07 Қаңтар, 2015

Әскери қызметшілер отбасы: 46 жыл туған елге қызмет

617 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
4-14-4Серікбаевтар отбасы – әкесі (Асылғазы), анасы (Роза), қызы (Ақмарал) және ұлы (Әсет) жалпы жиыны 46 жыл бойы Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында қызмет етіп келеді. «Біз бауырым екеуміз әкесі мен анасы әскери қызметші болып табылатын отбасында тәрбиелендік. Оларды үнемі әскери формада көріп, олардың қызмет туралы әңгімелерін тыңдап өстік. Бұл бізге қатты әсер етті деп ойлаймын. Нәтижесінде біз олардың ізін қудық, олар бұған шексіз куанады», – дейді Ақмарал Серікбаева. Ақмарал Серікбаеваның әскери қызметі 27943 әскери бөлімінде басталды. Мұнда ол танк батальонының психологы, сондай-ақ, зениттік дивизионда қызмет етті. Қазір ол Құрлық әскерлеріндегі жауынгерлік даяр­лық бас басқармасының жау­апты орындаушысы. Сержант әскери шені бар. Оның бауыры капитан Әсет Серікбаев Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысы бас­қармасында жауынгерлік даяр­лық аға офицері лауазымында қызмет атқаруда. Ата-анасы қызметтерін 1992 жылы бастаған. 2005 жылы әкесі подполковник Асылғазы Серікбаев 40398 әскери бөлімі командирінің тыл жөніндегі орынбасары, анасы старшина Роза Серікбаева 40398 әскери бөлімінің санитарлық нұсқаушысы лауазымдарында әскери қызметтерін аяқтады. «Менің бүкіл өмірім армиядан ажыраған емес. Ата-анамның ісін жалғастыру дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Өз балаларымды тәрбиелей жүріп, олардың да өз өмірлерін Қазақстан армиясындағы қызметпен байланыстырғанын қалаймын. Қазір жұбайым екеуміз ұлымызды «Жас ұланға» беруді жоспарлап отырмыз. Айтпақшы, жұбайым да әскери қызметші. Ал ұлымыз 9 жаста, бірақ әскери тақырыпқа қызығушылық танытып, әкесімен бірге әскери мектепке түсуге дайындалып жүр», – дейді Ақмарал Серікбаева. Серікбаевтар өз отбасы­ла­рының осыдан 22 жыл бұрын басталған дәстүрін қастерлеп сақтап келеді. Қазақстандық әскери қызметшілер арасындағы ұрпақтар сабақтастығының осындай үлгілері аз емес. Олар кез келген уақытта қадірлі әрі қажетті саналатын әскери мамандықтың маңыздылығын көрсетеді.   Сәулебек БІРЖАН.