Өндіріс • 23 Сәуір, 2024

«Saf loria» майы – сапалы өнім

134 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірге инвестор тарту­ға жергілікті билік мейлін­ше ықы­ласты. Өйткені облыс­қа әлеуетті инвес­тор келсе, тұрақты жұ­мыс орны да көбейеді. Сөй­тіп, жергілікті тұр­ғын­дарды жұмыспен қамту­дың мүмкіндігі молая­ды. Облыс басшысынан бастап салаға жауапты мамандар бүгінде шетелдік инвесторларды тартуға күш салып жатыр.

«Saf loria» майы – сапалы өнім

Әлбетте кез келген инвестор шаруашылық жүргізуге оңтайлы болуы үшін шикізат қоры мен тасымал ісі, кәсіпорын орна­ласатын жердің инфрақұрылы­мы үшін ыңғайлы жер іздейді. Өйткені инвестор белгілі бір мерзімдегі перспективада табыс табуды көздейді. Бұл тұрғыдан алғанда тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданы – қолайлы аймақ.

Аудан іргесіндегі Бірлік ауылдық округіне ат басын бұр­ған ирандық инвестор бір­не­ше жыл бедерінде жемісті жұ­мыс атқарып жүр. «KazIrAgro» ЖШС өндіретін мақсары майы негізінен экспортқа бағдар­ланған. Серіктестік кейінгі жылдары аталған өнімді өңір брендіне айналдырған. Жүзеге асырылған жобаның жалпы құны 3 миллион долларды құрайды. Кәсіпорында жетпіске жетеқабыл адам еңбек етеді. Оның жартысынан көбі – жергілікті азаматтар. Өндіріс ошағы толық қуатында жұмыс істеген жағдайда тәулігіне 3 тонна мақсары майын өндіруге қауқарлы.

Серіктестік басшылары бір­қатар Еуропа елімен тығыз қа­рым-қатынас орнат­қан. Мәселен, Алинагиян Хамидрезаның иелігіндегі кәсіпорын «Safloria» атауымен шығатын өнімді бұған дейін Қытай, Ресей, Нидерланд, Чехия елдеріне экспорттап келген. Қайбір жылы Жапония елінің азаматтары да Қазақстанда өндірілетін майды сатып алу бо­йынша келісімге келіпті.

«Расында серіктестік өндіре­тін «Safloria» майына деген сұра­ныстың артып жатқаны көңіл қуантады. Ирандық инвестор­дың келуімен жанданған жұмыс бүгінде лайықты түрде жалғасып жатыр. Мәселен, 2018 жылы өндірілген өнім көлемі 991,7 мың тоннаны құраса, 2019 жылы 1419,73 тоннаға жеткен. Осылайша, өндірілген май көлемі жыл са­йын артып отырған. Жұ­мыс барысында кездескен кейбір кедергілер жергілікті атқарушы биліктің араласуымен дер кезінде шешімін тауып жатыр. Шу ауданы аумағында өндірілген мақсары майын Еуропа мен Азияның біраз елі тұтынады», дейді Шу ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жеңіс Нұрғалиев.

Маманның дерегіне жүгінсек, 2020 жылы «KazIrAgro» өнімі Чехия, Жапо­ния, Қытай, Өзбекстан секілді төрт мемлекетке жөнелтіліпті. Өткен жылы 360 тонна мақсары майы Қытай, Өзбекстан, Гер­мания мемле­кеттеріне экспорт­талған.

«Жұмысшылардың орташа жалақысы 170 мың теңгені құ­рап отыр. Компанияның қуа­ты күніне 9,6 тонна өнім өн­діру­ге жетеді. Серіктестік басшылары өткен жылы 1 200 гектар аумақ­қа мақсары дақылын еккен. «Safloria» майының өңір бренді­не айнал­ғанын ауыз толтырып айта ала­мыз.  Өңірге келген әрбір әле­ует­ті инвестор жергілікті ха­лық­ты жұ­мыс­пен қамтуға атса­лысады. Бұл бағыттағы жұмыс­тар алда­ғы уа­қытта да жалғасады», дейді Ж. Нұрғалиев.

 

Жамбыл облысы,

Шу ауданы