Таяуда Түркия Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен Өкілетті елшілердің 7-ші конференциясына қатысқан ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ирина Бокова Түркияға алғашқы ресми сапарының аясында Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының штаб-пәтерінде болды.
Ирина Бокова ТҮРКСОЙ ұйымымен 20 жылдан астам уақыт ішінде көптеген іс-шаралар бірлесе атқарылғандығын атай келе, «Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы мен ЮНЕСКО мәдениет және өнер салаларында бір бағытта қызмет атқарып келеді. Өйткені, мәдениет – адам табиғатындағы ең үлкен байлық.
Әлемдегі биологиялық әртүрліліктің орны қандай болса, адамзат ішіндегі әралуандық та сондай. Мәдени мұра мен мәдени құндылықтардың әралуандығы әлемдік бейбітшіліктің орнығуына сүбелі үлес қосатыны сөзсіз. Әлемде зорлық-зомбылық белең алған қазіргі кезеңде интеллектуалды және жоғары деңгейдегі ықпалдастықтың, толеранттылық пен үнқатысудың қажеттілігі арта түсуде. ТҮРКСОЙ ұйымының жасаған жұмыстарына үнемі көңіл бөліп отырамыз. Татарстанда өткен шаралар, Қырғызстанда Манас рухын асқақтатқан игі жұмыстар назарымыздан тыс қалған жоқ. Түркі әлемі – мәдени мұраға бай дүние. Осы тұста түркі әлеміндегі жетістіктер Қазақстан мемлекетінің бастамасымен ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы жариялаған Халықаралық мәдениеттер жақындасуының онжылдығы рухымен астасып жатқандығын айрықша айтуымыз керек. Алдағы жылы ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ арасындағы ынтымақтастыққа 20 жыл толады. Сондықтан ЮНЕСКО жалғыз емес, оның ТҮРКСОЙ сынды қолдаушысы бар», – деді.
ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов 1996 жылдан бері ЮНЕСКО-ның қолдауымен көптеген іс-шаралардың жоғары деңгейде өткендігін сөз етті. «Бүгінгі ТҮРКСОЙ штаб-пәтеріндегі кездесудің тарихи оқиға екені сөзсіз. ТҮРКСОЙ БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы жариялаған Халықаралық мәдениеттер жақындасуының онжылдығы жобасын қолдап отырады. Осы тұрғыдан келгенде, ЮНЕСКО-ның 70 жылдық мерейтойы қарсаңында түркі дүниесінде және бүкіл әлемде бейбіт өмір сүру мәдениетінің күшеюіне үлес қосуды жалғастырамыз. Бұл ынтымақтастық түркітілдес халықтардың мәдени мұрасының сақталуы үшін ғана емес, адамзаттық және ғаламдық мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосады. Сонымен қатар, соңғы кезеңде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Наурыз мерекелік концерті, ТҮРКСОЙ-дың 20 жылдық мерейтойы, «Балалар бейбітшілік үшін» атты сурет көрмесі сынды айтулы шаралар ұйымдастырдық. ЮНЕСКО-ның Бас директоры түркі дүниесінде өткен бірқатар шараларымызға өзі қатысып қолдау көрсетті. Бұдан кейін де бірлесе атқаратын шараларымыз аз емес. Биылғы жылдың наурыз айында, яғни ЮНЕСКО-ның 70 жылдығы қарсаңында Наурыз мерекелік концертін, сәуір айында Қорқыт ата тақырыбына арналған симпозиум мен дәстүрлі-фольклорлық концерт ұйымдастырамыз», – деді Дүйсен Қасейінов.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».