Суреттерде: 1.Мәкен Иманова. 2.Қ.Сәтбаев музей-үйінің меңгерушісі Ахмедия Жұмабаев Амангелді Имановтың қызы Мәкен Иманованы музейде қарсы алып тұр. 1969 жыл. 11 сәуір.
Қаныш Сәтбаев Алматыға қоныс аударған соң бұл үйде мектептің қарапайым мұғалімі Ахмедия Жұмабаев деген кісі тұрыпты.
Академиктің Қарсақбайдағы Музей-үйінің ашылуына бар ынта-жігерін жұмсаған осы – Ахмедия Жұмабаев. Ол 1905 жылы Жамбыл облысы, Байқадам ауылында дүниеге келген. 1928-1932 жылдары Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық және мұғалімдер институтында жоғары білім алған. 1960 жылы Қарсақбайдағы №1 орта мектепке химия, биология пәнінің мұғалімі болып орналасқан. 1978 жылы өмірден өткен.
Ол Баянауылға, Алматыға, Томскіге арнайы барып, ғалымға қатысты жәдігерлерді жинақтайды. Сөйтіп, 1969 жылғы 11 сәуірде Қарсақбайда Қаныш Сәтбаевтың музейі ашылады. Бұл еліміздегі Қанекеңе арналған алғашқы музей еді. А.Жұмабаев музей ашылғаннан бастап өмірінің соңына дейін меңгеруші, қор сақтаушы ,күзетші, бағбан әрі экскурсовод қызметтерін бір өзі атқарған.
Музейдің ашылу салтанатына Ұлт-азаттық көтерілісінің батыры Амангелді Имановтың қызы Мәкен Иманова құрметті қонақ ретінде шақырылған екен.
Биыл ұйымдастырылғанына 55 жыл толған музейде елімізге танымал көптеген тұлға қонақ болған, «Құрметті қонақтар» кітабына қолтаңбаларын қалдырған. Қазақ өндірісінің қарашаңырағы Қарсақбайға жолы түскендердің ешқайсысы да Қанекеңнің табанының ізі қалған Музей-үйіне соқпай кетпейді.
Ұлытау облысы,
Қарсақбай кенті