Аймақтар • 25 Сәуір, 2024

Сырым ауданында 114 үй салынады

136 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жайық өзені Орал қаласы тұсында кемеріне толып, сай-саланы суға толтырып, Атырау облысына қарай беттеп барады. Өзен деңгейі қауіпті шектен 13–14 см асып көтерілгенімен, соғылған бөгеттер елді мекендерді аман сақтап қалды.

Сырым ауданында 114 үй салынады

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жайықтың жайылған суынан ең көп зардап шеккен саяжай аумағындағы үйлер болды. Соңғы есепке қарағанда Орал қаласының өзінде 14 839 саяжай үйін су басқан. Сондай-ақ Бөрлі ауданында – 245, Бәйтерек ауданында – 112, Теректі ауданында 16 саяжай су тасқыны астында қалған.

Наурыз айының соңғы күн­дері Қалдығайты өзенінің тасуынан бірнеше көпір бүлініп, Қаратөбе ауданының 9 елді ме­кеніне жол қатынасы үзілген еді. Қазір ол жерде уақытша жол қатынасы қалпына келтірілді. Шың­­­ғырлау ауданындағы Ақтау ауы­лы ғана қатынассыз қалып тұр.

Облыс бойынша тасқын кезінде 1 292 тұрғын үйге су кірген болатын. Қазір бұл үйлерге техникалық сараптама жасалып, кейбірін жөндеу, кейбірін қай­та­дан салу жөнінде шешім шы­ғарылып жатыр. Ол жөнінде бұрын хабарладық. Өңірде су тас­қыны кезінде 13 939 адам қауіпті жерден көшірілген еді. Қазір 2 441 адам эвакуациялық бекеттерде жатыр. 3 729 адам үйіне қайта оралды. Өмір бірте-бірте қалыпты арнасына түсіп келе жатыр.

Сәуірдің 5-інен бері Батыс Қазақстан облысына еліміздің әр аймағынан 863,4 тонна гума­ни­тар­лық көмек келген екен.

Қазір Жайық өзенінің деңгейі Орал қаласының тұсында 1957 жылдан кейінгі ең жоғары ше­гі­не жетіп, 863–864 см болып тұр. Бұл – қауіпті деңгейінен 13–14 см жоғары деген сөз. Сәуір айының 1-інде облыс бо­йынша төтенше жағдай жария­л­а­нып, өзен жағалауындағы елді мекендерді, Орал қаласын қорғау шаралары қауырт жүрді. Еліміздің әр аймағынан 4 мыңнан аса құтқарушылар, төтенше жағ­дайлар департаменті маман­да­ры, әскерилер келді. Осы­ның нәтижесінде облыс бо­­йынша 150 шақырымға жуық қор­ға­ныс бөгеті салынды. Бұ­рын­ғы бөгеттер биіктетіліп, ны­ғай­­­­тыл­ды. Осының арқасында Жа­­йық өзенінің жайылған суы елді ме­кен­дерді қоршап, қауіп төн­дір­генімен, тұрғын үйлер мен стра­тегиялық нысандар негізінен аман қалды.

Қазір бөгеттер суды ұстап тұр­ға­нымен, қауіп әлі сейілген жоқ. Қауіпті тұстар тәулік бойы бақы­лауда тұр. Орал қала­сы­­ның өзінде су бұзып кетуі мүм­­кін 24 нүктеде, әсіресе қаланың «Күрен», «Жас натуралистер стансасы», «Азаулы», «Коминтерн», «Ақжүніс» аудандары, Речник, Құрылысшы бау-бақша серік­тес­тіктерінде 24 сағат кезек­ші­лік ұйымдастырылып, қатаң қада­ға­ланып отыр. Қала маңында жаға­лауды нығайту, қап төсеу жұмыстары жалғасып жатыр. Төтеншеліктер мен полиция, әскерилер тәулік бойы қоғамдық тәртіпті қадағалап, патрульде жүр. Хабарлама жасау, эвакуация, мо­ни­торинг жүргізу, апаттан құт­қа­ру және шұғыл жұмыстар – осы топтың міндетінде.

Осы күндері «Қазсушар» меке­месінің жергілікті маман­дары Жайық суын облыс аумағындағы су қоймаларына толтырып алу қамымен жүр. Сәуірдің 24-індегі мәліметке қарағанда, өңірдегі су қоймалары 86% толған, 438 млн текше метр су жиналып алынған. Қазір Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне секундына 118 текше метр су құйылып жатыр. 2024 жылдың басынан бері осы жүйеге 242 млн текше метр су алынған екен. Қазіргі таңда су қоймаларына су жиналып, кейінгі жылдары кеуіп қалған көлдерге, көлтабандар мен табиғи шабындықтарға су шығып жатыр.

Жайық өзенінің деңгейі соңғы бір тәулікте 1 см-ге түсіп, 863 см болды. Жалпы, су тасқыны бас­талғалы Жайық өзенінің деңгейі 7 метрге көтерілген.

 

Батыс Қазақстан облысы