Пікір • 25 Сәуір, 2024

Жастар – жаңа идеялардың жаршысы

279 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында жастар бойында, кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызына ерекше назар аударды. Интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Жастарды кітапқа ынталандыру үшін Президент елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар салу, Ұлттық кітап күнін белгілеу, әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды қазақ тіліне аударуды жалғастыру сынды өзекті мәселелерді атап өтті.

Жастар – жаңа идеялардың жаршысы

Инфографикаы жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Ел болашағын ойлағанда ең алдымен есімізге жастар, олардың қоғамдағы орны түседі. Өйткені жастар қоғамдағы жай ғана адамдар санатының белгілі бір тобы ғана емес, олар жас күш-қуаттың, еңбек көзінің, жаңа идеялар мен тың бастамалардың ұйытқысы және халықтың ең белсенді тобы. Сондықтан да жастарды мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси өміріне белсене араластыру, олармен әлеуметтік жұмыс жүргізудің маңыздылығына көңіл бөлу қажет. Өркениет үдерісінде болашағының жарқын, өрісінің кемел болғанын қалайтын әрбір зайырлы мемлекет жеткіншек ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне, олардың толыққанды азамат болып өсуіне жіті көңіл бөліп, мол мүмкіндік жасауға тырысады.

Тәрбие үдерісі – қоғамның негізгі қызметтерінің бірі. Тәрбиелеу міндетін бір ғана әлеуметтік институт атқара алмайтынын жете түсінуіміз керек. Бұл үдеріске отбасы, білім беру және мәдениет мекемелері, билік құрылымдары, бұқаралық ақпарат құралдары сынды көптеген субъекті атсалысады. Жеткіншек ұрпаққа дұрыс тәрбие берудің негізгі кепілі – осы аталған ұйымдардың бірлесе жүйелі қызмет атқаруы. Көп жағдайда ата-аналар отбасын материалдық жағынан қамтамасыз ету мақсатындағы жұмысбастылықты алға тартып, бала тәрбиесіне білім мекемелері жауапты деп санаса, өз кезегінде білім мекемелері керісінше бала тәрбиесінің негізі отбасында қалануға тиіс деп санайды. Салдарынан жеткіншектер мен жастар тәрбиесі мәселесіндегі бос кеңістікті интернет жүйесі мен әлеуметтік желілер толтырып жатыр.

Қазіргі жастардың басым бөлігі қоғам өміріне интернет арқылы араласады. Жас балалардың көпшілігі қолына кітаптан бұрын түрлі гаджет ұстап, өмірді тани бастайды. Жастар кез келген ақпаратпен электронды форматта жұмыс істегенді қалайды. Күнделіктегі тұрмыстағы ауызекі қарым-қатынастың орнын әлеуметтік желілердегі виртуалды қарым-қатынастар алмастырып жатыр. Өскелең ұрпақ қоғамдағы кез келген ақпаратты, оның дұрыс-бұрыстығына қарамастан, қабылдауға бейім тұрады. Еліміздің өзге әлеуметтік топтарына қарағанда жастар жат ағымдардың ықпалына тез түседі. Жаһандану үрдісінің ықпалымен бұрынғы адамгершілік бағдарлардан қол үзіп қалу жастарға дұрыс моральдық-адамгершілік қағидалар мен өмірлік ұстанымды таңдау ісінде қиындықтар тудырады.

Өкінішке қарай, білім жүйесінің өзі де өсіп келе жатқан жеткіншектердің бойында «компьютер, интернет – барлық мәселенің шешімін табуға көмектесетін құрал» деген жалған сенімді қалыптастыруға себепші болып отыр. Мектеп оқулықтарында қазір «интернеттен қараңыз» деген тапсырмалар жиі кездеседі. Ал студенттерге презентация дайындаңыз деген сияқты тапсырмаларды беру арқылы оларды интернетке жүгінуге итермелейміз. «Мына автордың кітабын оқып, қарап шығыңыз» деген тапсырмалар өткен ғасырдың жаңғырығы сияқты естіледі. Instagram, Facebook, TikTok сияқты әлеуметтік желілерде үздіксіз тез ақпарат алмасу кең мүмкіндіктерге жол ашатын сияқты, ал шын мәнінде ол білім алудың, танымның басқа жолдарын тежейтін дәрменсіздік екенін түйсінбейміз. Салдарынан қазіргі заманның балалары мен жастары кез келген ақпаратты атүсті қабылдайды, бүгін оқығанын ертең ұмытып қалады. Телеар­наларды үздіксіз ауыстыру, бір мезгілде бірнеше ақпаратты оқу жастардың дүниетанымына теріс әсер етеді. Олар әлемді біртұтас жүйе ретінде емес, үзік-үзік бір-бірімен байланысы жоқ оқиғалар тізбегі ретінде қабылдайды. Жастардың бойында «психологиялық эмпатия» қасиеті төмен дамыған. Кейбір жастарымыз әлі де қоғамда болып жатқан көптеген құбылысқа немқұрайдылық танытып, «ол менсіз де өтеді» деген ұстаныммен өмір сүреді. Бұл олардың саяси сауаты мен әлеуметтік белсенділігі төмен екенін көрсетеді.

Қоғам дамуының негізгі шарттары­ның бірі – жастардың бүгінгі күнде және бола­шақта өмір сүруге қабілеттілігі. Кез келген даму жастардың өмірлік ұс­танымы, бейнесі, дүниетанымы, ден­саулығы мен сапалы өмір сүруіне тәуел­ді болады. Жоғарыда аталған мәсе­ле­лер елдің рухани жаңғыру жағда­йында жастардың қоғамның толыққанды, белсенді мүшесі ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді. Ал бүгінгі күннің ақпараттық қауіпсіздігі бұл мақсатты көздемейді. Керісінше, жастардың ересектермен және өз құрбыларымен дұрыс қарым-қатынас жасау жолынан әдейі адастыратын сияқты. Қазіргі жас­тар үшін «бетпе-бет» шынайы қарым-қатынас қызық емес. Олар өздері үшін түрлі электрондық құрылғылармен жасалған байланысты тиімді санайды.

Виртуалды жүйе неғұрлым нақты әлеуметтік шынайы байланыстардың орнын ығыстырған сайын, әлеуметтік желілердегі ешқандай дәлелі мен дерегі жоқ жалған ақпараттар мен интернеттегі мағынасыз ойындар жастардың санасын улай түседі. Компьютерлік сауаттылық пен ғаламтордағы мол тәжірибесінің өзі жастарды түрлі жағымсыз жайлардан қорғамайды, өйткені оның қандай мағлұматтарды игеріп жатқанын ата-ана бақылай алмайды. Мұндай көріністің түп төркіні жалпы қоғамдағы ақпараттық сауатсыздықта жатыр.

Сондай-ақ виртуалды байланыс жастарымыздың өміріне айтарлықтай қауіп төндіреді. Желідегі достарын таңғалдыру мақсатында жастар түрлі шектен шыққан, тіпті кейде қылмыстық іс-әрекетке де барып, оны өздерін ерекше етіп, көрсету үшін интернетке жүктеп отырады. Жастардың әлеуметтік ортаға кірігуі және байланысқа түсудегі құзыреттілігінің төмен болуы да алаңдатарлық жайт. Оң-солын ажырата алмайтын жеткіншектер интернеттегі алаяқтардың, атын бүркемеленген экстремистік сипаттағы топтардың жеңіл олжасына айналып жатыр.

Қазіргі әлемдегі дінмен байланысты ахуал тұрақсыз болып тұрған кезеңде неге болса да сергек қараған абзал. Ғаламтор жүйесі мейлінше дамыған заманда діндер бойынша да сан түрлі мағлұмат алуға болады. Бірақ оның дұрысы да, бұрысы да жетіп артылады. Сыртқы күш қоғамды іштен іріту үшін нешеме айла-шарғыны қолданып, өздерінің теріс идеологиясын үздіксіз насихаттап жатыр. Шешендік қабілеті жоғары, харизмалық ерекшелігі бар жалған діни ілімдердің көшбасшылары адамдардың санасына әсер ететін психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оларды өз қатарына тартып отыр. Жастардың діни көзқарастарының дұрыс бағытта қалыптасқаны, радикалды діни идеялардан мүлдем аулақ болғаны қажет. Өйткені уақыт өткен сайын әлем кеңістігінде теріс діни ағымдардың кері уағыз-насихаты әсерінен адасушы адамдар қатары артып келеді. Бүгінгі таңда деструктивті діни ағымдар өздерінің құрығына түскен жастарды Отанға деген сүйіспеншілігінен, сан ғасырдан бері келе жатқан салт-дәстүріне деген құрметтен айырып отыр. Қазақстан жастарының діни фанатқа айналмай, діндарлығының ата-бабадан қалған дәстүрлі діни таныммен, ұлттық салт-дәстүрмен, патриотизммен үйлесім табуы үшін отбасылық қарым-қатынастардағы бала тәрбиесіне қатысты кетіп жатқан кемшіліктерді түзеу қажет. Себебі отбасында қамқорлық пен мейірбандылыққа ие бола алмаған бала өзіне деген жақсы қарым-қатынасты басқа ортадан іздейтіні анық. Сондай-ақ жастар арасында дін мен дәстүрдің сабақтастығына қатысты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын көп жүргізу де  – күн тәртібіндегі өзекті жайт.

Бұл бағытта біздің институт тара­пынан бірқатар ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Студент жастар­дың діни сауатын қалыптастыру мақ­сатында Жамбыл облысы Дін істері департа­ментінің жетекші маман­дарымен бірлесе танымдық-ағар­тушылық іс-шаралар өткізіліп тұрады.

Жастардың виртуалды әлемдегі қызықтардың шынайы өмірден тым алшақ жатқанын түсінбей, интернеттің белсенді қолданушысы ретінде оны тек білім алу мен ойын-сауық үшін пайдаланатыны баршамызға мәлім. Осы орайда институтта ғаламтор жүйесін жастарды еліміздің қоғамдық өміріндегі саяси, мәдени және әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуде тиімді құрал ретінде кең пайдалануға бейімдеу мақсатында IT Академиясы ашылды.

Жастардың интернетке тәуелділі­гін жою, оларды шынайы өмірге ара­ластыру үшін олармен көбірек қарым-қатынас жасап, қоғамдық пайдалы еңбекке, қызығушылығы бойынша мәдени, спорттық іс-шараларға тарту керек. Бұл тұста ересектердің өздері адамдар арасындағы қарым-қатынастың озық үлгілерін: өзгелердің пікіріне толерантты көзқарас, сыйластық, қамқор бола білу, жанашырлық қасиет­терін көрсете білуге тиіс екендігін де ұмыт­пауымыз керек. Жастарды адам­гершілік тұрғыдан тәрбиелеу ісінде саламатты өмір салтын насихаттау, спортпен, жергілікті туризммен айналысуға шақыру, волонтерлік пен студент құрылыс және «Жасыл ел» жасақтарына тарту да оң нәтиже берері сөзсіз.

Жастардың қоғам өмірінің барлық саласындағы белсенділігін арттыру үшін мемлекет оның күнделікті тіршілігіне қажеттіліктерін ғана қамтамасыз етіп қоймай, оның жан-жақты тұлға ретінде қалыптасуына араласу керек. Жастардың ізденушілігі мен қызығушылығын арттыру үшін материалдық тұрғыдан көмектесу керек. Мемлекет басшысының жастарды мемлекет басқару ісіне аралас­тыру үшін олардың арасынан кадрлық резерв құру керектігі жайлы орынды бас­тамасы іске асып жатыр. Бұл бастама жастардың өздері өмір сүріп жатқан қоғам мен мемлекетке жанашырлық пен қамқорлықпен қарауына жол ашады.

Бүгінгі ақпараттық қоғамда жас­тар мәдениетін қалыптастыру үшін бірнеше мәселеге баса назар аударуымыз керек. Біріншіден, бұл жұмыста кездейсоқ, фрагментарлық іс-шараларға жол бермеу керек. Екіншіден, осы бағытта жұмысты кешенді және жүйелі түрде ұйымдастыру қажет. Үшінші, сан жағынан неғұрлым көп және жастардың барлық санатын қамтуға арналған жаңа форматтағы іс-шараларды іске асыру өз нәтижесін береді.

 

Махметғали САРЫБЕКОВ,

Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

ТАРАЗ