Аймақтар • 24 Сәуір, 2024

Тасқа айналған ағаш

327 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің Табиғат залында палезой заманында 100 млн жыл бұрын өскен ағаш кеспелтегі тұр. Ұзындығы бір метрге жуық, адам құлашынан асатын діңгектің бойындағы минералдар шамның жарығына жылт-жылт етеді. Әу бастағы заты ағаш демесеңіз, бұл –кәдімгі тас. Ертеректе Алға ауданы Үшқұдық ауылына жақын жерден табылып, музей қорына өткізілген. Ағаштың шірімей, минералдануы – табиғаттағы ең ғажап құбылыс. Оған қандай жағдайлар әсер етті екен?

Тасқа айналған ағаш

«Тасқа айналған, ми­не­ралданған ағаштар па­лентологиялық ескерт­кіштер санатына кіреді. Біздің музей қорында тасқа айналған төрт ағаш сақталған. Олардың пішіндері де әртүрлі. Көбінесе ертеректе механизаторлар жер жыртып жүріп, тауып алып, қорға өткізген. Экспозицияда тұрған ағаш – бізге әке­лінгендердің ең ірісі. Ға­лымдар осы ағаш 330 миллион жылға созылған палезой зама­нының девон (70-50 млн жыл бұрын) немесе таскөмір (55-75 млн жыл бұрын) кезеңінде өскен қарағай болуы мүмкін дейді. Өйткені девон ке­зеңінде Жерде қарағай ағаштары көп өскен екен. Көрмедегі ағаштың құрамында бірнеше бағалы минерал бар. Табиғаттың түрлі құбылыстарына шыдап, ауа райының күрт өзгерістеріне төтеп беріп, шірімей, бұзылмай-ақ өздігінен минералдануы арқасында осы күн­ге дейін жетті», дейді Ақ­төбе облыстық тарихи-өл­кетану музейінің Та­би­ғат және экология ғы­лыми- зерт­теуді қам­та­масыз ету бөлімінің мең­­герушісі Майра Бу­ханова.

Табиғаттың осындай тамаша құ­былыстарын табиғи туризмге жақсы пайдаланып жатқан елдер көп. Мә­селен, АҚШ-тың Аризона штатында тасқа айналған ағаштар 1936 жылдан бері табиғи ескерткіштің сирек кезде­сетін түрі ретінде мем­лекет қорғауына алынған. Мексика өз же­рінде өсе­тін кактустерді табиғи туризмге сәтті пайдаланып, жарнамасын асырып келеді.

Еліміздің әр же­рінде осындай мине­ралданған ағаштар жиі кез­деседі. Бұ­рынғы заманда оларды жинап, музей қо­рына өт­кізетін табиғат жанашырлары болды. Есте жоқ ескі заманда осы жер­де көктей өскен табиғат ес­керткіштерін ас­пан астындағы музейге жасақтаса, қолға алынған жақсы жоба болар еді.

 

Ақтөбе облысы