты, офтальмоскоптар, ретиналды камера, сарапшылық сыныпты УДЗ-аппарат, биохимиялық талдағыш және микроскоп – осының бәрі AYALA қорының серіктесі «Шеврон» компаниясының қолдауымен сатып алынды, мемлекеттік медициналық мекемелерге берілді және күн сайын балалардың өмірі мен денсаулығын табысты сақтап қалады», дейді Бектұрған Карин.

Сарапшының пікірінше, медициналық қызметтің сапасын арттыруда неонатологтардың, перинаталдық орталықтар мен перзентханалардың орта медициналық қызметкерлерінің де үздіксіз кәсіби оқытудан өтуі өте маңызды.

– «AYALA онлайн академиясы» бейне-курстары бар платформа – өзінің тұрақты кәсіби дамуына мүдделі барлық дәрігерлер мен медбикелер үшін тамаша құрал. Жетекші практиктердің курстарын кез келген жерден көруге болады. 15 жыл ішінде «Шевронның» белсенді қатысуының арқасында отандық және шетелдік мамандарды тарта отырып, ондаған тегін офлайн тренингтер, семинарлар мен конференциялар өткізілді. Бұл біздің жүздеген әріптестерімізге кәсіби тұрғыда серпіліс әкелді, – дейді штаттан тыс бас неонатолог.

Қазіргі таңда Қазақстанның неонаталдық реанимациялары заманауи шетелдік жабдықтарды пайдаланып отырғандықтан, онымен дәрігерлер ғана емес, орта медициналық персонал да дұрыс жұмыс істей білуі тиіс.

«Неонаталдық қызметті дамытуда еліміздегі сәбилердің өлім-жітімі көрсеткішін одан әрі төмендету үшін неонаталдық мейірбикелердің кәсіби құзыреттерін жетілдірумен айналысу өте маңызды. Сондықтан біз әр сәрсенбі сайын білім беру курстарын онлайн форматта өткіземіз. Бұл үшін медбикелердің өздері қызықтыратын тақырыптарды дайындайды. Өткен жылы AYALA қорының, «Шеврон» компаниясының және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен алғаш рет Халықаралық неонаталдық медбикелер форумы өтіп, нәтижесі тамаша болды: кәсіби қауымдастық құрылды, біздің тәжірибеміз көрші Қырғызстанда қолдау тапты. Оған Орталық Азияның басқа да елдері мүдделі», дейді спикер.

Қазақстан Республикасындағы неонаталдық қызметтің даму деңгейі мен сапасын біздің мамандарымыздан өзге елдердегі әріптестері көмек пен кеңес сұрап, дәрігерлерімізді шетелдегі семинарлар мен конференцияларға шақырып жатқандығы айғақтайды.

«Тәжікстан мен Ресейлік неонатологтар неонаталдық өлім-жітімнің құпия аудиті бойынша онлайн-отырыстарға қатысты. Біз бұл талқылауларды дәрігерлер қауымдастығында ерте сәби өлім-жітімін қала мен медициналық мекемеге байланыстырмай, мұқият жасырын талдау жасау үшін жүргіземіз. Мұндай тәсіл практикада оқытудан басқа, дәрігерлерге өздерінің кәсіби қабілеттерін, баланы бақылау тактикасы мен диагностиканы, емдеу ісін жетілдіруге мүмкіндік береді. Апта сайынғы талқылауларға жас дәрігерлермен бірге, 50-100 шақты маман қатысады. Біз осынау кездесулерді өткізуде қаржылық демеу көрсетіп отырған AYALA қорына алғыс айтамыз», дейді Бектұрған Карин.

Сондай-ақ қордың қолдауымен Қазақстанда апта сайын неонатолог дәрігерлер әлемнің жетекші медициналық басылымдарында ағылшын тілінде жарияланған ғылыми мақалаларға талдау жүргізіледі. Неонатологтардың «Журнал клубының» отырыстарына 5 елдің дәрігерлері қатысады.

«Барлық неонатолог дәрігерлердің алдында тұрған басты мақсат, әрине, жаңа туған балаларға көмек көрсету сапасын жақсарту екендігі аян. Оған мамандардың тұрақты дамуынсыз, перинаталдық орталықтарды озық жабдықтармен жарақтандырмай қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан «Шеврон» компаниясының AYALA қайырымдылық қорының неонатология және перинатология саласындағы жобаларына белсенді қатысуы еліміз үшін маңызды көрсеткішті – нәресте өлімін төмендетуге көмектеседі», дейді Бектұрған Карин.