Су тасқыны • 26 Сәуір, 2024

Оралдағы әскер Атырауға аттанды

125 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жайық өзенінің деңгейі Орал қаласы тұсында 859 см болып, бір тәулікте 2 см-ге төмен түсті. Бірақ әлі қауіпті шектен жоғары.

Оралдағы әскер Атырауға аттанды

Қазір Жайықтағы тас­қын­ның алды Тай­пақ­қа жетіп, Атырау облы­сының аумағына өтіп барады. Батыс­­қазақ­стан­дықтар таби­ғат­тың сынағынан аман-есен өтіп, шығынды есептеп жатыр. Төтенше жағдай жарияланған айға жуық уақытта еліміздің әр айма­ғынан келген Төтенше жағ­дай­лар министрлігінің, Ұлт­тық ұланның, Шекара қызметінің жеке құрамдары өз міндетін абыроймен атқарды. Енді олар Атырау облысына аттанды. Қызылорда және Маң­ғыстау облыстары Төтенше жағдай департаменттерінің және Қарағанды облысы 52859 әскери бөлімшесінің 281 әскери қызметкерін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов Алғысхатпен марапаттап, шыға­рып салды.

Айта кетейік, биылғы су тасқыны облыста 1 292 тұрғын үйді, 14 839 саяжай үйін басып өтті. 13 980 адам өз үйінен қауіпсіз жерге көшірілді, оның 5 782-сі бала еді. 4 аудан мен Орал қаласында оқушылар 3 апта бойы қашықтан оқыды. Қазірге дейін 2 487 адам эвакуациялық бекеттерді паналап жатыр. Жер­гілікті әкімдіктер 4 940 бас үй жануарын да су бас­­пайтын аймаққа айдап шықты. Өйткені тасқынның алдыңғы толқынында 2 421 бас мал шығын болған еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табиғат апатының алғаш­қы күнінен-ақ халықпен бірге болып, Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына арнайы келгенін кезінде хабарладық. Су тасқынынан зардап шеккен халыққа мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетіні айтылды. Қазірдің өзінде көмек беріліп жатыр.

Төтенше жағдай салдарынан облыста 1 292 тұрғын үйге зиян келгені анықталды. Қазір 1 150 үй бойынша техникалық тексеріс жүргізіліп, 397 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Бұл – Қаратөбе ауданында – 98, Сырымда – 114, Теректіде – 60, Бәйтерек ауданында – 4, Бөрліде 121 үй жаңадан салынады деген сөз.

«Күні бүгін жарамсыз деп таныл­ған тұрғын үйлерді қал­пына келтіру жұмысы басталды. Атап айтқанда, жаңа үй салынатын жер учаскелері анықталып, геология және топо-түсірілім жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмысын жүргізуге жергілікті компаниялардың тізімі анық­талып, дайындық басталды. Бұл үйлердің құрылысы «Қазақстан хал­қына» қоғамдық қорының, өңірдегі ірі кәсіпорындар – ҚПО б.в., ЖайықМұнай, Оралойлэнд Газ, Конденсат және өзге де ұйымдардың қаражаты есебінен іске асырылады», дейді облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Қайыпов.

Тасқыннан зардап шеккендерге біржолғы әлеуметтік көмек те беріліп жатыр. Қазірдің өзінде 1 490 отбасы 547,3 млн теңге әлеуметтік көмек алды. Су тасқыны салдарынан 2 343 бас мал шығын болған еді. Соның ішінде 341 ірі қара, 63 жылқы, 1 742 ұсақ мал, 116 шошқа және 81 үй құсы өлген. Қазіргі таңда осы шығынды өтеу бойынша жұмыс бас­талды. Осы үшін облыстық бюджеттің резервінен 187,5 млн теңге бөлінген.

Биылғы су тасқыны өңірдегі кәсіпкер қауымға да аз шығын әкелген жоқ. Алдын ала есепке қарағанда 39 кәсіпкерлік нысаны, егін шаруашылығымен айналысатын 20 ұжым, мал шаруа­шы­лы­ғымен шұғылданған 18 нысан зардап шеккені анықтал­ған.

Қазір банктер мен микроқаржы ұйымдары тасқыннан зардап шеккен жеке адамдар мен кәсіп­кер­лерге кешенді көмек көрсетуге кірісті. Соның ішінде несие бо­йынша төлемді 30 маусымға дейін кідірту, төлемді кешіктіргені үшін айыппұл мен өсімпұл есептемеу секілді шаралар жасалады. Ал зақымдалған әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандары бюджет есебінен қалпына кел­ті­ріл­мек. Өңірде су тасқыны салдарынан 39 әлеуметтік нысанға залал келген екен. Оның ішінде 31 білім беру, 3 спорт, 2 мәдениет, 3 денсаулық сақтау нысаны бар. Автожолдардың 70 бөлігін су бүлдіріп өткен.

Қазір өңірде саяжайы суға кеткен тұрғындар өте көп. Олар да келген шығынның өтемін сұрап, алаңдап отыр. Айта кетейік, бұл тұрғындарға біржолғы әлеуметтік көмек беріліп жатыр. Басқа баспанасы жоқ халық эвакуациялық бекеттерде орналасты. Бүгінде суға кеткен үйлерге техникалық тексеріс жүргізіліп жатыр. Саяжай жалғыз баспанасы бол­ған тұрғындарға мемлекет есебінен тұрғын үй берілетіні хабарланды.

Су тасқынынан зардап шек­кен халық­қа қолдау ретін­де Қазақстанның түкпір-түк­пірінен, тіпті Қырғызстан, Тәжік­стан секілді шетелдерден де гума­нитарлық көмек келіп жатыр. Сәуірдің 5-інен қазіргі күнге дейін 1 193,4 тонна жәрдем келген екен. Одан бөлек, сын сағатта мемлекеттік материалдық резерв қорынан да қажетті мөлшерде азық-түлік, құрал-жабдық, техника алынған. Жалпы, тасқынға қарсы күреске еліміздің түрлі күш­тік құрылымдарынан, арнайы қызмет салаларынан 11 мыңға жуық азамат жұмылған екен. Осының нәтижесінде Жайық өзені бойындағы 84 елді мекен аз шығын­мен аман қалды.

Дегенмен арқаны кеңге салуға әлі ерте. Орал қаласын құрсап жатқан Жайық та, Шаған өзені де қауіпті деңгейден жоғары тұр. Жобалық қуаты бойынша 19,10 млн текше метр су жинауға қабілетті Шаған су қоймасында қазір 32,14 млн текше метр су кемеріне келіп, лықылдап тұр. Жайық өзенінің деңгейі түспей, бұл өзен аға алмайды.

Сәуірдің 25-індегі мәліметке қарағанда, Ресейдегі Иреклі су қоймасынан секундына 192 текше метр су жіберіліп жатыр. Орынбор қаласының тұсында Жа­йық­тың деңгейі 893 см екен. Мұның бәрі Жайық өзенінде әлі талайға дейін мол су болатынын көрсетеді.

«Бір бейнеттің бір зейнеті бар» демекші, «Қазсушар» мекемесі биылғы мол суды облыс аумағындағы су қой­маларына жинап алып жатыр. Қазір­дің өзінде су қоймалары 87%-ға толған. Жайық-Көшім жүйесіне секундына 118 текше метр су құйылып, жыл басынан бері 242,3 млн текше метр су алынған екен. Бұл су көлдерге, көлтабандармен мен табиғи шабындықтарға беріледі, ауыл халқының игілігіне асады.

 

Батыс Қазақстан облысы