09 Қаңтар, 2015

ТКШ жаңғыруы тездетілмек

281 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елімізде 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама тұрғын үй қатынастарының ыңғайлы моделін жасақтауды, ұсынылатын тұрғын үй-коммуналдық қызметтер мен азаматтардың өмір сүруіне тиімді жағдай жасауды қамтамасыз етеді. 2014 Жолдауда көтерілген кез келген бағыт еліміз үшін өткір тұрған мәселелердің шешімін табуды мақсат етеді. Әрине, осыған дейінгі жарияланған кез келген Жолдаудың да арқалаған жүгі, берер бағыты айрықша болып отырғаны хақ. Осы кезде айтып өтер нәрсе, мәселенің дер кезінде көтерілетіні. Атқарылар іс өткір көтеріліп, ел ішінде қызу талқыланса басшының замана тынысын тап басуы осылай болады ау деп ойлайсың. Қадам алда жүру қасиеті кез келген тығырықтан алып шығады. Елбасымыздың елдің ішкі жағдайынан нақты хабардар болып отыруы, оны сыртқы халықаралық қатынастармен тоғыстырып, бір арнада ұстауы, ішкі-сыртқы шаруаны үйлестіруі Жолдаудан тағы бір мәрте анық көрінді. Әлемдік геосаяси тұрақсыздық жағдайында таразы басын тең ұстап отыру, оған қоса елдің әлеуметтік жағдайын орнықты әрі тұрақты етіп отыруы соның дәлелі. Иә, елдің ақсап жатқан кейбір инфрақұрылымдарын дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын жасақтау, өмірлік маңызды дүниелерді бірінші ретте шешу, ел мен елді байланыстыру бағыттары арқылы халықтың әлеуметтік рухын көтеру басты мақсат. Қоғамда мүлдем мәселе жоқ дей алмаймыз. Алайда, әлеуметтік маңызды мәселелер арқылы халықты серпілту, жетіспей жатқан дүниелердің орнын толтыру өте-мөте күрделі іс. Жолдау осы күрмеулі істердің шешімін көрсетіп бергені анық. «Нұрлы Жолдан» тағы бір түртіп алған нәрсеміз, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға банктер мен жеке инвесторлар тарапынан туындап жатқан қызығушылық. Баспана ісінде оңай мәселе жоқ, тіпті, тұрып жатқан үйіңді ортақ меншік ретінде танып, қоғам мүшесі ретінде ұқыпты ұстау, ұзақ қызмет етуін қадағалау да үлкен жұмыс. Елбасы осы мәселеге де назар аудара келіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі және жеке инвесторлар қызығушылық танытып отырғанда, ұзақ мерзімді инвестициялық тарифтер беру арқылы олардың қатысуын барынша тартып, көбейтуді қамтамасыз етуді тапсырды. Тарифті шарықтатпас үшін мемлекет тарапынан мұндай жобаларды қосымша қаржыландырылуы қажеттігін қадап айтты. Жалпы, жаңғырту бағдарламасы бойынша 81 мың. км-ге созылатын жылу, электр энергиясы, газбен қамту желісін жаңғырту қарастырылған. Оның 31 мың шақырымы 2015 жылы толықтай жаңғыртылуы тиіс. 31 мың км. желінің 24,4 мыңы осы бағдарлама аясында, ал 6,7 мың км. «Ақбұлақ» бағдарламасымен жүзеге асырылады. Оған қоса биылғы жылы күрделі жөндеуді қажет ететін кондоминимум нысандары үлесі 32%-дан 22%-ға азаюы керек. ТКШ саласын жаңғырту бағдарламасы арқылы 10 жыл ішінде 11 мың үйді жөндеуден өткізу жоспарлануда. Тиімділік пен оңтайлылықты арттыру мақсатында Үкімет осы бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгізді. Жаңа өзгерістер бойынша ортақ мүлікті жөндеуден өткізу барысында тұрғындар жөндеу тиіс жұмыс түрлері бекітілді. Мысалы, күрделі жөндеу барысында азаматтар ең төменгі және ең шекті қызмет көрсету түрлерін таңдай алады. Жөндеудегі төменгі шекті қызмет түріне тұрғын үйдің кіреберісін, жертөлесін, шатырын жөндеу кірсе, жоғары шекті жұмыс түріне шатыр, кіреберіс, жертөле, қасбет, лифтіні жөндеу жұмыстары жатады. 2015-2016 жылдары бюджеттік субсидиялау бо­йынша жылу және су құбырлары жүйесін жөндеуге қосымша 160 млрд. теңге бөлінбек. Басты мақсат су және жылу құбыры жүйелерін жөндеу қарқынын арттыру болып отыр. Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан».