Халықтың санасын ояту оңай емес. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қазақты маса болып шағып, меңіреу санасына сәуле құюға ұмтылғаны да содан. Ал империя қайтті, бұрыш-бұрышқа осындай мотивациялық құралдарды ілді. Әншейін іліп қана қоймай, әрқайсысына жеке-жеке мағына құйды.
Қоғамның санасын игеру үшін арнайы суретшілерді жалдап, тұтас циклдармен плакаттар салдырды. Қылқалам шеберлері билік тарапынан ұсынылған қандай да бір тақырып негізінде әртүрлі карикатураларды қолдана отырып, тұрғындарды ізгілікке тәрбиеледі. Тіпті, сол суреттер арқылы бөгде ұлттарға өз идеологиясын жүргізді. Осылайша өткен ғасырдың басында және одан кейінгі кезеңде ел ішінде сауатсыздықпен күрес басталды. Сондықтан постерлердің жаңа сериясын жасаудың бір тақырыбы кітап оқуға арналғаны бекерден бекер емес.
Өткен ғасырда халықтың біліктілігін көтеру өте маңызды болды. Бұл тұста плакаттар маңызды рөл атқарды. Сондықтан суретшілер оқуға бағытталған мыңдаған картина жазды. Олардың барлығы да адамды білімге шақырды. Әрине, кітап – ешқашан басқа ештеңемен алмастырылмайтын білім бұлағы. Ол жүздеген жыл бұрын да болған, әлі де өмір сүре береді. Осы тұста бір қызық дерек келтіре кетейік. Бұған дейін көшелердегі плакаттарда ғылымға ұмтылған емес, егіншілікпен айналысқан әйелдер бейнеленген еді. Жұрт жаппай ауыл шаруашылығымен айналысып, білім алуға аса қызықпады. Одан бөлек ата-аналардың назарын аударған тағы бір жайт бар. Ол сол серияда жарыққа шыққан «Балаларға ұрысқаннан гөрі кітап сатып алған дұрыс» деген постер еді.
Шыны керек, «кітап оқымасаң, сауатты болуды ұмыт» деген мәтін бүгінге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әлі күнге өте күшті мотиватор болып табылады. Жасыратыны жоқ, заманауи технология мен прогресс дамыған заманда адамдар электронды формат пен қысқаша мазмұнды пайдалана отырып, дәстүрлі қағаз кітаптарды оқудан көбірек алшақтай бастады. Бұл тәсіл адамды қиялдан айырды, есте сақтау қабілеті нашарлай бастады. Зейін мен табандылықты кітапсыз дамыту мүмкін емес. Қазіргі уақытта да бұл плакаттағы сөз тіркесі өз биігінен түскен емес.
Бұрындары кітапхананың табалдырығынан аттаған сәттен бастап, қойдың маңырағаны, иттің үргені, тракторлардың гүрілі, көшені басына көтеріп ойнаған балалардың шуы бір сәтте радионың құлағын басқандай тым-тырыс бола қалады. Әлі күнге дейін ауылдағы шағын екі бөлмені мекен еткен көне кітаптардың иісі мұрныма келеді. Шаң басқан кітаптардың иісі жайлаудың жұпар ауасын жұтқандай бойыңды жеңілдетіп, жаныңды жадыратып жібереді.
Келесі бір сәтте керемет бір дүниеге қолың жетіп, көптен күткен арманың орындалатындай күйге түсесің. Жаныңдағы жолдасыңмен сыбырлап сөйлесіп, жылда сырлай бергендіктен қабат-қабат бояулары жарылып, басқан сайын кейбір жері сықырлап, бірде шиқылдайтын еденді аңдап басып, артық дыбыс шығармауға тырысасың. Кітапханадағы тыныштық бұзылса енді ғана аяқ басқан таңғажайып әлем таптырмай кететіндей көрінетін. Осының сыры неде деп ол кезде ойламадық. Кейін парсы ақыны Жалаладдин Румидің: «Тыныштық – Құдайдың тілі, қалғанының бәрі сапасыз аударма» дегенін оқығанда кітапхана ішіндегі сол бір ғажайып сезім Жаратушыны тыңдаған алғашқы сәттерім екенін түсіндім.
Ақын, Нобель сыйлығының лауреаты Йосиф Бродский «Ізгілікті ояту үшін кез келген қонақүйде поэзия кітаптары жату керек» деп айтыпты. Тариxы мен танымы бөлек дамыған елдерде әлі күнге дейін кітаптың орны бөлек. Білім мен біліктің, мәдениет пен барлық тәрбие атаулының ақ бастауы кітап екендігін олар біледі. Өткен ғасырда Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», деп ескертіпті. Сондықтан да кітап – қай заманда, қандай қоғамда болмасын әрқашан құнды құрал.