Қоғам • 29 Сәуір, 2024

Ата-әжелер аллеясы

57 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде «Таза Қазақстан» акциясы аясында өтіп жатқан сенбіліктерге мемлекеттік қызметшілер, түрлі кәсіпорын, мекеме жұмыс­шы­ла­ры­мен қатар, қарапайым тұрғындар да белсенді атсалысып жатыр.

Ата-әжелер аллеясы

Бүкіл облысты қамтыған эко­ло­гиялық іс-шараның «Жасыл аймақ» ап­талығы аясында көпшілік көше­лерге, ашық алаңқайларға, көгалдар мен саябақтарға тал екті. Мысалы, Арқалық қаласында бір күнде 2 мың түп ағаш көшеті отырғызылды.

Ал Қостанай ауданына қарасты Садчиков елді мекенінде өткен сен­бі­лік­ке осы ауылда тұратын бел­сенді зейнеткерлер де шықты. Көгал­дандыру іс-шарасына қатыс­қан ата-әжелер – жер­гілікті кітапхананың жанынан ашылған «Қазына» шығармашылық клубының мүшелері. Бүгінде өңірде «Қазына» клубын білмейтіндер кемде-кем. Клуб мүшелері облыста өтіп жата­тын мәдени іс-шаралардың еш­қай­сынан қалмай, мерекелік кон­церт­терде өнер көрсетіп, түрлі көрме­лер­ге қатысып жүр.

Зейнеткерлер сенбілікке немере­ле­рін де ерте келіп, өз қаражатына сатып алған ағаш көшеттерін отырғызды. Немерелеріне: «Кейін «мінеки, бұл ағашты ата-әжеммен бірге отырғызған едік» деп айтып жүріңдер, күтім жасап, баптап отырыңдар», деп табыс­тап, жан тебірентерлік жақсы бір игі іс атқарды.

«Қазыналық» қариялар алдағы уақытта ауыл әкімдігіне кіріп, өзде­рі тал еккен ашық алаңқайды «Ата-әже­лер аллеясы» деп атау туралы ұсыныс жа­са­ғысы келеді. «Хал­қы­мыз­да ұрпақ­тар сабақтастығы деген жақсы үрдіс бар. Сондықтан «Ата-әжелер» аллеясына жыл сайын біз сияқты зейнеткерлер кішкентай немерелерін алып келіп, табиғатты аялауға үйретсе, өз­дері атап тал отыр­­ғызса, ол талды ұр­пақтары күтіп-баптап, өздерінің балаларына үлгі-өнеге етсе деген ниетіміз бар. Осын­­дай іс-шараларды ұйымдастыру ар­қылы немерелерімізге табиғатты аялауды үйретіп, әрбір жақсы істің басы-қасында жүруді бойына сіңіріп, үлгі тұтарлық істерімізбен қоршаған ортаның жақсаруына үле­сімізді қосу­ды жөн көрдік», дейді клуб мүше­сі Салтанат Сатпаева.

Аталған акцияның басты мақ­саты да осы – көпшіліктің эко­ло­гия­лық мәдениетін қалып­тас­ты­ру, тұр­­ғындарға, әсіресе жас­тар­ға қор­шаған табиғи ортаға жанашырлықпен қарауды үйрету.

 

Қостанай облысы