Су тасқыны • 23 Сәуір, 2024

Жылылық орнай бастады

93 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кейінгі екі күнде Солтүстік Қазақстанда ауа температурасы 25 градусқа дейін жылынды. «Қазгидромет» 20-26 сәуір аралығында еліміздің барлық өңірінде тұрақсыз ауа райы сақталып, кей жерлерде соңы қарға ұласатын жаңбыр жауады деген еді. Солтүстікте ондай жағдай байқалмайды.

Жылылық орнай бастады

Өңірде тасқын сумен әлек бол­ған халықтың алаңы басылып келеді. Соң­­­ғы есепке қарағанда, облыс бо­йынша барлығы 3 419 үй­ді су басқан, соның 3 223-інде әлі су тұр. Қалғандарының маңы құрғап, иелері үйіне кіре бас­тады. Аулалардағы қазан-шұң­қырларға, ойпат жерлерге тұрып қалған су сорғылармен құрғатылып, сыртқа айдалып жатыр. ТЖД хабарлауынша, бүгінге дейін эвакуацияланған 14 388 адамның 800-дейі үйіне оралды. Облыста ашылған бар­лық 242 эвакуациялық бе­кеттің Петропавл қаласында – 5-еуі, Қызылжар ауданында 8-і әлі жұмыс істеп тұр. Оларды па­на­ла­ған 906 адам қажетті дү­ние­лермен толық қамтамасыз етілген. ТЖД тасқынның әрекеті түпкілікті жойылғанша сақ болуды айтып, халыққа ескертіп жүр.

Өткен сенбіде Петропавлды сумен қамтамасыз етіп тұрған Пестрое көлінде суға батпайтын құрылғыға қондырылған жаңа сорғы стансасы орнатылды. «Бұл сорғы облыс орталығын сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін керек. Көлдің суы шеткергі аймақта азая бастаса, мына сорғыны көлдің ортасына апарып, сол жерден су соруға болады», деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Айта кететін жайт, қалаға Есіл­ден су беретін «Қызылжар су» ЖШС сорғы стансасы тасқынның әлегімен қирағаннан бері қалаға су осы Пестрое көлінен тартылып жатыр.

«Біз күн сайын және сағат сайын ротавирустар, сібір жарасы, тырысқақ, паразитологиялық зерт­теулерге өндірістік бақы­лау аясында сынама алып, виру­со­логиялық және радио­ло­гия­лық көрсеткіштерге, сани­тар­лық-химиялық зерттеулер – орга­но­лептикаға, РН хлоридтерге, қалдық хлорға зерттеу жүргізіп, алюминий, нитрат, нитриттің болуын тексереміз. Су сынамалары санитарлық-хи­миялық және бактерио­логиялық көрсет­кіштерге, гигие­на­­лық нормативтердің талаптарына сәйкес келеді», деді Пет­ропавл қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бас­­қар­масының басшысы Галина Шарипова.

Алайда көлдің суы қанша тазартылып берілсе де, ішуге жарамайды. Тіпті ыдыстарды жуғаннан кейін оларды таза сумен шаю керегі ескертілген. Тұрғындар ауызсуды қазір дүкендерден сатып алып ішеді. Әй­теуір, 5 литрлік тетрапакеттермен сатылатын су жеткілікті, барлық дүкенде ешқандай талассыз, емін-еркін алуға болады. Жан-жақтан жеткізілген қайырымдылық көмектермен келген су қызылжарлықтарды әзірге толық қамтамасыз етіп тұр. Ал мектептегі оқу онлайн режімге ауыстырылған. Өйткені қазіргідей жылы күндерде үзі­ліс­те жүгіріп, шөлдеген балалар шыдамай, құбырдың шү­ме­гінен су ішсе, жаппай ауы­рып қалуы мүмкін ғой. Тіпті эпи­де­миялық аурулар да шығып кетуі ғажап емес. Қалалық сани­тар­лық-эпидемиологиялық қыз­мет басшысының орынбасары Данияр Оспановтың айтуына қарағанда, бұл су тазартудың бар­лық кезеңінен өткенімен, кейбір көрсеткіштердің себебінен оны ішуге болады деп айтуға құқы жоқ екен.

«Біз 12 сәуірден бері судың 139 сынамасын алдық. Соның 83-і вирустардың барына теріс нәтиже көрсетті, ал 11-і оң нәтиже берді. Демек бұл су қолданылуға тиісті санитарлық-химиялық көрсеткіштерге сай емес», деді Д.Оспанов.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен алынған хабарға қарағанда, үйлері толық бұзылған қызылжарлықтарға мемлекет тарапынан тұрғын үй алудың екі түрлі баламасы ұсынылады. Ар­нау­­лы комиссия техникалық зерттеулер жасағаннан кейін бұзылған үйді әкімдік тапқан мердігер ұйымдары қалпына келтіріп береді. Ал өзім қалпына кел­тіремін деген адамдарға құ­рылыстың шығыны есептеліп, өтемақы беріледі. Қалпына кел­тіруге мүлде болмайды деп анық­талған үйлердің иелеріне жаңа үй салынады немесе жылжымайтын мүлік нарығынан қалаған үйді сатып алуға ақша бөлінеді. Бірақ бұл қаражаттың көлемі бекітілген типтік жобаның құнынан аспайды. Үйлері суда қалған тұрғындар қазір осы хабарды қызу талқылап жатыр.

Тасқынның суы біршама ерте құрғаған Тайынша ауданында бұзылған үйлердің шығынын анықтау жұмысына сараптау комиссиясы кірісіп те кетті. «Басқа аудан­­дарда және Петропавл қала­­­сында бұл жұмыстарды жүр­­гізуге әзірге мүмкіндік жоқ. Үй­лер әлі де суда тұр», дейді облыс­тық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант.

Сонымен бірге ол 19 сәуірге дейін солтүстікке 400 тоннадан аса қайырымдылық көмек заттары келгенін айтты. Ал бірреттік әлеуметтік көмек 1 092 отбасына аударылыпты. Бұған бюджеттің 403,2 млн теңге қаражаты кеткен.

Сенбі күні эвакуациялық бекеттерге қоныстанған бір топ адам М.Жұмабаев көше­сін­дегі студенттердің жаңа жатақ­ха­на­сына көшірілді. Бірнеше күн мектептердің спортзалдарында жатқан жандар жарқыраған жатақханаға кіргенде, қуанышын жасыра алмады. Мұнда ыстық су да, жуынатын, тамақ дайындайтын орын да бар. Ең бастысы, бәрі жап-жаңа, төсек-орындардың өзі қыры сынбаған күйінде. Осы жатақханаға орналасқандар тұр­ғын үй мәселесі толық шешіл­ген­ше осында болатынын естіп қуанып қалды.

Тасқынның екінші толқыны төмен болады деген хабар түс­кенімен, жағдай әлі де күр­делі. Бұл туралы жедел штабтың басшысы, ТЖД азамат­тық қорғаныс басқар­ма­сының бастығы, майор Кирилл Иванников журналистерге берген брифингте айтты.

«Өткен тәулікте Петропавл су торабының деңгейі 33 см-ге түсті, алайда дәл осы уақытта Сергеев су торабы 32 см-ге көтеріліп, бөгеттен асқан судың деңгейі 3 метр 48 см-ге жетті. Бұл 2017 жылғы 338 см-ден әлі де артық», деді К.Иванников.

Сондай-ақ ол қазір құтқару­шы­лар тасқынның бағытын анық­тау­ға жаңа мобильдік бекеттер қойып, өз күштерін дислокациялайтынын айтты. Дегенмен Петропавл мен Қызылжар ауда­нындағы су деңгейі үнемі түсіп, екінші толқын келгенде тас­қын­ның күші азаяды-мыс.

Бүгінде Солтүстік Қазақстанда Төтенше жағдай министрлігінің мыңнан аса қызметкері жұмыс істеп жатыр. Олардың 116 техникасы, 137 мотопомпасы, 39 жүзгіш құралдары бар. Екі тікұшақ қауіпті жағдайда ұшуға әзір. Сонымен қатар құтқару жұмыстарына жергілікті атқару органдарының 4 мыңнан аса адам күші, 750 техникасы, 900 су айдағыш құралдары, 87 жүз­гіш техникалары және Ұлт­тық ұланның бір тікұшағы жұ­мыл­ды­рылған.

Тасқын басталғаннан бері 5 мыңнан аса мал қауіпсіз жерге айдалды. Петропавл қаласының өзінде мал бағатын 3 қабылдау пункті ашылған. Қазір онда 470 тұяқ мал бар. Заречный кентінің тұрғыны Лариса Хизбулина 16 қойын қаланың Есілге қарсы бетінде орналасқан Шаховской аулына апарып, таныстарының қорасында сақтағанын айтады. «Осындайда қолұшын берген жандарға алғысым шексіз. Біздің маңайды түгел су басты ғой, мал қырылып қалар еді. Әйтеуір мына ауылдан құтқарушылар орын та­уып берді. Міне, енді, малыма жемшөп апара жатырмын», дейді ол.

Петропавлдың ветерина­р­лық қызметінің айтуына қара­ғанда, тасқын басталғаннан бері мал өлімі тіркелмеген.

Халық басына күн туып жат­қан­да, еріккен қаскүнемдер де тыншымайды. 27 жастағы бір әйел эвакуациялық бекет орналасқан бір мектептің мұғалімдерін қайы­рымдылық көмекпен келген заттарды тонап жатыр деген жалған ақпарат таратқан. Мектеп директоры полицияға жүгініп, жалақор дереу ұсталып, соттың шешімімен 36 920 теңгенің айыппұлын арқалады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы