Технология • 24 Сәуір, 2024

ЖИ индексінің есебі

371 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде адамзат жасанды интеллект атты жаңа техно­логия­ның өмірімізге еніп жатқанының куәсі болып отыр. Меди­цина, білім, музыка, өнер, қауіпсіздік, қорғаныс салаларынан бас­тап аудио, мәтін аудармасы арқылы тілдік кедергілерді жою­ға дейінгі жан-жақты бағыттарды қамтыған жасан­ды интеллектінің мүмкіндіктері әлемде ғалымдар мен өнертап­қыштардың қызу талқысына түсті. Стэнфорд универ­сите­тінің Адамға бағытталған жасанды интеллект инс­ти­туты 2024 жылдың сәуір айында жасанды интеллект индек­сі­­­нің есебін (Artificial Intelligence Index Report 2024) жариялады.

ЖИ индексінің есебі

Фото: ideogram.ai

2024 жылы жетінші рет шығып отырған индексте жасанды интеллект саласындағы техникалық жетістіктер, технологиялық өзгерістерді қоғамның қабылдауы және оның дамуының әлемдік динамикасы сияқты негізгі үрдістер қамтылған. Одан бөлек есепте жасанды интеллектінің ғылым мен медицинаға әсеріне арналған жаңа тарау ұсынылған. Индекс жасанды интеллектінің дамуына қатысты деректерді жинақтап салыстырады, талдайды және болашаққа қатысты болжамын ұсынады. Зерттеуде берілген статистикалық мәліметтер мен мамандар жасаған ғылыми қорытындылар жасанды интеллектіні жауапкершілікпен, қауіпсіз әрі этикалық нормаларға сай дамыту мақсатында маңызды шешімдер қабылдауға кеңестер ұсынады.

Индекс деректеріне сүйенсек, жасанды интеллект қарқынды дамып келеді. Бүгінгі күні «GPT-4», «Gemini» және «Claude 3» сияқты жаңа жүйелер мультимодальды форматта шықты. Бұл қосымшалар әлемнің ондаған тілінде еркін мәтін құра алады, аудиожазбаларды өңдейді, тіпті мемдерді түсіндіре білетіндігімен ерекшеленеді. Жасанды интеллектінің функционалдық мүмкіндігі артқан сайын, адамзат өміріне де көбірек еніп келеді. Технологиялық компаниялар ЖИ-ға негізделген өнімдерді жасау үшін қызу бәсекеге түсіп, аталған саланы қаржыландырып, оның жаңа өнімдерін жұртшылыққа белсенді түрде ұсынып жатыр.

Есепте берілген талдауды негізге алсақ, жасанды интеллектінің дамуындағы өзара байланысты екі ерекшелікті атап өтуге болады. Біріншіден, технология жетілдіріліп, барған сайын олардың қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл еңбек өнімділігін арттыруға әсер етеді. Екіншіден, болашақта ЖИ-ді енгізу белгілі шектеулерге ұшырауы мүмкін. Үкіметтердің бұл технологияның дамуына барған сайын ықпалы күшейіп келеді. Алдағы уақытта олар университеттердің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын қаржыландыруға, сондай-ақ жеке инвестицияларды ынталандыру сияқты үдерістерге араласа бастайды деп күтіледі. Сонымен қатар Үкіметтер жұмыспен қамтуға ықпал ету, жеке өмірге қол сұғу, жалған ақпарат және зияткерлік меншік құқықтары сияқты ықтимал мәселелердің алдын алуға тырысады.

 

Ұйымдар бойынша бөлінген жасанды интеллект үлгілерінің саны, 2023 ж.

см

 (Дереккөз: Bommasani et al., 2023 | Кесте: 2024 AI Index report)

Кестеден көріп отырғанымыздай индустрия саласында «Google», «Meta», «Microsoft», «OpenAI» сынды технологиялық компаниялар, ал академиялық ортадан «Shanghai AI Laboratory», «UC Berkeley», «Stanford University» сынды зерттеу орталықтары жасанды интеллект өнімдерін ұсынуда көш бастап келеді.

Зерттеуде берілген негізгі қорытындыларға тоқталып өтсек:

  1. ЖИ зерттеуінде өнеркәсіп секторы үстемдік етуін жалғастырып келеді. 2023 жылы өнеркәсіп саласы машиналық оқытудың 51 көрнекті моделін шығарды, ал академиялық орта 15-ін ғана ұсынды. Сондай-ақ 2023 жылы өнеркәсіп пен академиялық орта арасындағы ынтымақтастық нәтижесінде ЖИ-дің 21 моделі пайда болды. Бұл – жаңа рекорд.
  2. ЖИ бірқатар интеллектуал тапсырманы орындауда адам мүмкіндігінен асып түседі. Оның ішінде кейбір өнімдердің кескіндерді жіктеу, визуалды пайымдау және ағылшын тілін түсіну көрсеткіштері бойынша өнімділігі жоғары. Дегенмен математика, көрнекі пайымдау және жоспарлау сияқты күрделі тапсырмаларды орындауда әлі жетілдіруді талап ететін мәселелер де бар.
  3. ЖИ-дің жаңа әрі озық модельдерін өндіру бойынша АҚШ, Қытай, Еуропа одағы мен Ұлыбритания көш бастап тұр. 2023 жылы америкалық институттар ЖИ-дің 61 танымал үлгісін шығарса, бұл көрсеткіш Еуропада – 21, ал Қытайда 15 болды.
  4. Әлемде генеративті жасанды интеллектіге салынған инвес­тиция қарқынды дамып келеді. 2023 жылы ЖИ-ға салынған жеке инвестициялардың жалпы көлемінің қысқаруына қарамастан, генеративті ЖИ-ді қаржыландыру 2022 жылмен салыстырғанда сегіз есеге жуық өсіп, $25,2 млрд-қа жетті.
  5. Әлемде «ChatGPT» өнімі өте танымал және кеңінен қолданылады. Торонто университетінің халықаралық сауалнама қорытындысына сәйкес респонденттердің 63%-ы «ChatGPT» туралы білетінін айтқан. Қосымша туралы білетіндердің жартысына жуығы «ChatGPT»-ді аптасына кемі бір рет қолданатынын атап өткен.

Индексте берілген мәліметтерге сәйкес, қоғамда жасанды интеллектінің азаматтардың өмір сүру жағдайларын жақсарту әлеуетін қабылдауда айтарлықтай демографиялық айырмашылықтар бар. Атап өту керек, жас ұрпақ оптимистік көзқараста. Мысалы, Z буыны респонденттерінің 59%-ы жасанды интеллект ойын-сауық мүмкіндіктерін жақсартады деп санайды. Ал бейбибумерлердің тек 40%-ы мұнымен келіседі. Сонымен қатар табысы мен білім деңгейі жоғары азаматтар табысы мен білімі төмен әріптестеріне қарағанда жасанды интеллекті ойын-сауыққа, денсаулыққа және экономикаға оң ықпал етеді деген көзқараста.

Индексте берілген статистикалық мәліметтер мен мамандар тұжырымы, әлеуметтік сауалнамалар қорытындысы ЖИ-дің технологиялық мүмкіндіктерінен хабардар болып, оның болашақ даму векторын айқындауға мол мүмкіндіктер береді.

 

Бауыржан СЕРІКБАЕВ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20