Халық • 23 Сәуір, 2024

Маңғыстаудың алғаусыз көмегі

89 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Су тасқыны ел тұрғындарын әбігерге салды. Қиын сәтте Маңғыстау облысының тұрғындары көрші Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына жан-жақты көмек ұйымдастырды.

Маңғыстаудың алғаусыз көмегі

Алдымен Атырау облысына көрші Бейнеу ауданының жеке­леген азаматтарының және одан кейін басқа жігіт­тер­дің жиналып, Құлсары қаласына көмекке аттануы жалпыхалықтық сипат алды. Құлсарыдан шық­қан тұрғындарды күн-түн демей тегін тасып, Маң­ғыс­таудың барлық аудан-қаласына орналас­тырды, эвакуа­цияланғандар үшін әлеуметтік нысандардан арнайы орындар дайындалып, маңғыстаулықтар аяғынан тік тұра қызмет етті. Волонтерлер, облыс әкімдігінен арнайы ашылған қоғамдық көмек штабы, «Достық» үйі аясындағы өзге ұлт өкілдері, жалпы айтқанда, бүкіл халық азық-түлік, киім-кешек пен өзге де қажетті бұйымдарды әп-сәтте жинап, қиналып келген ағайынды құшағына басты. Қиын сәтте Маңғыстау облысы Атырау облысынан эвакуацияланған 27 мыңнан аса адамды қабылдады. Құлсарылықтарды жеке үйіне орналастырғандар да аз болған жоқ. Солардың бірі Бейнеу ауданына қарасты Боранқұл аулының тұрғыны, кәсіпкер, Бейнеу аудандық мәслихат депутаты Меруерт Омарова Құлсары қаласының 250 тұрғынын өз үйінде күтті.

– Бәріне төсек-орнын дайындап, керек-жарақтарын, ыстық тамақтарын үлестірдік. Мал сойып, 250 адамға жетерліктей тамақ әзірледік. Атыраулық келіншектер де қарап отырмай, бәрі бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұмыла кірісіп кетті. Жолдасым тірі кезінде өз қолымен, маңдай терімен соққан екі қабатты үш үй және бір жер үйге осы 250 адам бөлініп, орналас­ты, – дейді М.Омарова.

Қайырымды кәсіпкер тұрғын үйінен бөлек жеке қонақ­үйіне 100-ден аса адамды орналастырған.

Маңғыстаулық құтқарушылар да төтенше жағдай салдарын жою бойынша тек Атырау емес, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында құтқару жұмыстарына жұмылдырылды. Су тасқынымен күресу үшін Маңғыстау облысының ТЖД тарапынан 200 қызметкер, 19 бірлік техника, 28 мотопомпа, 7 жүзу құралынан тұратын 2 жерсеріктік байланыс жүйесі және 1 квадрокоптер жіберілді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жою жөнінде шаралар қабылдау үшін мемлекеттік материалдық резервтің материалдары броннан шыққан еді. Атырау облысынан эвакуацияланған тұрғындарға арналған көмек Маңғыстауға жеткізілді. Көмекті түсіріп алуға, тасып орналастыруға әскерилермен бірге еріктілер, белсенділер қатысты.

– Біздің өңірге, индустриалды парк аумағына теміржол арқылы бүгін 14 вагонға тиелген кереует пен төсек-орын жабдықтары жеткізілді. Маңғыстауда су тасқыны қаупі жоқ екені белгілі, керісінше, біз Атырау облысынан эвакуацияланған азаматтарды қабылдап жатырмыз. Олар­дың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік ма­териал­дық резервтің материалдары броннан шықты. Ол ма­териалдар эвакопункттер орналасқан қалалар мен аудан­дардың өтінімдері негізінде бөлініп жатыр, – деді Маң­ғыстау облысы Жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау басқармасы басшысының орынбасары Кенжебек Бекмағамбетов.

Гуманитарлық көмек ретінде «Azersun» өндірісінің және логистика орталығының аумағына 240 тоннадан аса азық-түлік тауарлары келді. Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Пікір Сансызбаевтың айтуынша, өңірге 4 тонна макарон, 12 тоннадан аса қарақұмық жармасы, 180 тоннадан аса ұн және т.б. азық-түлік жеткен.

– Маңғыстауда азық-түлік тауарларының тапшылығы бай­қалмайды. Осы қолданған шаралар арқылы іске асы­рылған жұмыстың анық көрінісі ретінде мынаны айтсақ болады: Атырау – Ақтау жолы жабылған күндері тауар­лар теміржол арқылы жеткізілді. Қазір біз азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін баға мониторингін жүргізіп жатырмыз, – деді ол.

Маңғыстаудағы эвакопункттердегі азаматтарға медици­налық, психологиялық, мәдени-гуманитарлық көмек жан-жақты және үздіксіз көрсетіліп жатыр. Мектеп жасындағы балалар толықтай сабаққа тартылды. Балалар үшін қуыршақ театры қойылымдар қойса, Ораза айт мерекесінде түрлі іс-шара балаларға арналды. Қызметі Атырау облысынан эвакуацияланған халық арасында коммуникациялық және ақпараттық жұмыстарға бағытталған қоғамдық штаб өкілдерімен бірге маңғыстаулық ақсақалдар эвакопункт­терде болып, атыраулықтармен жүздесті.

Су әлегін еңсеру, алдын алу жұмыстары басталған соң-ақ Маңғыстау облысы әкімдігінің жетекшілігімен «Қаражан­басмұнай» АҚ, «Ақтау теңіз сауда порты ҰК» АҚ, «Гатин» ЖШС, «ОндасынСтрой» ЖШС, «Ас-құрылыс» ЖШС, «Альянс LTD» ЖШС сияқты өнеркәсіптік кәсіпорындар бөлген техникалар Атырауға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ұсынған 10 теміржол платформасына тиелді.

«Атырау облысына 20 маман кетті. Олар осы техниканың тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Құм салынған қаптар мен өзге де құрал-жабдық жабық вагонмен жөнел­тіледі», дейді Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиев.

 

Маңғыстау облысы