Қоғам • 30 Сәуір, 2024

Сәнге айналар саябақ

117 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Nazarbayev University басшылығы мен профессор-оқытушылары, студент­те­рі мен түлектері университет саябағында бірнеше ағаш көшеттерін егіп, қаланы көгалдандыруға атсалысты.

Сәнге айналар саябақ

Маньчжур жаңғағы, сібір алмасы, уссури алмұрты, жабайы шие ағаштары секілді 140-қа жуық көшеттер университет сая­ба­ғының сәні болмақ.

NU Президентінің кеңесшісі Қанат Байғариннің айтуынша, жоғары оқу орнының бұл саябағына тек студенттер ғана емес, елорда тұрғындары да бара алады.

чсм

«Біз кампустың шамамен 40 пайызын қала тұрғындарына арнап ашуды жоспарлап отырмыз. Елорда әкімдігі келісіп, қолдау білдірсе, университет аумағында жасыл саябақ бой көтереді. Бүгін климаттық жағ­дайларымызға төзімді көшет­тер­ді ектік. Осыған байланыс­ты біз Ұлттық биотехнология орталығымен және басқа ұйым­дармен серіктестікте жұмыс істейміз. Мысалы, сакура сор­тының 14 шие көшеттерін университетке «Тұрақты даму» Жер Қоры жастар бірлестігі берген еді. Бұл сенбілік – бір реттік оқиға емес, келешекте ағаш егіп, қаланы абаттандыру бойынша бірнеше акция өткізіледі», деді Қанат Байғарин.

Аталған оқу орнының негізі қаланған сәттен бастап эко­логиялық мәдениетті қалып­тастыру мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Кам­пусты жасылдандыру, қайта өңдеу және жаңартылатын энергия бас­тамалары университетте және одан тыс жерлерде жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда ғимараттардың энергия тиімділігін арттыруға, қал­дықтарды бөлек жинауға, био әртүрлілікті қолдауға бағыт­талған 70-ке жуық студенттік жоба жұмыс істеп жатыр. Қ.Бай­ғариннің айтуынша, аталған жобалар шағын көлемде болса да, күнделікті және әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектеседі.

«Біз тек кампуста ғана емес, еліміздің 12 жоғары оқу орнымен бірлесіп жұмыс істейміз. Университет елімізде қолайлы экологиялық орта қалыптастыруға бағытталған бастамаларды жүзеге асырып келеді. Соның ішінде бөлек қал­­дықтарды жинау пункт­терін дамыту, парниктік газдар шығарындыларын азайту, кампустың энергия тиімділігін арттыру және тағы басқа жобалар бойынша еліміздегі студент­тер­дің жобаларын қолдап, өз тәжіри­бесін бөлісіп келеді. 2010 жылдан бастап кампуста жаңартылатын энергия сынақ алаңы жұмыс істейді. Қазіргі таңда ғалымдар экология бағытында және жа­ңар­тылатын энергия көздері саласында түрлі зерттеулер жүр­гізіп жатыр. Жуырда өткен Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес отырысында қабылданған шешімдердің жартысы климаттық, экологиялық мәсе­лелерге қатысты болды. Біздің міндетіміз – университеттің әлеуетін нақты экономиканың өзекті мәселелерін шешуге бағыт­тау», деді Қ.Байғарин.

Университеттің өкілдері атап өткендей, «Таза Қазақстан» рес­пуб­ликалық акциясына қатысу – еліміздің және әлем ал­дында тұрған экологиялық мәсе­лелерді, соның ішінде өңір­лердегі су тасқынының сал­дарын шешуге деген құл­шы­нысының көрінісі. Бұған дейін университет басшылығы мен ұжымы су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға қол ұшын созу мақсатында бірнеше жұмыс атқарды. Мәселен, Қостанай облысына бірінші кезектегі қажетті заттарды жөнелткен еді. Сондай-ақ студенттік ұйымдар да қайырымдылық науқанына қосылып, еріктілер қаражат жинап, су тасқынынан зардап шеккендерге шама-шарқынша қолдау көрсетті. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында білім алушылар жарамсыз материалдарды жинап, қайта өңдеуге жіберді. Сондай-ақ плас­тикалық бөтелкелер, контей­нерлер, қағаз және картондар да экокәсіпкерлерге жөнелтіліп, киімдер мен ойыншықтар қайы­рым­дылық қорына берілді.