07 Қаңтар, 2015

Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді

589 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
IMG-20141217-WA0088-2 «Журналисті аяғы асырайды» деген мәтел бар. Бұл елдің арасында көп жүргендіктен, жұрттың жайына өзгеге қарағанда қанық болғандықтан айтылса керек. Сондай кездерде кездейсоқ кейіпкер тауып алып жатасың. Осы жылдың ішінде мерекесі мен берекесі тасыған, айрандай ұйыған, еңбектен бақытын тапқан отбасылар туралы көп жаздық. Газет бетінде дүркін-дүркін жарияланып жатқан материалдар сериясын көрген бір жанашыр ағамыз «Ахетовтер әулеті тақырыптарыңа сұранып тұр екен. Өсіп-өнген, үлкен мәуелі бәйтерекке айналған шаңырақ. Назарыңда болсыншы» деп өтініш қылды. Бұл сөзге бейжай қарай алмай, Ахетовтер шаңырағына бардық. Есіктен кіргенде ұзын дәліздің арғы басында отырған ақсақалды байқадық. Отанасы алдымыздан шығып, қария отырған бөлмеге қарай жол нұсқады. Қос қолдап амандасып едік, «қай баласың?» деді қазақылық салтпен. Айтып жатырмыз. Сонан соң бетіме қарады да «жарықтық, жақсы адамдар еді ғой» деді. Ақсақал бір-ақ ауыз сөзбен біздің арғы түбімізге бағасын берді де тастады. Ішіміздің елжіреп кеткенін несіне жасырайық Бұл – осы әулеттің отағасы Қани Ахетов деген кісі болады. Бүгінде өздігінен тұрып, жүретіндей жағдайда емес. Кезінде өкіметтің жұмысына жегіліп жүріп, тосын жағдайға душар болыпты. Аудандағы шұғыл жиынға асығып келе жатып, астындағы мотоциклы жолдан ауып кетеді. Қайта көрер жарығы бар екен. Жол апатының ізі суымай поштаның машинасы келе қалған. Аудандық ауруханаға дер кезінде жеткізген. О заманда бүгінгідей «өл деген өкімет жоқ» дейтін түсінік болмаған ғой. Ем-домын едел-жедел қабылдап, мойнына жүктелген міндетті атқаруға кірісіп кеткен. Сол жағдайдан кейін бойда бір кесел қалып кетсе керек. Ақсақалдыққа жеткенде аяқтан қал­ғаны соның салдары дейді. Қани ақсақал Қызылордадағы Гоголь атындағы педагогикалық инс­титутқа 1957 жылы студент боп қабылданады. Студент кезінде сол институтта өзімен қатарлас оқыған, кейіннен әр салада қызмет етіп танымал болған Қоянбаев Рамсеит, Алтынбеков Тұрғанбек, Мауяев Рахым, Әлімбаев Кеңес секілді азаматтармен облыс студенттерінің волейбол құрама командасында ойнап, республика деңгейінде жетістіктерге жетеді. Өмір бір орнында тұра ма! Инс­титутты орыс тілі мен әдебиеті пә­нінің мұғалімі болып тәмамдап, қа­рапайым мұғалімдіктен басталған өмір жолы директорлыққа ұласады. Шие­лі ауданындағы бірнеше мектепке басшылық жасайды. Кейіннен аудан басшылығы жас директордың бойындағы дарын мен жігерді байқап, Қарғалы ауылдық кеңесінің төрағасы етіп тағайындайды. Осы жерде 17 жыл бойына қызмет етеді. Елді мекеннің еркін қанат жаюына, өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына ерекше еңбек сіңіреді. Тынымсыз тіршілік пен жүйелі жұмысының арқасында көптеген марапат кө­реді. Қысқасы, абыройлы жұмыс істейді. Бір орында тапжылмас­тан 17 жыл жұмыс жасауының өзі Қани ақсақалдың бірегей қыз­меткер екенінен хабар берсе керек. Ел Тәуелсіздігін алған жылы Қ.Әбдіқадіров атындағы мектепке директор болған. Бірер жылдан соң сол жерден зейнетке шыққан. Бейнетінің зейнетін көріп, бала-шаға, немере-шөберелерінің ортасында отырған ақсақалға жаңа директор қолқа салыпты. «Балаларға сіздің біліміңіз керек» деп. Содан тағы бірнеше жыл сол білім ошағында шәкірт тәр­биесімен айналысқан. Бүгінде Қани Ахетовтің алдын көрген талай бала үлкен жетістікке жетті. Олардың арасында ғылым мен білімде, билік пен бизнесте жүрген талай азамат бар. Ақсақалдың Құдай қосқан жары, бүгінде бар назарын жұбайына арнап, жағдайын жасап отырған Сәпия апай. Бұл кісінің мамандығы да педагог. Физика-математика пәнінен сабақ берген. Жұбайы екеуі бір оқу орнын бітірген. Бүгінде біреу қызметке аяқ іліктірсе, жақынын сүйрейтін заман болып тұр ғой. Қани ақсақал талай мектепке директор, ауылдық кеңестің төрағасы болса да, Сәпия апай мансапқа ұмтылған емес. Өзі алған, өмірден жиған білімін жастардың бойына дарытып, соның арасында сегіз баланы дүниеге әкелген ардақты ана, қадірлі ұстаз. Қырық жылға жуық ұстаздық еткен Сәпия апай шәкірттерін әлем­дік ғылымның жетістіктерімен, мәскеулік академиялық басылымдармен, «Математика в школе» сынды арнайы журналдармен таныстырып отырыпты. Сол уақыттарда Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінде сырттай оқитын көптеген студент жастар өз бақылау есептерінің ең қиынын, шешімін таппағандарын арнайы атбасын тіреп, осы кісіге шығартып отыратын болған.  Әсілі, еңбек деген дүние түбі елеусіз қалмайды. Сол еңбектің өнбегі ретінде Сәпия Жақыпова «КСРО білім беру сала­сының үздігі» атанды. Жұмыс пен отағасының жағдайын қатар жасап жүріп тапқан сегіз бала үшін күміс және алтын алқа алды. Өмірдің бақыты да, берекесі де осы емес пе?! Апайдан балалары жайлы сұрап жатырмыз. Бір кезде... «тоқтай қа­лыңыз» деппіз. Мұны «Мамай» деген есімді естігенде айттық. «Апа, айтып отырған балаңыз Алматы қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Мамай Ахетов емес пе?» дейміз. Аңтарылып қалған апам қарсы сұрақ қойды: «Оны қайдан білесің?». Сасқанымыздан «ағам ғой» деппіз. Сөйтсек, өзіміз студент кезден білетін, кейіннен қызмет барысында да араласып-құраласқан, аға көріп, арқа тұтып жүрген Мамай Ахетовтің ата-анасымен әңгімелесіп отыр екен­біз ғой бағанадан. Мұндай да қызық болады екен?! Солайша, бір-бірімізді бұрыннан білетін адам­дардай абыр-сабыр болдық та қалдық. Айтпақшы, Мамай Қаниұлы жақында ғана Елбасының өзі қол қойған «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Мұның өзінен жастайынан еңбектің қадірін біліп өскен, есейіп, етек-жеңін жиып үлкен өмірге араласқанда өзі де сол ел жұмысына жегілген азаматқа деген құрметті кө­реміз. Айтып-айтпай не керек, үлкен тәрбие көрген жігіттің үлгілі өмір сүретіндей реті бар екен. Бұл әулеттің балаларының бәрі оқыған. Жоғары білім алған. Бей­нелеп айтқанда, бірінен кейін бірі жетілген сегіз бала жыл құсы сияқты ғой. Мектепте оқытып, одан университетке түсіріп, үйлі-баранды етіп, әрқайсысын жеке шаңырақ ету дегеніңіздің мехнаты зор. Осындай істі Қани ақсақал жұбайы екеуі адалынан атқарып шықты. Соның арқасында бұл шаңырақтан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерінен бастап, мұғалім, мектеп директоры, мұнайшы секілді сан алуан мамандық иелері шыққан. Бір ұлы филология ғылымдарының кандидаты, келіні филология ғы­лым­дарының докторы болса, осы үрдісті немерелері де жалғастырып, бір немересі Назарбаев Универ­ситетінің биология, химия, биотехнология саласында білім алып жатыр. Бүгінде ұрпағының рахатына бөленіп отырған апаймыздан сөз арасында «қанша немереңіз бар, апа?» дейміз. Таза қазақы қалыптан шыққан: – Соны санамаппын, балам, – деген жауап алдық. Пай-пай, бұрын­ғының адамдары-ай! Артық көз бен сөз тиеді деп баласының да санын айтпаған ғой. Ал қазір екі баланы өмірге әкеліп, кеуделеріне нан пісіп жүрген қаншама жас бар?! Онысын және дабыра қылып айтатынын қайтерсің? Сәпия Жақыпқызымен ұзақ әңгі­мелестік. Бүгін мен кешені салыс­тыра отырып мысал келтіргенде апай бұлтартпас дәлелдерді көз алдыңа әкеледі. Жастардың тез отасып, тез ажырасып жататын жағдайын еш түсіне алмайтынын айтады. – Өзімізді әке-шешеміз ұзатқан кезде «Бұдан былай бұл үйге жұ­байыңсыз келме. Бізде қонақ едің. Сен енді өзіңнің туған босағаңа бара жатырсың» деген. Қазіргілер «ішіме сыйған бала, сыртыма да сыяды» деп отырып алады. Осыдан соң қыз қайтып келмегенде қайтеді? – дейді. Ана замандағы еңбек туралы да әңгіме қозғадық. «Ешбір техника мен технология дамымай тұрған кезеңде істің бәрі адамның қолымен, күшімен атқарылды. Өгізі құлап, тұралап қалғанда соқаға жегілген адамдар болды. Әрі-беріден соң каналдардың өзі кетпенмен қазылды. Қазір бәрі бар ғой. Бірақ адамдар жалқауланып бара жатқан секілді. Екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүргендер қаншама?! Жұмыс жоқ емес, жалқаулық басым. Әйтпесе, мынау аштан өлетін заман емес». Апай осылай ой қозғаған. Екеуара әңгімемізді естіп отырған Қани ақсақал «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» деген. Қазақтың осы бір ауыз сөзінде өмірдің барлық мәні жатыр. Сондықтан әрбір адам жал­қаулықтың жарға жығатынын түсінуі керек», деді. Шиелі ауданынан шалғай, Қызыл­дың құмының арасында орналасқан Қарғалы секілді ауылда өсірілген мәуелі бәйтеректің бұтағы, жапырағы республика көлемінде жайылып, бүгінде жеміс беруде, яғни бұл шаңы­рақтың ұл-қыздары қазіргі уақытта сол ауданда, Қызылорда облысында, республикалық маңызы бар қалалар Алматы мен Астанада түрлі салаларда қызмет атқаруда, білім алуда, өмір жолдары осылай жалғасуда.  Ал енді осыған не қосарсың, бұдан артық ата-анаға не керек? Дәнеңе де! ...Есік алдына шыққанда аппақ ақ ұлпа қар жауып жатыр екен. Ауа да әлдеқайда тазарып қалған. Ақ қарды баса алмай, таза ауаны кеу­деге сығымдап алып, тұрдық та қал­дық. Қанша жыл өмір сүрсе де, Қани ақсақал мен Сәпия кейуананың кө­ңілі мына қардай тап-таза ғой. Қарды бассам, қариялардың көңілін кірлеткендей болам ба, қайдам?!. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.