Осыдан да қазір елге шыға қалғанда болар істің басында жүрген жастарды көрсең, кәдімгідей қуанып қаласың. «Шиелідегі Жақаев ауылында балабақшадағы қызметімен қоса, ешкі өсіріп, кәсіп бастап отырған Ботагөз деген талапты жас бар» дегенді бұрын да естіп жүретінбіз. Жақында Мемлекет басшысы Ботагөз Арқашбаеваға халықаралық әйелдер күніне орай Астанада өткен салтанатты жиында «Ару-ана» байқауының «Агробизнес саласындағы үздік жоба» аталымы жеңімпазы ретінде марапат тапсырды.
Ботагөз Қазанғап атындағы музыкалық колледжді хореограф мамандығы бойынша бітіріп шыққан жас. Қазір Жақаев ауылындағы балабақшада жетекші ретінде балдырғандарды биге баулып жүр.
«Күнделікті жұмысыма барып-келіп, кесімді айлығымды алып жүре берсем де болатын еді. Бірақ бірде анам Ләззат Пәрменқұлова «ешкі бағып көрсек қалай болады?» деген ой тастады. Әуелгіде кәдімгі қазақы ешкі ұстадық. Асып кеткенде 1 литр сүт беретін. Бұл сүтті ешкілер жөнінде ізденіске жол ашты. Қолдағы бар малды сатып, асыл тұқымды 5-6 ешкі алғанда бізге күлгендер де болды. Бірақ қарапайым тұқымдастарына қарағанда, сүтті 5 есе көп беретін бұлар көңілден шықты. Шамалы қор жиналғасын таза қанды теке алдырып, тұқым тазалауға кірістік», дейді Ботагөз.
Бастапқыда әрине, оңай болған жоқ. Сырттан келген Сексек ата тұқымының арасында Сырдың аптабын көтере алмай ауырғандар да болды. Ботагөздің анасы Ресейдегі мамандармен байланысты жолға қойып, емін іздеді. Жергілікті ветеринарлар арқылы қажетті екпесін салдырып, талдамасын тапсырып, малдың бар жағдайын жасады. Осының арқасында қазір мұндағы заанин, англо-нубиялық және француздық альпі ешкілерінің саны 100-ден асады. Айына 2 тоннаға дейін сүт сауып, оны сатудан бөлек май шайқап, құрт, брынза жасайды.
Осы бағытта ізденіп жүріп білгені – ешкі сүтіндегі май түйіршіктері сиыр сүтіне қарағанда өте ұсақ болғандықтан, ағзаға тез сіңеді екен. Құрамындағы кальций көп сүт балаларға өте пайдалы. Одан бөлек, асқазаны ауыратындар, химиотерапия алғандар басынан келіп, саумал сияқты ішіп кетіп тұрады. Операция жасатар алдында иммунитет көтеру үшін ішетіндер де аз емес. Лақтар алдында сауынды тоқтатқан сәтте кезекке жазылып қоятындар көп. Өнімдерін біздің облыстан бөлек Алматы, Ақтөбе, Шымкент пен Жамбыл өңірінен арнайы алдыратындар бар.
«Мал басын көбейту үшін мемлекет субсидия берді. Бизнесті қолдау бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант алып, сауу аппараттарын алдым. Елімізде осындай шаруашылықпен айналысатындармен тұрақты байланыс жасап тұрамыз. Орта Азия деңгейінде өткен сайыстардан ешкілеріміз сүтінің майлылығы, құнарлылығы жағынан 2 мәрте жүлделі орындардан көрінгенде бейнетіміздің бір биікке шығарғанына қуандық. Бастаған ісімнің болашағына сенемін. Алда етті бағыттағы бур, жүні бағалы ангор тұқымдастарын өсіріп көрмек ойым бар. Мемлекеттік қолдауды пайдаланып, ешкі сүтін, сүт өнімдерін дайындайтын шағын зауыт ашқым келеді», дейді кейіпкеріміз.
Нағашы атасы Мелден жанды да, малды кісі болған екен. Балаларының басы қосылған жерде «Есің кетсе, ешкі жи» деген қазақтың көне нақылын жиі айтатын көрінеді. Қазына кеуде қарияның сол бір бата-тілегі кенже қызының перзенті Ботагөзге құт болған секілді.
Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы,
Жақаев ауылы