Аймақтар • 25 Сәуір, 2024

Көкшедегі қуаныш

45 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Топан судың тақсыретін тартқан өңірдің бірі – Ақмола облысында өкініш сейіліп, қуаныш оты алаулады. Жайлы да жарық пәтерге ие болғандар мемлекеттік қамқорлыққа дән разы.

Көкшедегі қуаныш

Облыс орталығын қақ жарып өтетін Қылшақты өзені жағалауындағы ондаған үйді су шайып кеткен еді. Ескі үйлер табиғаттың сынағына төтеп бере алмай, тұрғындары алғашқы бетте абдырап қалғандары да рас. Бүгін олар үшін ақ түйенің қарны жарылған тамаша оқиға болды. Сегіз отбасы пәтер кілтін алды. Бір айта кетерлігі, зардап шегушілер болашақ баспаналарын қаланың әр ауданынан өздері таңдады.

«Біз осындай қысылтаяң кезде мәселені тездетіп шешуді ойластырамыз. Жергілікті бюдждеттің есебінен 11 отбасына пәтер берілді. Ақкөл, Аршалы, Ерейментау, Жақсы, Зеренді, Целиноград аудандарының 74 отбасына тұрғын үйлерін жөндеуге көмек көрсетіледі. Барлық зардап шегушілерге 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай демеу жасалады», деген облыс әкімі Марат Ахметжанов салтанатты рәсім кезіндегі сөйлеген сөзінде: «Адамдардың көңіл-күйін жақсы түсініп отырмыз. Топан су кезінде қауіптің бетін қайтаруға ат салысқан барлық адамдарға алғысымды білдіремін. Ең алдымен елдің бірлігін көрдік. Қала тұрғындары да, еріктілер де атсалысты», деді.

Пәтер кілтіне ие болғандардың да қуанышы көл-көсір. Олар бірауыздан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Үкімет пен облыс басшыларына ақ алғыстарын жаудырып жатыр. 

«Көне болса да осы шаңырақтан ұл-қызымызды өсіріп, құтты мекенімізге айналған босағамыз ғой», дей келе қала тұрғыны Асхат Біләлов: «Қызыл судың құрсауында қалып, қабырғасын қақырағанда өкіндік те, иығымызға түскен жүкті бірлесе көтеріскен елімнен айналайын!», деді.

Пәтер кілтін алған адамдардың ескі үйлері бірден бұзылып, орындары тазартылып жатыр. Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайсаның айтуына қарағанда, бейнеттің ізі өшірілмек. Алдағы уақытта босаған жер телімдеріне көпқабатты тұрғын үйлер салынуы мүмкін. Әйтеуір, кәдеге асатыны анық.


Көкшетау қаласы