Еліміз ғана емес, бұрынғы КСРО аумағында бұрын-соңды болып көрмеген қылмыстық іске төрелік ету аса ауыр қылмыстық істер қарайтын мамандандырылған ауданаралық әскери сотының үлесіне тиді. Мемлекет қауіпсіздігі мен елдің экономикасына нұқсан келтірген ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық мүшелеріне қатысты қылмыстық істі мұқият қарап, олардың әрекеттерін құқықтық тұрғыдан дұрыс дәрежелеп, тиісті жаза тағайындау үшін осы іске төрағалық етуші ретінде маған зор жауапкершілік жүктелді.
Менің осы кезеңге дейінгі адвокат, тергеуші, криминалист, прокурор, судья бола жүріп жинақтаған тәжірибем мен кәсіби біліктілігімнің сыналар сәті туғанын түсіндім. Заңгерлік қызметіме сын, адамдық болмысымның таразысы болатынын да қапысыз ұққанмын.
45 сотталушыдан, 1576 том, оның ішінде айыптау қорытындысының өзі 35 томнан тұратын мұндай күрделі істі жүргізу тәжірибесі де, әрі сот процесін жүргізетін арнайы ғимарат та елімізде жоқ еді. Қанша мерзімге созылатыны белгісіз іске қатысушылардың бәріне ыңғайлы әрі жайлы болуы үшін тіптен ұсақ-түйек деген нәрселердің өзін алдын ала ойластыру керек болды. Алматы қаласының маңындағы №18 тергеу абақтысына қарасты ғимаратты талапқа сай қайта жабдықтау жұмысына мұқият кірістік. Ол үшін ұзын саны 25 бөлімнен тұратын іс-шаралар жоспарын дайындап, осыған қатысты тараптар мен қызметтердің барлығын жұмылдырдық. Мұнда судья, мемлекеттік айыптаушылар, адвокаттар мен қоғамдық қорғаушылар, сот хатшылары мен сот приставтары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, конвой мен арнайы күзет қызметкерлеріне жеке-жеке кабинеттер, сотталушылар отыратын тор бөлмелер, бейне және дыбыстық бақылаулар мен жазбалар, шұғыл байланысты және процесті құжаттауға қажетті техникалық құралдар, қылмыстық іс томдары мен бірнеше автокөлікке жүк болатындай айғақ заттарды сақтайтын қойма, сырқаттанып қалған жағдайда жедел жәрдем көрсететін медицина қызметкерлері... түгел ескерілген болатын.
Екінші бір маңызды мәселе, сотқа 2013 жылдың 12 сәуірінде келіп түскен қылмыстық іс құжаттарымен танысу кезеңінде туындады. ҚР Әскери сотының басшылығы істі жүргізген тергеушілерді шетінен шақырып, қылмыстық істегі әр блок бойынша олармен әңгімелесу тұрғысында жалпы түсінік алып танысқан дұрыс деп есептеді. Алайда, мен көп жылдық тәжірибеме сүйене отырып, өзіме белгілі тәсілмен, негізгі эпизодтар мен блоктар, тағылған айыптар бойынша дәлелдемелердің қаншалықты деңгейде жиналғаны туралы нақты жоспар жасау арқылы істі жедел, тікелей өзім оқып танысқанды жөн деп шештім. Мұндайда айыптың дәлелді, дәлелсіздігін, ал қайсы бірі жай долбар екенін бірден аңғаруға болады. Кейіннен солай жасадық та.
Енді «Қорғас ісінің» ауқымы жайлы бірер дерек. Аталған іс бойынша сотталушылар ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті мен Кеден Комитетінің жоғары лауазымды қызметкерлері бар еді. Бұл қылмыстық істі ашып, тергеу үшін жедел-тергеу тобы құрылып, оның құрамында 330-дай қаржы полициясы мен прокуратура қызметкерлері үш жылға жуық еңбек етті. Осыдан-ақ олардың жасаған қылмыстық әрекеттерін әшкерелеу де оңайға түспегені белгілі. Айыптаудың әр бабына қарсы айтар уәждері дайын тұрды. Басты сот талқылауында 4 мемлекеттік айыптаушы, 40-қа жуық «сен тұр, мен атайын» дейтін кәсіби біліктілігі жоғары адвокаттар мен қырықтан аса қоғамдық қорғаушылар, сот отырысының 5 хатшысы, 6 сот приставы, жәбірленушінің өкілдері және басқа да мамандар қатысты. Барлығы 165 сот отырысында төрағалық етушінің 200-ге жуық ауызша қабылдаған қаулыларын есептемегенде, 100-ден аса әртүрлі санаттағы жазбаша қаулылар қабылданды. 560-қа жуық куәден жауап алынып, 400-ден аса әртүрлі сот сараптамасы мен мамандардың қорытындылары сараланды.
Сот процесі аяқталар шағында Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәми телефон шалып: «Советхан, бұл істі бір жыл бойы өзің қарадың, кімнің-кім екені саған мәлім. Сондықтан қандай шешім қабылдау да, қандай жаза тағайындау да сенің құзырыңда», – деді.
Әрине, сотталушылар да, олардың қорғаушылары да, кей кезде өзге мүдделі тараптар да істі «құлатуға» барынша әрекет жасады. Талай мәрте ешқандай негізсіз «отвод» жариялауы да соның нақты дәлелі. Сондықтан маған процесті мейлінше заң талаптарына сай әділ жүргізіп, ешқандай қателік жібермеу маңызды болды. Мен өзімнен де, сот отырысының хатшылары мен сот приставтарынан да, өзге сот процесіне қатысушылардан да осыны қатаң талап еттім. Күнделікті сот отырысының хаттамасы мен сот процесінде қабылданған әртүрлі санаттағы қаулыларды бес күн ішінде дайындап Жоғарғы Соттың ресми сайтына өз уақытында салып отырдық. Бұл соттың барынша ашық жүргізілуіне, процеске қатысушылардың онымен уақытында танысып отыруына, ешқандай шағым түспеуіне мүмкіндік берді. Тараптардың заңды талаптары мен әртүрлі өтініштері ешқандай түлкібұлаңға салынбай, уақытында орындалды. Бәрі бейне және үнтаспаға толықтай жазылды, яғни, әлдекім шағымдана қалса, кез келген уақытта таспаларды алғызып, бірге қайтадан қарап, шешімнің дұрыс-бұрыстығына көз жеткізуге толық мүмкіндік болды. Жүйелі, дұрыс ойластырылған жұмыстың нәтижесінде бір жылға созылған сот барысында ешқандай төтенше оқиға мен арыз-шағымдар болған жоқ.
«Қорғас ісі» – сотталушылар мен адвокаттардың саны мен іс томдарының көптігі жағынан ғана емес, жасалынған қылмыстың ауырлығы мен мемлекетке келтірілген залал мөлшерінің көлемі жөнінен де теңдесі жоқ іс. Сот тергеуінің соңында сотталушылардың қылмыс жасағанына күмән келтіретін ешқандай дәйек қалмаған еді. Оның үстіне, осы уақыт аралығында сотталушылардың әрқайсысының қандай адам екенін, жасаған істері үшін өкінер-өкінбесін бір кісідей білдім, жүрекпен сездім десем де болады. Сондықтан ұйымдасқан қылмыстық қауымдастықты құрған жетекшілеріне, ұйымдастырушылары мен белсенділеріне мемлекеттік айыптаушылар сұраған жазадан жоғары жаза берілді.
«Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, тепсе темір үзетін жігіттердің қу құлқынның құлы болып, темір тордың ар жағында отырғандарына қарап күйінесің. Өзегіңді өртейтіні – жоғары лауазымды білікті азаматтардың алған білімін, қажыр-қайратын мемлекетіне, халқына адал қызмет атқаруға жұмсаудың орнына, арам жолмен ақша тауып, Отанын сатумен пара-пар ауыр қылмыстар жасағаны. Сот залында жанарын жас жуған ана мен жігері құм болған әкені, көздері жәудіреп әке мейіріміне шөлдеген балаларды көру жүйкеге салмақ түсіріп, жүрегіңді шымырлатады. Ақшаның буына мастанған айыпкерлердің көбінің бет-жүзінен жасаған қылмыстарына өкініп, қайғырғаны білінбеді, керісінше, бір ерлік жасағандай өздерін емін-еркін ұстауы, өтірік сөйлеп, астамсуы таңғалдырды.
Бір жыл бойы демалысты ұмытып, түрлі шаралардан бас тартуға тура келді. Күнделікті таң бозынан тұрып, қас қарайғанша жұмыс жасау да денсаулыққа әсер етпей қоймады. Сот мәжілістеріндегі психологиялық ахуалдың ширығып шыңына жетуі өз алдына жеке әңгіме. Тараптар арасындағы талас-тартыс, заңға сүйеніп, кейде негізді-негізсіз сөз жарыстырып, бір-бірінің уәжіне құлақ аспай орынсыз айқай-шу көтеріп, даурығып, дауласып, іске қатысушылардың ар-намысына тіл тигізіп, процесті қалыпты жүргізуге кедергі жасап, сот залын алаулаған «соғыс» алаңына айналдырып жіберген кездері де аз болмады.
Алайда осының барлығына төзіп, істі абыроймен аяқтап шықтым деп ойлаймын. Республикалық ақпарат құралдары, ғаламтор сот процесінің жүргізілуі жайлы жақсы пікірлер білдіріп жатты. Осы тұста Жоғарғы Соттың төрағасы Қайрат Әбдіразақұлы үкім шыққан күннің ертеңінде хабарласып: «Советхан, баспасөздің, интернеттің өзің жайлы не жазып жатқанын оқыдың ба? Бұл шулы істі бұлталақсыз, әділ шешкеніңе жалпы халық ризалығын білдіріп жатыр. Мен де ризамын. Жарайсың!» – деді. Бұл пікір мен үшін кез келген марапаттан артық еді. Демек, кәсіби жарамдылығыма, азаматтық ұстанымыма, адамдық келбетіме нұқсан келтірмегенім ғой деген ой жан дүниемді баурап алды. Иығымнан батпан жүктің түскенін сонда ғана шын сезіндім.
Мұндай іс енді ешқашан болмаса екен деп тілеймін.
Советхан СӘКЕНОВ,
Алматы облыстық сотының Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы.