09 Қаңтар, 2015

Ақпараттар ағыны

258 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
*Қазақстандық салым­шылардың таза инвести­циялық кірісі өткен жылдың 11 айында 188,7 млрд. теңгені құрады. Ұлттық банктің соңғы дерегіне көз жүгіртсек, 2014 жылдың 1 желтоқсанындағы жағ­дай бойынша, зейнетақы жинақтары 4,4 трлн. теңгеден ас­қан. Ал оның өсімі – 700 млрд. теңге. *Еліміздің өңірлерінде 40 медициналық-құтқару пункті қызмет көрсетіп келеді. Тө­тенше жағдайлар комитеті ха­барлағандай, «Саламатты Қа­зақ­стан» бағдарламасы ая­сын­да құрылған бұл жол бойы пункттері бүгінге дейін 7 мың­нан астам адамға дер кезін­де көмек көрсеткен. *Алматы облысында сабаннан отын кеспектерін дайындайтын зауыт ашылды. Көксу ауылындағы бұл шағын кәсіпорынды іске қосқан кәсіпкер Серік Абыхановтың айтуынша, оның қуаттылығы тәулігіне 20 тонна биоотын шығаруға жетеді. Зауытқа 70 млн. теңгеге сатып алынған жаб­дықтар Балтық бойы елде­рінен әкелініпті. Қазірдің өзінде ауданның 12 мектебі осы биоотынды қолдана бастаған. *Астанада 95 мыңнан ас­там адамға әлеуметтік қолдау көр­сетілді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар­ламалар басқармасы мәлім еткендей, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына тегін қызметтер түрінде және 2 222,1 млн. теңге көлемінде әлеуметтік көмектер берілген. *Шымкентте «Интел­лек­туалды қиылыс» жүйесі құрылады. Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Алмас Тастанбеков атап көрсеткендей, бұл жүйе жол ережесін бұзғандармен қатар, көлік ұрлағандарды да жылдам анықтауға мүмкіндік береді. *Қызылорда өңірінде былтыр 286,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетованың сөзіне қарағанда, аймақта жұмыссыздық деңгейі 5,0 пайызды құрап, 2013 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2 пайызға азайған. Ал негізгі  капиталға салынған инвестиция­лар көлемі 253,3 млрд. теңгеге жетіп отыр. *Қостанайлық ауыл шаруашылығы тауарын өн­ді­рушілер 2014 жылы 107 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Облыс әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов өңірде шұ­жық, күнбағыс майын және ет, сүт өнімдерін өндіру ісінде ілгерілеушілік байқалғанын, сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешенде 33 жаңа инвестициялық жобаның іске қосылғанын жеткізді. *Солтүстік Қазақстанда денешынықтыру-сауық­ты­ру кешені қатарға қосылды. Ғ.Мүсірепов атында­ғы ауданның орталығы – Новои­шим ауылында бой көтерген ны­санды салуға 260 млн. теңге жұмсалған. Аудан әкімі Владимир Дудов кешеннің ашылу рәсімінде онда баскетбол, волейбол, күрес, бокс, жеңіл атлетика секциялары, тренажер залы жұмыс істейтінін мәлімдеді. *Батыс Қазақстанның Зеленый ауылына газ жеткі­зілді. Газ құбырының аталған ауылға дейінгі жалпы ұзындығы – 5 шақырым. Жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 18 млн. теңге бөлінген. Айта кетейік, қазіргі таңда облыстың елді мекен­дерін газдандыруға барлы­ғы 3 млрд. теңгеге жуық қар­жы жұмсалыпты. Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары мен «ҚазАқпарат» агенттігінің деректері бойынша дайындалды.