Халық • 30 Сәуір, 2024

Қандастар көші теріскейге бет бұрды

118 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Халқымыздың саны 20 миллионнан асуына сыртқы көші-қонның да қосқан үлесі басым. Демографияға дем беретін салқар көш керуен тартып, алыстағы ағайын атажұртқа қазығын қағып, уығын байлап келіп жатыр.

Қандастар көші теріскейге бет бұрды

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 4 351 этностық қазақ атажұртпен табысып, қандас мәртебесін алған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша 1991 жылы тәуелсіздік алған елең-алаң шақтан бері тағдыр тауқыметімен тарыдай шашырап, қиыр жайлап, шет қонған ағайын арасынан атажұртқа 1 миллион 132,7 мың қазақ оралыпты. Биыл үш айда атамекенге қоныс аударған қандастардың басым көпшілігі Қытайдан (51,1%) келген. Осы жылы Өзбек­стан, Түрікменстан, Моңғолия мен Ресейден, басқа мемлекеттерден көшіп келушілердің 59,1%-ы – еңбекке қабілетті жаста. Көшіп келген қандастардың 31,7%-ы кәмелеттік жасқа толмаған, ал 9,2%-ы – зей­неткерлер. Көшіп келген еңбекке қабі­летті қандастардың ішінде жоғары білімді (16,9%), орта кәсіби білімді (21,5%), жалпы орта білімді (55,5%) азаматтар бар. Ал білім алмағандардың үлесі – 5,1%.

Көші-қон, оның ішінде елге ел қосы­лып, демографиялық өсімге серпін бере­тін сырттан көшіп келушілер мен ішкі ми­грацияға қатысты саясат өзгеретінін Мем­лекет басшысы Қазақстан халқына Жол­дауында айтқан-ды. «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ жалпы­ұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды. Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек. Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруға тиіс», деді Президент.

Атажұртқа оралған ағайындар әр өңір­ге қоныстанады. Әсіресе еңбек күші тапшы Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында қандастардың қазығын қағып, қоныс тепкені аса маңызды болып отыр. Қоныстандыру өңірлерінде биылғы квота – 2 433 адам. Былтырғы нәтиже бойынша 1 981 қандас өңірлерге көшіп барған. Мемлекет шетелден көшіп келетін қандастарға әлеуметтік көмек көрсетуде бірнеше бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Мәселен, мемлекеттік қолдау шарасы аясында отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш (258,4 мың теңге) мөлшерінде көшіп келуіне субсидия беріледі. Тұрғын үй жалдау ақысына және коммуналдық төлемге көмек есебін­де 15-30 АЕК (110,7 мың теңгеге дейін) мөл­ше­рінде қаражат аударылады. Биылғы үш айда 617 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілген. Оның ішінде 368 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Ерікті түрде қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында солтүстік өңірлерге кө­шіп баратындарға жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар да қабылданды. Тұрғын үйді сатып алу, болмаса салу немесе ипотекалық тұр­ғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға да қолдау көрсетіледі. Экономикалық ұтқырлық сер­тификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасыға 4 миллион 280 мың теңге мөлшерінде қайтарымсыз беріледі. Былтырдан бері қанатқақты режімде Қазақстан елшіліктері арқылы «Бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру жұмысы да жүзеге асырылып келеді. Ілкімді жоба аясында елімізге келуге, жұ­мыс орнын тауып, тұрғын үй алу мүм­кіндігін шешіп, шекарадан өтпей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Осы күнге дейін «Бір терезе» қағидатымен 7 518 өтініш қабылданған.

Көші-қон саясатының өңірлерде оңтайлы өрбуіне үлесін қосып жүрген Күнболат Зауытұлы 2020 жылдан бері теріскейге азаматтарды қоныстандыру шаруасына араласып келе жатқанын айтады. Былтыр «Тәуекел Кереку» қоғамдық ұйымын құрып, белсенді азаматтардың басын біріктіріп, Павлодар өңіріне 110 отбасының көшіп келуіне септігін тигізіпті. Өзі де елдегі ішкі көші-қонды нығайту мақсатында іске асырылған мемлекеттік бағдарламасымен көшіп келген.

– Біз Қытайдан атажұртқа оралғанда алдымен Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік қаласында қоныс­тандық. Одан кейін мемлекеттік бағдар­ла­ма бойынша 2020 жылы Павлодар облы­сы­ның Успен ауданының орталығына кө­шіп келдім. Қазір жеке компаниямызды құрып, құрылыс саласында еңбек етеміз. Кірпіш өндіретін шағын цехті іске қосып, игілігін көріп отырмыз. «Тәуекел Кереку» ұйымының негізгі мақсаты – көшіп келуге ықылас танытқан қандастарымызға қол­дау көрсету. Қай өңірге мал өсіруге болады, қайсы аудан егін егуге қолайлы, жұмыс орындарына орналастыруда қай ауданға барған дұрыс деп сұрағандарға өз­дерінің мамандығына, жұмыс істеу ике­міне қарай жөн сілтейміз. Павлодар облысының 12 ауданындағы ахуалды, жер жайын толыққанды түсіндіріп, құлағдар етеміз. Көшіп келген азаматтардың басым көпшілігі жұмысқа орналасып, ор­таға тез жерсініп, бейімделе алады. Қан­дастарымыздың құжат рәсімдеуіне, мемлекет тарапынан берілетін түрлі әлеу­меттік көмекті алуына жөн-жосығын ай­тып, бағыт-бағдар береміз, – дейді К.Зауытұлы.

Қоғамдық ұйым жетекшісі көші-қон саясатын оңтайландыру, ішкі көші-қонды нығайту бағытында қолға алынған жобалардың оңтайлы жүзеге асуы нәтижесінде төмен пайызбен несие алып, төрт түлігін өрістетіп отырған жандар да бар екенін жеткізді. Қайтарымсыз грант ұтып, шағын кәсібін бастаған азаматтар мемлекеттің қамқорлығын көріп отырғанын айтты. Өзі көшіп келгенде де сатып алатын баспанасының жарты құнын мемлекет өтеп берген. Жеке баспана сатып алғанға дейінгі аралықта жалдаған үйдің де ақысын мемлекет қаржысынан төлегенін атап өтті. Бірнеше адамды жұмыспен қамтып, шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкер ішкі көшті өркендету мақсатында жүзеге асырылатын ұлттық жобалардың игілігі зор екенін айтады. Жұмыс күші тапшы өңірлердің сұранысын орындау мақсатында құйылатын салқар көшке жергілікті атқарушы билік салқын көзқарас танытпаған ләзім дейді.