07 Қаңтар, 2015

Ақпараттар ағыны

252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
*«ҚазАгро» 2014 жылы шаруалардың қарыздарын 25,8 млрд. теңгеге субси­дия­­лады. Компанияның мәліме­тін­ше, «Қазагромаркетинг» құры­лымына субсидиялауға байланыс­ты аграрлық нарық­тың қатысушы­ла­рынан 9 402 кредиттік/лизингттік келі­сім­шарттар бойынша өтініштер келіп түскен. *Былтыр елімізде дек­рет­тегі әйелдерге 4 млрд. теңгеден астам зейнетақы жарналары төленді. Денсаулық сақ­тау және әлеуметтік даму министр­лігінің баспасөз қызметі атап көр­сеткендей, бұл қаржы рес­публикалық бюджеттен қа­ралған. Еске сала кетейік, 2014 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап баласы 1 жасқа толғанға дейін декреттік демалысқа шық­қан әйелдердің зейнетақы жинақ­тарын міндетті субсидия­лау енгізілген. Оның орташа мөлшері 4 021 теңгені құрады. *Астанада 2014 жылы 11 мыңға жуық жас жұп шаңырақ көтерді. Қалалық әділет департаменті АХАЖ бөлімінің хабарлауынша, қазіргі таңда жас отбасылардың арасында некеге отыруға электрон­ды түрде өтініш беру жағдай­лары артып отырған көрінеді. *Қызылорда өңірінде 3-6 жас аралығындағы ба­ла­лардың 90%-ы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі келтірген дерекке қарағанда, өткен жылы аймақта 80-нен астам мектепке дейінгі оқыту мекемесі ашылған. Соның ішінде 60-тан астамы балабақша болса, қалғандары шағын орталықтар. *Батыс Қазақстанда «Биз­нестің жол картасы-2020» бағдарламасына сәйкес 400-ге жуық жоба мақұлданған. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасынан түскен мәліметте көрсетілгендей, бұ­лар­дың арасында ауылдық жер­лерде 15,2 млрд. теңгені құрай­тын 129 жоба қолдау тап­қан. Со­­ның нәтижесінде 3 мың­нан ас­там жаңа жұмыс орны ашыл­ған. *Маңғыстау облысының Шебір ауылында мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ғимаратты салуға облыстық бюджеттен 138 млн. теңге бөлінген. Заман талабына сай жабдықталған клубтың мәжіліс залына бір мезетте ауылдың 200 тұрғыны сыяды. Оның ашылу рәсіміне қатысқан аймақ басшысының орынбасары Бану Нұрғазиеваның айтуынша, бүгінде өңірде 117 мәдениет ошағы қызмет көрсетіп отыр. Былтыр мәдениет саласын дамытуға облыстық қазынадан 2,4 млрд. теңге қаралыпты. *Атырауда 280 орындық балабақша ашылды. Облыстық ішкі саясат басқармасы мекеменің құрылысына республикалық бюджеттен 405лн. теңге жұмсалғанын мәлімдеді. Айта кетейік, соңғы деректерге көз жүгіртсек,  аймақта  2014 жылы жалпы 3 180 орынға есептелген 17 балабақша ел игілігіне ұсынылған. Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары мен «ҚазАқпарат» агенттігінің деректері бойынша дайындалды.