Ғылым • 26 Сәуір, 2024

Сутегі – жасыл энергия көзі

240 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күндердің күні табиғаттың аста-төк байлығы сарқылмасына кім кепіл? Сондықтан да ғалымдар еліміздің «жасыл» экономикаға көшу жолында талмай еңбектеніп жүр. Мәселен, Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық жұмыстарына тоқталсақ, зерттеушілер сутегі энергетикасын дамытуды мықтап қолға алып жатыр.

Сутегі – жасыл энергия көзі

Сутегі технологияларын дамыту немесе сутегі энергетикасына ауысу мәселелері бүкіл әлемнің энер­гетикалық стратегияларына кіреді. Сутегінің энергетикада кеңінен қолданылуына кедергі келтіретін негізгі себептердің бірі, оны көміртектік ізсіз алу, мобильді сақтау және тасымалдау мәселесі болып тұр. Егер жоба-жоспарлар ойдағыдай жүзеге асса, зерттеу нәтижелері ел көлемінде баламалы энергетиканың дамуына ықпал етеді. Әйтпесе мамандардың пайымдауынша, бүкіл әлемде дәстүрлі жолмен алынып жатқан энергия шикізаты таусылғалы тұр. Оның үстіне, ол энергия көздері қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіреді. Ал көпшілік, «атом сутегі» секілді терминдерге үрке қарайды. Кешегі Семей полигоны, Жапониядағы алапат апаттар осынау әдіс-тәсілмен жасалған зерттеулерден болған соң шығар, халықтың қорқа қарауы да заңдылық. Алайда саланы әбден мең­герген мамандардың бірі Ұлттық ядролық орталық зертханасының басшысы Арман Миниязовтің айтуын­ша, Жапониядағы жағдайдан соң атом энергиясын өндірудегі талап халықаралық деңгейде күшейтілген.

«Қандай энергия болсын, қауіп­сіздік шаралары бірінші орында тұруы керек. Халықаралық деңгейде ғана емес, ішкі қауіпсіздіктер де міндетті түрде орындалуға тиіс. Ол үшін ең әуелі білікті мамандарды даярлауымыз қажет. Жалпы, елімізде энергетика саласы жақсы дамыған. Десе де, ғалымдар бір орнында тұрмай, жаңа энергия көздерін қарастыруы керек. Ол қауіпсіз әрі тиімді болуы шарт. Ал қазіргі жасыл энергетиканың бірден-бір көзі – атом», дейді білікті маман Арман Жанарбекұлы.

Сондай-ақ А.Миниязов болашақ­тағы тиімділігі жоғары қуат көзі сутегі энергиясы екенін айтады. Себебі ол «жасыл» энергетикаға толығымен сай келеді екен. Кейінгі жылдары Президент тапсырмасымен, «жасыл» энергетика бағытындағы жобалар жақсы дами бастады. Ғылымды дамыту үшін әлбетте, ең әуелі ғылыми техникалық базаны қалыптастыру қажет. Ол үшін арнайы бағдарламалар жүзеге асып та жатыр. Осы уақытқа дейін бірқатар жұмыс атқарылды. Дей тұрғанмен, елде атомға деген алаңдаушылық бар. Бұл сұрақты да энергетик маманға қойып көргенбіз. Оның пікірінше, алаңдауға негіз жоқ.

«Соңғы рет болған Жапониядағы жарылыстан соң, көптеген әдіс-тәсіл жаңартылды. Халықаралық деңгейдегі талаптар да күшейді. Атом энергетикасынан қауіптенудің қажеті жоқ. Мәселен, әлемдегі ядролық державалар өздерінің даму жолын тоқтатқан жоқ. Айналып келгенде, біздің болашағымыз – атом энергетикасында», деді Арман Миниязов.

Ұлттық ядролық орталық зертханасы басшысы сутегі саласында көптеген жаңа технология қолданыла бастағанын да алға тартты. Оның үстіне, дәстүрлі энергия көзі бәсекеге қабілетті емес көрінеді. Болашақта баламалы энергия көздері қай жағынан болсын тиімді болады. Бағасы да арзандайды. Тиімділігіне көз жетсе, халықтың көзқарасы да өзгереді. Тиімділік демекші, мұның экологияға зияны жоқ. Көмірдің күлі сияқты ат-қопа қалдық қалмайды. Демек болашақ ұрпақ үшін өте тиімді. Ғалымдардың айтуынша, энергетиканы тұтынатын да, дамытатын да бүгінгі жастар. Оны бақылайтын, басқаратын мамандарды қазірден даярлау керек.

Ұлттық ядролық орталықта не­гіз­гі ғылыми зерттеулерді қазіргі заман­ғы эксперименттік ғылыми-техно­логиялық базасы, біліктілігі жоғары, көп жылдық жұмыс тәжіри­бесі бар кадрлары жұмыс істейді. Бағдарламаның жекелеген міндеттерін шешуге С.Аманжолов атын­дағы Шығыс Қазақстан универ­ситеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті жанындағы жетекші отандық зертханалар мен ғылыми орталықтар тартылған.

«Жасыл» экономикаға көшу мәселесі Ұлттық ядролық орталықта күн тәр­тібінен түспейді. Мұнда атқарылып жатқан сутегі энергетикасын дамыту бағдарламасының негізгі идеясы – электр энергиясын одан әрі генерациялай отырып, сутегін алудың, оны сақтаудың, тасымалдаудың ин­но­вациялық құрылғыларын, материалдары мен технологияларын әзірлеу, оны дамытудың жолдарын қарастыру. Ғалымдардың күші де осыған жұмылдырылған.

 

Абай облысы,

Курчатов қаласы