Қоғам • 22 Сәуір, 2024

TikTok-та заңсыз ойын ұйымдастырғандарды қатаң жазалау ұсынылды

133 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі талқыланды. Соның ішінде TikTok әлеуметтік желісінде заңсыз ойын ұйымдастырып, тікелей көрсетілім ұйымдастырушылардың әрекетін шектеу мәселесі талқыланды, деп жазады Egemen.kz.

TikTok-та заңсыз ойын ұйымдастырғандарды қатаң жазалау ұсынылды

Фото: quantpro.ru

Ойын бизнесіне қатысты заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова билік TikTok желісінде құмар ойындардың заңсыз онлайн трансляциясы мәселесін қалай шешіп жатқанын сұрады.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов ведомство бұл мәселені шешуге кірісіп кеткенін айтты. Министрлік TikTok компаниясымен тағыз байланыс орнатқан.

«Біздің азаматтар, өкінішке қарай, ақшаны оңай табатын алгоритмдерге жиі түсіп жатады. Ондай сілтемелер  күн сайын жасалады, біз бір күн ішінде шамамен 150 сілтемені жоямыз. Сондай-ақ заңсыз контенттің басым бөлігі шетелде жасалатынын ескеру қажет, осындай заңсыздыққа баратын алаяқтарды қолға түсіру өте қиын», деді Қанат Ысқақов.

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Алдажұманов заңсыз ойын бизнесін тікелей эфирде көрсететін интернет-ресурстар үнемі бақыланатынын айтты.

«Комитеттің техникалық мүмкіндіктері аталған ресурстарды бұғаттау, жабу үшін пайдаланып жатыр», деді Ерлан Алдажұманов.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев әлеуметтік желіде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыратын TikTok қолданушыларының парақшаларын бұғаттап, бас бостандығын шектеп, ірі мөлшерде айыппұл салуды ұсынды.