Құлсары қаласында жігері мықты бір жігіт тұрады. Аты-жөні – Берекет Ақжігітов. Отбасындағы перзенттің үлкені балдәурен балалығын алаңсыз өткізді. Сәби кезінде талай арманға берілген шығар. Мектепті бітірісімен жоғары оқу орнына түсіп, мұнайшылық кәсіпті меңгерді. Сөйтіп, жоғары білім алған соң Маңғыстау өңіріндегі кен орындарын бұрғылау компаниясына жұмысқа орналасты. Тәжірибелі мамандардың ақылын тыңдады, үйреткенін жадына түйді. Басшылардың тапсырмасын орындауда елгезектік танытты.
Алайда, толғауы тоқсан мынау тіршілікте кез келген жан алдында нендей тосын оқиға күтіп тұрғанын болжай алар ма еді? Берекет те әр ауысым сайын жұмысына, одан кейін туған жері – Құлсары қаласына жетуге асығушы еді. Көңілі көтеріңкі жүретін жас жігіт 2010 жылдың 1 мамырында аяқ астынан өндірістік жарақат алып, аурухана төсегіне таңылды. Сегіз күн бойы ес-түссіз жатты. Бірақ көрер жарығы бар екен, 9 мамыр күні есін жиды, өз-өзіне келді. Бірақ, ауруханадан мүгедектің арбасымен шықты.
Бұл әрине, орда бұзар отызға толмаған жас жігіттің жанын жаралаған өте ауыр күн еді. Тағдырдың маңдайға жазғаны болар десек те, мұндайға екінің бірі шыдай бермейді. Құрбы-достарының ортасында жер басып жүре алмайтынына налып, мүжіліп кететіндер де болады мұндайда. Берекет те қиналды, бірақ сыр бермеуге тырысты. Бұған сірә, оның бала кезден мінезінің байсалдығы әсер еткен болуы керек. Мүсіркей қарағандарды елең қылмады. Тәніне түскен ауыр жарақат енді байсалдықтан гөрі қиындыққа қарсы тұрып, өмірге құштарлығын арттыра бастаған сыңайлы. Сол мінез алдымен дәрігерлер белгілеген жаттығулардың бірін қалдырмай орындауға бекіндірді. Шетелдік мамандар кеңесін тыңдап, шипа болар еміне де жүгінді. Қытайдың астанасы –Бейжің қаласындағы оңалту орталығына барды. Сол орталыққа сапарының бірінде арбаға таңылған әйелдің бисермен картина өріп отырғанын көрді.
Бір-бірінің тілін түсінбесе де, тағдырдың қиындығына төтеп беруге ұмтылған жандар жүрекпен де ұғына алады ғой. Бисермен картина өруге қызыққанын түсініп, үйретуге тырысқан қытай әйелінің ымдауымен бір-екі өрнекті әдемі түсірген Берекет кезекті емін алуға дәрігер бөлмесіне жөнеле берді. Ол емнен соң өз бөлмесіне беттеген сәтте өзін әлгі әйелдің қызы күтіп отырғанын білген жоқ. Сол қыз Берекетке ақ десте беріп, бисермен картина тоқуды үйрете бастады. Қытай қызы қазақша сөйлей алмаса да «Сенің қолыңнан бәрі келеді, әдемі картина өресің», дегенді жүрегімен сездірді. Содан бері Берекеттің қолынан көрген жанды сүйсіндіретін әдемі картиналар туындады.
– Бұл менің өмірім деуге болады, – дейді бүгінде бірнеше картинаның авторы атанған Берекет Ақжігітов.
– Бисермен картина тоқуға қызығушылығым артты. Әсіресе, табиғаттың тамаша көріністері қызықтырады. Бәлкім, бұл біреулерге еріккеннің ермегі секілді көрінетін шығар. Бірақ мен үшін өмір сүруге талпынысымды оятқан өнердің, тіпті кәсіптің бірегейі деуіме әбден болады.
Қазір Берекеттің қолынан бисер түспейді. Күні бойы осы құралмен картина тоқып отырады. Кейде тіпті, тренажермен жасайтын күнделікті жаттығуларын ұмытып кетеді. Сөйтіп, бір күннің 18-20 сағаты тез өтіп кеткенін байқамай қалады.
– Қытайға дәрігерлерге қаралу үшін жыл сайын барып тұрамын. Сондағы клиникада да бисермен картина тоқуды тастаған емеспін. Бір күні менің картиналарымды қытайлықтар көріп, таңданысын білдірді. Қытай тілінде айтқанын түсінбегенімді ұғынып, оң қолының бас бармағын жоғары көтерді, – дейді Берекет. – Бұл мені, шынымды айтсам, одан әрі шабыттандырды. Енді бұл өнер менің жан серігіме айналды.
Берекеттің өмірге құштарлығын оятқан өнері бастапқыда өз отбасы мен ағайындары арасында ғана белгілі болса, енді аудан жұртшылығына таныла бастады. Әсіресе, анасы Сараның қуанышында шек жоқ. Әр ана баласының амандығын тілейтіні секілді, Берекеттің ауыр жарақат алғаны Сараның да жүрегіне бататын еді. Енді оның өмір сүруге талпынысын тудырған қолөнермен шұғылданғанын көңіліне сәл де болса медет тұтады. Әрине, Сара апай дәл осылай ашылып сыр ақтара қойған жоқ. Алайда, оны баласы үшін жанын шүберекке түйетін ананың көзіндегі мұңның сейіле бастағанынан аңғару қиын емес-ті. Берекеттің бұл өнері туралы естіген аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Серік Қамидолла жас жігітпен кездесу үшін үйіне арнайы келіпті. Екеуара әңгімелесе отырып, Берекеттің қолөнер туындыларының көрмесін ұйымдастыруды ойға алды. Дегенмен, көрмені қай кезде өткізген жөн? Осы туралы ойланған аудандық әкімдік қызметкерлері оны әлеуметтік қызметкерлер мерекесімен тұспа-тұс өткізу қажет деп тауыпты.
Берекет Ақжігітовтің Құлсарыда қолөнер көрмесінде қойылған оннан астам туындысының әдемілігіне таңданбау мүмкін емес еді. Өйткені, оның бәрі жігіттің шебер қолымен өрілген. Әр картинаның әсемдігі көзді арбайды. «Енді біз Берекеттің қолөнер шеберханасын ашуды көздеп отырмыз. Өйткені, бұл өнер мүгедектің арбасына таңылған адамдардың өмірге талпынысын оятатынына толық сенімдімін», дейді Жылыой аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Серік Қамидолла.
Айтқандай, бисермен картина тоқитын Берекет Ақжігітовтің өмірге құштарлығы қайсарлыққа ұласты. Қиындыққа қарсы тұра білген жас жігіттің аяғына қайтадан жан біте бастады. Қазір оң аяғының табаны қытықтағанды сезеді. Демек, болашақта өз аяғына тұрып, туған жердің топырағында адымдай жүрер деген үміттің оты жанды.
Иә, мүмкіндігі шектеулі болса да тағдырдың қиындығына мойымай, қасқайып қарсы тұрар қайсар жанның ғана үміті үзілмейді екен. Дәйім, солай болғай...
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы,
Жылыой ауданы.