Президент • 25 Сәуір, 2024

Қ.Тоқаев: Азаматтардың амандығын қамтамасыз ету – ең басты мақсат

136 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қ.Тоқаев: Азаматтардың амандығын қамтамасыз ету – ең басты мақсат

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Мемлекет басшысының айтуынша, қазақта «Алпыс күн тасыған дария, алты күнде қайтады» деген сөз бар. Көп ұзамай қарғын су кетіп, жұрт күнделікті өмірге оралады. Халымыз айтқандай «Әр қиындықтың қайыры бар».

«Біріншіден, тасқын кезінде ел бірлігі нығая түсті. Арқадағы ағайынға, Жайықтағы жұртқа бүкіл Қазақстан халқы көмектесуге ұмтылды. Апат аймағында тұратын адамдар барша отандасымыздың шынайы жанашырлығын сезінді. Екіншіден, елдің жағдайын жақсарту үшін ешкім қиындықтың келуін күтіп отырмайтыны анық. Дегенмен, мұндай апаттар біраз шаруаны шұғыл қолға алуға себепкер болады», деді Президент.

Президенттің айтуынша, тасқын аяқталған соң кейбір ауылдар тың жерге қоныстанып, жаңадан бой көтереді. Жол салынады, су тартылады. Ауылдарымыз мүлде жаңа келбетке ие болады. «Жалпы, әлемдегі үлкен дағдарыстардың қарқынды дамуға жол ашатыны белгілі», деді ол.

«Қазіргі алапат тасқын да, түптеп келгенде, елімізге оң әсерін тигізеді деп ойлаймын», деген Президент сын сағатта жұдырықтай жұмылған жұртымыз осы қалпында өрлеу, жаңғыру кезеңіне қадам басқанын, бәрі де жақсы болатынын айтты.

«Бәріміз – бір елдің азаматымыз. Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қорғауды Президент ретіндегі ең басты міндетім деп санаймын. Осы қастерлі міндет Әділетті Қазақстанды құру және белсенді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізу арқылы ғана орындалады. Биік мақсатқа жету үшін түрлі кедергіден өтеміз, барлық қиындықты жеңеміз. Ауқымды міндеттерді орындаймыз. Біз еліміздің басты құндылықтары мен бағыт-бағдарынан айнымаймыз. Азаматтардың амандығын қамтамасыз ету – ең басты мақсат. Мемлекеттілігімізді нығайтып, тәуелсіздік туын әрдайым биік ұстаймыз. Мен бұған нық сенемін және сол үшін бәрін жасаймын. Бұл – менің президенттік әрі перзенттік парызым. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», деді Мемлекет басшысы.