Спорт • 25 Сәуір, 2024

Жарыс күнделігі

106 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының бе­сінші турындағы ең тар­тысты әрі қызықты ойын Алматыдағы Ор­талық стадионда жер­гілікті «Қайрат» пен «Ақ­төбе» арасында өтті. Бұл бәсеке 1:3 есебімен қо­нақтардың пайдасына шешілді.

Жарыс күнделігі

Өзге матчтар мынадай нәтижелермен аяқталды: «Қайсар» – «Атырау» – 1:1, «Жеңіс» – «Тұран» – 1:0, «Ордабасы» – «Қы­зылжар» – 1:1, «Ас­тана» – «Тобыл» 2:2 және «Же­тісу» – «Шахтер» – 1:0. Ел чем­пионатының алтыншы тур ойындары 27 мен 28 сәуір күндері өтеді.

  • Санаулы күндерден кейін Қытайдың Шанхай қаласында садақ атудан Әлем кубогінің кезеңдік сайысы басталады. Қазақ­стан құрамасының бас бапкері Артем Кичкин аталған жарыс­та мына мергендерге сенім артып отыр: Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жаңбырбай, Әлихан Мұстафин, Алек­сандр Еременко (клас­сикалық садақ ату, ерлер), Алина Ілиясова, Гауһар Игібаева, Диа­на Тұрсынбек, Алуа Мұх­тарханова (классикалық садақ ату, әйелдер), Сергей Христич, Ақбарәлі Қарабаев, Андрей Тютюн, Бунед Мырзаметов (блоктық садақ ату, ерлер), Әдель Жексенбинова, Виктория Лян, Елмира Раисова және Айжан Сейдахметова (блоктық садақ ату, әйелдер).
  • Теннисшілердің әлем­дік рейтингі жаңар­тылды. Жерлестеріміздің арасында ең үздік нәтиже әлі де Елена Рыба­ки­наға тиесілі. Ол WTA рей­тингінде төртінші орында тұр. Рыбакина тек польшалық Ига Швен­тек, беларусьтік Ари­на Соболенко және аме­рикалық Кори Гауфф­тан қалып келеді. Еліміздің екінші ракеткасы Юлия Пу­тинцева 50-орынды ен­шілесе, Жібек Құлам­баев 492-сатыға жайғасты. Ерлер арасында сербиялық Новак Джокович, италиялық Янник Синнер және испаниялық Карлос Алькарас алда келеді. Қазақстанның ойыншылары арасында ең үздік көрсеткіш Александр Бубликке тиесілі. Ол 18-сатыға тұрақтады. Өзге отандастарымыздың көрсеткіштері мынадай: Александр Шевченко – 59, Михаил Кукушкин – 129, Бейбіт Жұқаев – 182, Денис Евсеев – 184, Дмитрий Попко – 234 және Тимофей Скатов – 271.
  • Бішкекте жалауы желбіреген Дүйшенқұл Шопоковтың мемориалында Қазақстанның екі боксшысы ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, екеуі де алтын тұғырға көтерілді. 86 кг салмақтағы Аман Қазанқапов шешуші тұста Азия чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері, қырғызстандық Еркін Әділбекұлын сүріндірсе, 75 кг салмақтағы ринг қожайыны Даниэль Әбдірахманов біздің Бақберген Әлиасқаровпен жекпе-жекке шығудан бас тартты.
  • Швейцарияда «Романдия туры» басталды. 28 сәуірге дейін созылатын жарыста «Астананың» намысын Алексей Луценко, Харольд Техада, Игорь Чжан, Сантьяго Умба, Хенок Мулюбырхан, Даниил Марухин және Антон Кузьмин сынды велошабандоздар қорғап жатыр.
  • 25-28 сәуір аралығында Новосібірде шайбалы хоккейден «Болашақ кубогі» деп аталатын халықаралық турнирдің жалауы желбірейді. Бұл жарыста Қазақстан, Ресей және Беларусьтің жас­тар құрама командалары өзара шеберлік байқасады.
  • Күні кеше ғана Штутгартағы турнирде асқан шеберлік танытып, бас жүлдені олжалаған Елена Рыбакина бірден Испанияға аттанды. Бұл жерде тағы бір дүбірлі доданың шымылдығы түрілді. Жүлде қоры 7 877 020 долларды құрайтын жарыстың тұсаукесер кездесуінде Қазақстанның ең үздік теннисшісі WTA рейтингінде 37-орында тұрған қытайлық Юань Фэмен күш сынасады. Дәл осы Мадридтегі турнирде Александр Бублик пен Александр Шевченко да шеберлік байқасады.