Шығыс өңірінде азаматтарды қоныстандырудың электронды картасы жасалды. Аталған картаны облысқа жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғандықов таныстырды. Тұрғындарды еңбек күші мол өңірлерден Шығыс Қазақстан облысына қоныстандыруды көздейтін электронды карта жөнінде министрдің орынбасары егжей-тегжейлі түсіндірді. Электронды картада мамандар тапшылығы байқалған елді мекендер туралы жан-жақты мәліметтер берілген.
– Электронды картада белгілі елді мекенде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы, аудандық бюджет, жұмыс беруші және жеке қаржысы есебінен қол жеткізуге болатын баспана жайы мен бос жұмыс орындары туралы мәліметпен қанығуға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ, онда жарамды жер, балабақшалар мен мектептердегі бос орындар, техникалық және кәсіптік оқу мүмкіндігі де көрсетіледі. Одан өзге сайтты жасаушылар елді мекеннің фотосуреттерін де орналастыруды көздеп отыр, – деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының жетекшісі Айжан Садықова.
Вице-министр аталған картаның өте жүйелі түрде жасалғанын айтады.
– Электронды карта көрнекілігімен және пайдалануға қолайлылығымен ерекшеленеді. Бұл тарапта жақсы жұмыс жүргізілді. Ендігі басты шаруа – жобаны нақты жүзеге асыруды жеделдету. Сонымен қатар сайттан басқа да коммуникациялық құралдар арқылы халықты ақпараттандыру қажет. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде қоныс аударушыларға субсидия төленеді. Бұл үрдіс 2011 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап енгізілген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған уақыттан бері 15 мың адам көшті. Мұның бәрі адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында жасалып жатыр, – деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары.
Яғни, Шығыс Қазақстан өңіріне қоныс аударуға ниетті азаматтар облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының сайтына кіріп, бағдарламаға қатысушы кез келген елді мекен жөнінде ақпарат ала алады. Немесе жергілікті жұмыспен қамту орталығынан да барлық ақпаратқа қол жеткізуге болады. Тіпті, электронды карта жобасында келешектегі жұмыс берушімен онлайн жүйеде тікелей сөйлесу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.