Қоғам • 24 Сәуір, 2024

Атом құрбандары әділеттілікке сенеді

647 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елордада 1988-1990 жылдары «Семипалатинск-22» қауіп-қатері айрықша жоғары бөлінісінде әске­ри борышын өтеген сар­баз­дар дөңгелек үстел ұйым­дастырды. Аталған ядролық полигон орнында екі жыл өмірлерін, жалынды жастық шақтарын өткерген олар үйлеріне денсаулығын беріп орал­ған. Көбі соның салдарынан өмірден озған...

Атом құрбандары әділеттілікке сенеді

Олар өздерін «атом сар­баздары» деп атай­ды. Сол уақыт­та 18-19 жастағы жігіттер «Семи­пала­тинск-22» полигонына Отан алдындағы борышын өт­ке­руге келгенде бұл жердің ден­сау­лыққа зиянды екенін ешкім айт­папты. Яғни радиация әсе­рі жоғары екені бұлардан жа­сырылған. Келген бойда олардан «мемлекеттік құпия» деген желеумен мұнда мерзімді әскери қызметте болғандары жайында 25 жылға дейін ешкімге айтпау туралы қолхат алынады. Олар кейін радиацияның ортасында жүргенін білсе де, берген уәде­леріне адал болып, ширек ғасыр бойына полигонда бол­ған­дары жайында жан баласына тіс жармайды. Алайда денсау­лық жағдайына байланыс­ты кейін өздеріне мемлекет тарапынан жәрдемақы талап ете бас­­тапты. Бірақ бұл уақытта бұ­рын­ғы кеңестік одақ тарқаған, по­лигон жабылған, ал бұлардың жағдайына қарайласатын ешкім жоқ екеніне көз жеткізеді. Міне, осылайша өз құқықтары үшін күресіп келе жатқандарына бірне­ше жылдың жүзі де өткен.

Бұған дейін «атом сарбаздары» түрлі мекеменің есігін қағып, әділдік іздегенімен одан нәтиже шықпаған соң, тұңғыш рет елордада дөңгелек үстел ұйым­­дастырып, бұқаралық ақпа­рат құралдарының көмегіне жү­гі­нуге шешім қабылдапты. Іс-шараға «Семипалатинск-22» рес­публикалық қоғамдық бірлес­ті­гі­нің төрағасы Ералы Құтты­беков, ұйымның Алматы, Павло­дар, Астана қалаларындағы филиал­дарының басшылары, Қор­ға­ныс министрлігінің өкілде­рі және журналистер қатысты.

– Мен 1988-1990 жылдары «Семипалатинск-22» полиго­нында әскери міндетімді өтедім. КСРО ең алғаш рет 1949 жылы атом бомасын осы жерде сынақ­тан өткізгені белгілі. Содан бері 40 жылдан астам уақыт бойы мұнда Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбаның зардабын он орап алатын қаншама ядролық сынақ өткізілді. Соның біріне біз де куә болдық. 1989 жылы 19 қазанда жерасты ядролық сынағы жасалды. Бұл Семей полигонында өткізілген ең соңғы жарылыс еді. Біз өз көзімізбен көрдік. Сынақтан кейін екі күн өткенде үстімді белгісіз жара басып кетті. Оның диагнозын ешкім білмейді. «Өлген жерім осы болды ғой» деп ойладым. Мені тікелей Мәскеуге қарайтын әскери госпитальға жатқызып, дәрігерлер емдеп, бір айда аяққа тұрғызды. Бірақ қазіргі күнге дейін сол аурудың салдарын тартып келемін. Қы­зық­тың бәрі әскерден келгенде басталды. Анам мені көріп шошып кетті. Өзім үйден кеткенде спортпен шұғылданып жүрген, денсаулығы мықты жігіт едім. Бірақ әскерден келіп бірден ауыра бастадым. Үйдегілерден қайда болғанымызды жасырғаныммен анам бәрін де сезіп: «Балам, сен денсаулығыңды беріп келіпсің ғой» деп күрсінді», дейді бірлестік төрағасы Ералы Құттыбеков.

Оның айтуынша, ядролық жарылыстан келген радиацияның салдары тек өздеріне емес, балаларына, тіпті немерелерінің де денсаулығына кері әсерін беріп жатыр екен. «Менің екі балам да мүгедек. Біреуінің көзі көрмейді, екінші баламның жүрегінде кінәрат бар. Салдарынан оны ешқандай мемлекеттік қызметке алмайды. Екеуінің де диагнозы радиация әсерінен екенін көрсетіп тұр», дейді ол. Мәселен, «атом сарбаздарының» бірінің немересі, екі жарым жасар Ару Досымбек гендік мутация ауруына шалдыққан, қазіргі күні қымбат дәрі-дәрмек қабылдап, емделіп жатыр. Мұны да атасынан берілген радиацияның тікелей әсері екенін айтады.

«Атом сарбаздарының» мемлекетке қоятын талабы – ядролық сынақтарға қатысушы мәртебесін алып, жеңілдіктерге ие болу. 1949-1991 жылдары ядролық сы­нақ­тар өтіп жатқан аймақта 10 мыңнан аса сарбаз әскери борышын өтеген. Соның ішінде Семей ядролық сынақ полигонының тікелей өзінде 4 мыңдай жас жігіт әскерде болыпты. Биыл солардан тек 500 адамдай қалған. Олардың көпшілігі – 1, 2 және 3-топтағы мүгедектер. Араларында созылмалы ақ қан ауруынан бастап, өкпе қатерлі ісігіне дейінгі сырқаттарға шалдыққандар көп.

Олардың айтуынша, 2020 жылы 6 мамырда қабыл­дан­ған «Ардагерлер туралы» заңда ядро­­­лық сынақтарға қатысу­шы­­­лар Екінші дүниежүзі­лік соғыс­­қа және өзге мемлекеттер аума­­ғын­дағы әскери қақты­ғыс­тарға қатысушылармен теңес­ті­­ріл­гені көрсетілген. Атап айт­қанда, «атом сарбаздары» Чер­нобыль АЭС-індегі апат салдарын жоюшы­лар­дан кейін тұр. Алайда 2021 жы­лы сол кездегі Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев №500 бұй­ры­ғында ядролық сынақтарға қатысу­шы­ларды жеңілдік алуға болатын ардагерлер тізімінен сызып тастапты.

– Қазіргі күні Қорғаныс ми­нис­трлігі аталған бұйрыққа сүйе­­ніп, біздің ядролық сынақ­тарға қатысушы екенімізді куә­ландыратын анықтама бермей келеді. Бізге КСРО-ның заңды мұрагері – Ресей, сондықтан анық­таманы солардың архивінен сұрату керек екенін айтады. Ре­сей 2008 жылға дейін мұндай анықтамаларды беріп келген, ал қазір бермейді. Негізі осы анық­таманы Семейдегі радиа­ция­лық медицина және экология институты беруге тиіс. Алайда олар Қорғаныс министрлігіне сілтейді. Осылайша, бізді түрлі мекемелер арасында сандалтып қойды, – дейді Е.Құттыбеков.

Олардың айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі ядролық сынақ ардагерлерінің шамамен 20 пайы­зы ғана жеңілдікке ілігіп, мемлекет тарапынан жәрдемақы алады. Ал қалғандары әскерде жүріп денсаулықтарын бергенімен, бір жыртығына жамау болар жәр­демақыға қол жеткізе алмай жүр.

– Семей ядролық сынақ алаңы­ның эпицентрінде әскерде болғандардың бәрі қанша радиа­ция дозасын алғанын анықтау үшін әскери-медициналық ко­мис­сияның тексеруінен өтуі керек. Семейдегі радиация институтынан қорытынды анықтама алуымыз қажет. Содан кейін жеңіл­дік берілетін адамдар санатына ілігіп, медициналық және санаториялық-курорттық мекемелерде уақытылы ем-дом алу мүмкіндігі қарастырылса екен, – дейді «атом сарбаздары».

«Семипалатинск-22» қоғам­дық бірлестігінің Алматы қала­лық филиалының төрағасы Бақ­дәулет Нұртазаевтың айтуынша, олардың қолдарында барлық құжат дайын. Тек жетіспей тұрғаны – сол анықтама. Бірақ осы бір жапырақ қағаздың артынан жүгіргелі қаншама жыл өткен. Әлі нәтиже жоқ.

– Біз әскерде болғанда жерасты жарылысы жасалды. Жерастында сынақтан өткізілетін жануарлар (иттер, қойлар, жыл­қылар) бар еді. Жарылыстан кейін біз шахтаға түсіп, кейбірі тірі, кейбірі өлі күйіндегі сол жануарларды ешқандай арнайы киімсіз жалаң қолмен тасыдық. Оларды ғы­лыми зерттеулер жүр­гізетін жер­ге апардық. Бізге радиациядан қорғанатын киім берілмеді. Ал ға­лымдар мен ге­не­ралдар арнайы қорғаныш киімдерін киіп, біз­дің не істеп жатқанымызды алыс­тан бақылап тұрды, – дейді ол.

Оның айтуынша, архив құ­жат­тарының ішінде олардың ядро­лық полигонда әскерде болға­ны туралы деректер бар, алай­да ядролық сынақтарға тіке­лей қатысқаны туралы ешбір мәлі­мет жоқ екен. «Сонда біз 2 жыл бойы ядролық полигонда жүріп не істедік? Жарылыс болғаннан кейін шахталарға кім түсті, егер біз түспесек? Оның ішін радиоактивті заттардан кім тазалады? Осы 40 жылдың ішінде бізбен болған адамдардың көбі бірдей аурудан көз жұмды. Егер радиацияның әсері болмаса, олардың бәрінде дәлме-дәл бір диагноздың болуы мүмкін емес қой», дейді Б.Нұр­тазаев.

Дөңгелек үстелге қатысқан Қорғаныс министрлігінің өкі­лі Қайрат Ыдырышевтің айтуынша, ведомство тарапынан Ресейдің әскери архивіне ядролық сынақтарға қатысушы ретінде анықтама беру үшін 4 мыңға жуық өтініш жіберілген, алайда тек 4 адамға анықтама беріліп, қалғандары туралы ешбір мәлімет табылмапты.

– Ядролық сынақтарға қаты­су­шы мәртебесін алғандар қазір­гі таңда заң бойынша жеңіл­дік­терге ілігіп, жәрдемақы алып келе­ді. Олар өздерінің Се­мей поли­гонында сынақтарға қатыс­қандығын дәлелдей алған азаматтар. Аталған сынақтарды Қазақ­стан емес, кеңес одағы өткіз­ді. Ресей – оның заңды мұра­ге­рі болғандықтан, ядролық сынақтар туралы құжаттардың бәрін өздерімен алып кеткен. Сондықтан бұл анықтаманы біз емес, Ресей береді, – дейді ол.

Ал «атом сарбаздары» анық­таманы алу үшін бұдан былай Ресейге ешқандай өтініш жіберудің қажеті жоқ, оны Семей радиациялық медицина және экология институты беруі керек дейді. «Өйткені біздің ядролық полигон аумағында әскери борышымызды өтегеніміз рас. Сол институтта денсаулығымызды тексеруден өткізіп, радиацияға шалдыққанымызды дәлелдеген соң, анықтама беріп жеңілдікке ілігуіміз керек» дейді олар.

Алайда Қорғаныс министр­лігінің өкілі бұл азаматтар тек сөз жүзінде ядролық сынақтарға тікелей қатысқандарын айтып отырғанын, алайда ол жайында нақты құжат жүзіндегі дәлелдер жоқ екенін жеткізді. «Біз құқық­тық мемлекетте өмір сүріп отыр­ғанымызды ұмытпайық. Кез келген шешімді шығару үшін, ең алдымен, құжат түріндегі дәлелдеме керек. Өздеріңіз айтып отырған анықтаманы алу үшін де нақты құжат қажет. Онсыз біз қалай сіз­дерді ядролық сынақтарға қаты­­сушы деп танимыз? Ал ағза­­ла­рыңызда радиацияның бо­луы дәлел бола алмайды. Өйт­ке­ні қазір Абай облысы тұр­ғын­дары­ның жартысының бойын­да радиация бар», деді Қ.Ыдырышев.

Астанада өткен дөңгелек үс­тел­де «атом сарбаздарының» та­лап­тарын орындауға болатын нақ­ты бір шешім табылған жоқ. Сон­дықтан енді олар әділдікке жету үшін осы мәселемен Қорға­ныс ми­нистріне тікелей кіріп, одан әрі ел басшылығына мұң-мұқ­тажымызды жеткіземіз деп бекініп отыр.