«Егеменнің» егізіндей «Казахстанская правда» газетіне жаңа жылдың басында 95 жыл толды. Осыған орай, біз басылымның бүгінгі басшысы, «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ-тың басқарма төрағасы Александр ТАРАКОВҚА жолығып, әңгімелескен едік.
– Александр Юрьевич, ұжымыңызды газеттің 95 жылдық торқалы тойымен құттықтай отырып, бірнеше сұрақ қоюға рұқсат етіңіз. Алдымен «Казправданың» ұзақ жылдық тарихына қысқаша шолу жасап өтсеңіз. «Егемен» өзін Қазақстанның аса ірі мемлекет және қоғам қайраткерлері басқарғанымен мақтанады, ал сіздер кімдердің есімдерімен мақтана аласыздар?
– Газетіміздің тарихы туралы көп жазылғандықтан, ол жөнінде қысқаша ғана айтып кетейін. Біздің газетіміз «Егеменнен» бірнеше күн кейін, 1920 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Известия Киргизского края» деген атаумен шыға бастаған. Кейін атауын бірнеше рет өзгертіп, 1932 жылдың 21 қаңтарынан бастап қазіргі атауын алған.
«Егемендегі» сияқты қайраткерлермен, классиктердің есімдерімен мақтана алмасақ та, біздің газетті де ірі тұлғалар басқарғанын айта аламыз. Соның ішінде басылымымызды ұзақ жылдар бойы жазушы Федор Прокопьевич Михайлов басқарған. Күні бүгінге дейін оны білгендер тек жақсы пікірлер ғана білдіріп жатады. Ал оның баласы, лирик ақын Федор Федорович Михайловтың есімін де біз мақтан тұтамыз. Оның «Ұлы жұттың хроникасы» деген зерттеу еңбегін барлық қазақстандықтар жақсы біледі. Бүгінгі күні ол Мәскеуден «Тамаша адамдар өмірі» сериясы бойынша М.Ю.Лермонтов туралы кітап шығарды. Бұл кітаптың өзі де бірнеше рет басылды.
Біздің газетімізде соғыс жылдары Қазақстанға эвакуациямен келген аса көрнекті жазушылар мен өнер қайраткерлері де жиі жарияланып тұрған. Қазақстанның да аса көрнекті жазушылары мен ақындарының мақалалары жиі шығатын. Солардың ішінде Мате Залка, Самуил Маршак, Михаил Зощенко, Константин Симонов, Алексей Толстой, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы және т.б. мақалалары мен көркем дүниелерінен үзінділер басқанымызды мақтан тұтамыз.
Одан бертінгі жылдары өздерінің озық ой-пікірлерін жазып тұрған Иван Шухов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов және т.б. есімдерін де мақтанышпен атай аламыз. Олжас аға өзінің қасаң қалыптарға сыймайтын адуынды ойлары мен аршынды пікірлерін әлі де біздің газетімізге жазып тұрады. Сондай-ақ, Сәбит Досанов, Нұрлан Оразалин секілді жарқын есімдерді де біздің газетіміздің бетінен жиі көруге болады. Кәкімбек Салықов ағамыз да өмірінің соңына дейін бізбен шығармашылық ынтымақтастықта болды.
– Соңғы жылдарда қандай жақсы табыстарға жеттіңіздер?
– Біз министрліктің тапсырмасына сәйкес 18 адамнан тұратын интернет редакциямызды құрдық. Ол тәулік бойғы режіммен жұмыс істейді. Қазір интернет редакциямызға еніп, оның материалдарын қарайтындар біршама көбейіп қалды. Сайтымыз үш нұсқамен шығады. Соның ішінде газет толығымен көрінетін PDF нұсқасы бар. Алайда, көптеген оқырмандарымызды бұл нұсқа қанағаттандырмады, өйткені, одан материалдарды көшіріп алу қиын. Сондықтан жаңа нөмірдің материалдарын толығымен айдарлар арқылы беретін болдық. Ал үшінші нұсқа – бұл интернет редакцияның өзінің еңбегі және газеттің кезекті нөміріне шыққан қызықты материалдар. Олар жиі өзгеріп, жаңартылып тұрады.
Сонымен қатар, 2001 жылдан бері біздің газеттің ағылшын тіліндегі нұсқасы жарық көріп тұрады. Замана талабына орай біз бірнеше жылдан бері «Бәйтерек» журналын да шығарып келеміз. Көлемі газет бетіне сыя қоймайтын үлкен сараптаулар мен күрделі мақалаларды біз «Бәйтерек» журналына жариялаймыз. Барлық беттері көркем безендірілген, замана талабына толық сай келетін басылым. Алғашқы жылдары екі айда бір рет шықса, қазір ай сайын шығады. Көтеріп отырған мәселелері де көп. Еліміздің өзекті мәселелеріне байланысты жиі-жиі дөңгелек үстелдер өткізіп, қарымды қайраткерлердің, сан қырлы сарапшылардың пікірлері беріліп тұрады. Редакциясының Алматыда болғандығының да өзіндік артықшылығы бар. Бұл басылымның шығармашылық еркіндігіне мол мүмкіншілік береді. Журналдың редакторы – белгілі журналист Гүлнәр Рахметова. Ал жауапты хатшысы жазушы Николай Левочкин. Ол бірнеше халықаралық конкурстарға қатысып, жүлделі орындар, гранттар алған.
– Ұжымның басшысы ретінде «Казправданың» қазіргі журналистері арасында кімдердің еңбектерін жоғары бағалайсыз?
– Мен бұл арада арзан сенсация іздемей, елдік мүдделерді, мемлекеттік мәселелерді парасаттылықпен қозғайтын және соның өзектілігін оқырмандарға жеткізе алатын шебер журналистерді жоғары бағалайтындығымды атап өткім келеді. Солардың ішінде бұрын президенттік пулда істеген, қазір бас редактордың бірінші орынбасары қызметін атқарып жүрген Сергей Нестеренконың, саясат бөлімінің редакторы Владимир Курятовтың, мәдениет бөлімінің редакторы Наталья Курпякованың, Алматы бөлімшесіндегі қаржы саласының білгірі Алевтина Донскихтың, ежелгі қаламгерлер қатарынан Сергей Оболенскийдің, құқық бөлімінен Валентина Феронованың, спорт журналисі Юрий Лифинцевтің еңбектерін жоғары бағалаймын.
Соңғы кезде қосылған қызметкерлер арасынан Юлия Магер, Рысты Әлібекова және т.б. қажырлы қаламгерлер екенін танытып жүр. Меншікті тілшілер арасындағы оңтүстікқазақстандық Любовь Доброта, павлодарлық Сергей Горбунов, шығысқазақстандық Светлана Әбенова, семейлік Айгүл Бидановалар да өз ісінің нағыз мамандары. Олардың әрқайсысы да өз аймақтарының ең өткір проблемаларын көтеріп, олардың оң шешілуіне ықпал етіп жүр. Мұндай мәселелер кейбір әкімдерге ұнамай да қалады, кейбіреулері телефон шалып, мақаланың өткірлігін жұмсартуды да өтініп жатады. Бірақ, артынан, бәрібір мақаладағы мәселелердің дұрыстығын мойындайды.
– Журналистердің үздік жұмыстарын материалдық тұрғыдан ынталандыру жүйесі бар ма?
– Ондай бізде міндетті түрде болып тұрады. Күн сайын өтетін лездемеде нөмірге шыққан үздік мақалаларды анықтап отырамыз. Сосын айдың аяғында бірнеше номинация бойынша сыйақы береміз. Соның ішінде «ең үздік журналист», «ең үздік қызметкер» және «ең үздік меншікті тілші» номинациялары бойынша сыйақылар беріледі. Оның үстіне, акционерлік қоғам ретінде есептік мерзімді табыспен аяқтасақ, біз тоқсандық, жылдық сыйақылар да береміз.
Журналисті қызықты шетелдік іссапарларға жіберуді де ынталандырудың бір түрі деп санауға болады. Редакцияның есебінен қандай да бір делегациямен бірге оның жұмысын ақпараттық жағынан көрсетуге барудың өзі де демалыс емес пе? Ондай журналист нөмірге жедел материал жазбай-ақ, он шақты күн демалып, сапар туралы жұмысқа оралған соң жазып бере алады.
– Газеттің ақпараттық, шығармашылық әлеуетін, оқырманға өтімділігін арттыру жолында қандай жоспарларыңыз бар?
– Қазіргі ақпараттық технологиялардың дамуымен медиа алаңындағы бәсекелестік те артып келеді ғой. Сондықтан да біз бұрынғыдай бір қалыппен жұмыс істемей, жаңа әдістер мен мүмкіншіліктерді тиімді пайдалануға ұмтылудамыз. Соның ішінде бұрын іске асып көрмеген «баспасөз нұсқасы – интернет редакция» деген әдісті қолданып жатқанымыз туралы жоғарыда айтып өттім. Сонымен қатар, идеологиялық құрамдас бөлік басылымның танымалдығын арттырады деген бұрынғы дәстүрден ауытқып, қазір идеологиялық мәтіндерді публицистикалық шеберлікпен алмастыру істеріне назар аударып келеміз.
Газет пен оқырман арасындағы байланысты арттыру арқылы да басылымның бәсекелестікке қабілеттілігін көтеруге тырысудамыз. Осы қатарда оқырманның санасында «Казахстанская правда» әрқашан да шындықты жазады және шыншыл ақпарат береді деген түсінікті одан әрі бекіту – парызымыз. Сондай-ақ, біз табыстылығымыздың көзі әлеуметтік пайдалылығымыз екенін ескеріп, басылған материалдарымыздың маңызды, жедел және шыншыл болуы керектігін алдымызға мақсат етіп қойғанбыз. Халықаралық аса өзекті және жедел жаңалықтарды жеткізудің тиімділігін арттыру мақсатын да алдымызға қойып отырмыз. Шетелдік сарапшылардың түсініктемелерін, сол жақтағы тілшілеріміздің жедел хабарларын, күнделікті халықаралық жаңалықтарды орналастыратын айдарлар да ашылған. Осының бәрі газеттің дамуы мен танымалдығын арттыру жолында жасаған тұжырымдамамызда орын алды.
Техникалық жағынан әрлендіруіміз де өзгеріп келеді. Газет беттерінің дизайны өзгерді, қаріптерімізді үлкейтіп, оқырманның жеңіл оқуына жағдай туғыздық. Материалдар арасындағы ашық алаңдар да оқырмандарға жеңілдік тудыратынын көріп жүрміз. Фотографияларды бұрынғыдай сіріңкенің қорабындай ғана қылмай, үлкен әрі көрнекті етіп беретін болдық. Инфографикалар беру де көбейіп келеді.
– «Казахстанская правда» газетінің таралымы 100 мың данадан асқанына бірнеше жыл болды. Алайда, одан әрі көбейтуге ұмтылмайсыздар ма? Әлде бұл экономикалық жағынан тиімді ме?
– Оның әр түрлі себебі бар. Ең біріншіден, біздің газеттің жазылу бағасы жоғары. Сондықтан оны тарату жеңіл емес. Әрине, біз газеттің тиражын өсіру жолында еңбектеніп келеміз. Бірақ қазір интернет басылымның да бар екенін ескерсек, бүгінгі тиражға қанағаттануға да болады. Оның үстіне, әрбір басылым өзінің танымалдық шегін де білуі керек қой деп ойлаймын. Әрине, Кеңес Одағы жылдарында біздің газеттің таралымы 260 мыңнан асқан кездері де болған. Бірақ ол кездегі баға да басқа еді ғой.
– Газет қызметкерлерінің интеллектуалдық әлеуетін арттыру жолында атқарып жатқан істеріңіз бар ма?
– Қазір бұл бағытта неше түрлі бағдарламалар мен жобалар бар ғой. Соның ішінде журналистердің ғана емес, қаржылық-шаруашылық қызметкерлердің білігі мен білімін арттыру бағдарламалары да бар. Менің орынбасарым Асхат Мұқашев та сондай бағдарламаның бірі бойынша білімі мен білігін жетілдіріп жүр. Журналистер арасынан да 15 шақты адам үстіміздегі жылы ғана қысқа мерзімдік курстарға барып келді. Бұл іске біз жылдық бюджетімізден арнайы қаражат қарастырып отырамыз. Кейде 2-3 жылға созылатын ұзақ мерзімдік оқыту бағдарламалары да ұсынылады. Бірақ, оларға ағылшын тілін білу керек. Біздің қызметкерлер арасында ондай адамдар аз. Ресейлік басылымдар да біздің журналистерімізді қысқа мерзімдік курстарға жиі шақырып тұрады. Мәселен, Ресейдің «Новости» ақпарат агенттігі тегін оқытуға адамдарымызды шақырды. Осы күні біз қызметке шақырғанда журфакты бітірген адамдарды ғана емес, арнаулы білімі бар жастарды да алғымыз келеді. Әсіресе, экономика, мәдениет, құқық саласында жаза алатын жандарды қызметке тартудамыз.
– Тұрақты авторларыңыздың арасынан кімдердің материалдарын халық сүйіп оқиды деп санайсыз?
– Бұл жердегі бірінші орынға Олжас Сүлейменовтің жазғандарын қояр едім. Оның тар қалыпқа, қасаң көзқарасқа сыймайтын кең құлашты дүниелерін оқырмандар сүйіп оқитыны сөзсіз. Оның материалдары шыққан күні интернет басылымға кірушілер қатары да еселеп артып кетеді. Сондай-ақ, Моисей Гольдберг есімді 90 жасқа таяп қалған авторымыз бар. Ол кісінің ауыл шаруашылығы проблемаларына қатысты жазатын материалдарын агрария қызметкерлері сүйіп оқиды. Биыл ол Ауыл шаруашылығы министрлігі тыңның 60 жылдығына орай жариялаған конкурсқа қатысып, жеңімпаз болды. Сол сияқты экономист ғалым Рахман Алшановтың халықаралық экономикалық проблемаларды талдаған мақалалары оқырманның көңілінен шығып жүргенін жақсы білеміз.
Әрине, бұлардан басқа да оқылатын авторлар көп.
– Әңгімеңізге рахмет, 95 жылдық тойларыңыз құтты болсын.
Әңгімелескен
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.