Су тасқыны • 24 Сәуір, 2024

Ұтымды әдіс – көлтоған

101 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің біраз өңірі қарғын судан зардап шегіп жатқаны мәлім. Су тасқынының алдын алуда неден мүлт кеттік? Саладағы олқылықтарды түзеудің қандай жолы бар? Су тасқынымен күресудің қандай тиім­ді тетігін тапқан жөн? Осы орайда саладағы проб­­лемамен жіті таныс маман, «Қазақ су шаруа­шы­лығы ҒЗИ» ЖШС-ның бас ғылыми қыз­мет­кері Оразхан Қарлыхановтың пікірін білдік.

Ұтымды әдіс – көлтоған

«Алгоритм бойынша тасқынмен күресудің бірінші кезеңіндегі іс-шараларды өзен мен сай-саланың суы азайған уақытта жүргізу керек. Мұның аса жауапты кезең екенін ұмытпаған жөн. Осы кезеңде өзен арнасын, оның барлық сай-саласын келесі жылдың су тасқынын апатсыз өткізуге дайындаған жөн. Әсіресе, елді мекен маңындағы өзен арнасының тар жерін кеңейту, су жолын бөгейтін тосқауылды жою, арнаны жапқан ағаштан, басқа да кедергілерден тазартуға баса ден қойған ләзім. Айта берсек, бірнеше пункттен тұрады. Бірінші кезеңдегі іс-шаралардың толық атқарылуы – тасқынды үлкен шығынсыз өткізудің негізі. Мұндай дайындық кеңес дәуірі уақытында алдын ала бекітілген кесте бойынша толық орындалатын. Өкінішке қарай, қазір олай емес. Барлық дайындық су тасқынынан бір-екі ай бұрын оның зардабымен күресуге қажетті техника мен инертті материалды, төтенше жағдай қызметінің жеке құрамын дайындау, эвакуациялау пунктін іске қосу жұмыстарына жұмылдырылады. Екінші кезең елді мекендер, құрылымдар, мал-мүлік тегіс судың астында қалған кезеңдегі төтенше жағдайдың ерекше іс-қимылымен ерекшеленеді. Бұл тасқынның алдын алу емес, зардабымен күресу, бірақ тасқынның алдын алу алгоритмі есебінде бекітілген», дейді О.Қарлыханов.

Маман айтқан уәжге сенсек, су тасқынының алдын алу алгоритмінің бірінші кезеңі дұрыс жүргізілмегендіктен, жұрт зардап шегіп жатады екен. Өкініштісі, бұл жағдай ұзақ жылдар бойы жиі қайталанып отыр.

Оның айтуынша, қазіргі бекітілген тұжырымдама елді мекендерде жылда қайталанып тұратын су тасқынына байланыс­ты ешқандай шешім қарастырылмаған. Елді мекендерді дамыту тәртібі толығымен зерделенген: су, газ, инфрақұрылым, экология, өрт қауіпсіздігі, кадр, өзін өзі басқару мәселелері, бәрі қарастырылған. Тек су қауіпсіздігі, тасқыннан қорғану шаралары, оның техникалық-технологиялық жолдарын қамтамасыз ету тетігі жоқ.

«Артық суды жинап, жазда қажеттілікке жұмсау – күн тәртібінде тұрған жұмыс. Президент тарапынан да бұл мәселе бұрыннан айтылып жүр. Үкімет пен министрліктер қажетті құжаттар дайындалған, бірақ нәтижелі жұмыс жоқтың қасы. Жалғыз нәтиже – Сырдария өзенінде 2010 жылы салынған Көксарай қарсы реттегіші. Оған да 15 жылдай уақыт өтті. Қазір су тапшылығы мен тасқын судың әлеуетін бір мақсатта пайдалануға, яғни ерте көктемде су жинағыштарға (тоғандарға, су қоймаларына, контррегуляторлық су нысандарына, көлдерге, өзендердің ескі құрғақ арналарына) жинап алып, жазда пайдалануға елімізде толық техникалық және технологиялық мүмкіндіктер бар. Сөзден іске кірісетін уақыт келді. Қызыл суды жинаудың ең ұтымды және қауіпсіз әдістердің бірі – көлтоған (лиман) жүйесін қайтадан қалпына келтіру. Көлтоған технологиясының ерекшелігі – қаптап келе жатқан топан суды бір нүктеден емес, бірнеше жерден кіші бөгеттер арқылы ұстап, төменгі қатардағы келесі бөгеттерге екі жағынан қауіпсіз жолмен жіберіп отырады. Нәтижесінде, бірнеше тосқауыл қатарынан өткен қызыл судың қарқыны бәсеңдейді, оның көп мөлшері көлтоғанда жиналып, ауданы мал азығының сенімді жемшөп көзіне айналады. Ал қажетті тұстарда, ғылыми-зерттеу нәтижелер негізінде тұрақты су ұстағыштар, қарсы реттегіштер салынса, тасқын үлкен экономикалық пайда әкелетіні даусыз. Бірақ көлтоғаннан бастап, су жинағыш, қарсы реттегішдерді салу ғылыми негіздеме арқылы, сметалық-құрылыс құжаттар негізінде жүргізілуге тиіс», дейді маман.

 

Жамбыл облысы