Үкімет • 30 Сәуір, 2024

16 млрд теңге бөлінді: Қызылорда, Кентау, Риддер жылу көздері жаңғыртылады

101 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Үкімет еліміздің жылу электр кешенін ауқымды жаңғырту бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов Кентау, Риддер, Қызылорда қалаларындағы жылу көздеріне реконструкция және күрделі жөндеу жүргізу үшін Үкімет резервінен қаражат бөлу туралы қаулыларға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

16 млрд теңге бөлінді: Қызылорда, Кентау, Риддер жылу көздері жаңғыртылады

Фото: Максим Морозов

Атап айтқанда, Кентаудағы ЖЭО-5-тің № 7, 8, 9, 10, 11 және 12 қазандықтарын реконструкциялауға 9 млрд теңгеден астам, Риддер жылу электр орталығының технологиялық жабдықтары мен инфрақұрылымына күрделі жөндеу жүргізуге 4,9 млрд теңге, ал Қызылордадағы оңтүстік қазандықтың үш бу қазандығын реконструкциялауға 2 млрд теңгеден сәл астам қаражат бөлінді. Осылайша, аталған жылу көздерін жаңғыртуға жалпы сомасы шамамен 16 млрд теңге бағытталды. Бұл – келесі жылыту маусымында аталған 3 қаланың тұрғындарын жылумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жалпы еліміз бойынша алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Ақтау, Тараз, Петропавл, Павлодар, Жезқазған, Ақтөбе, Екібастұз, Степногор, Рудный, Балқаш, Ақсу қалаларындағы 10 энергоблок пен 55 қазандыққа және 45 турбинаға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар инвестициялық келісімдер щеңберінде осы күндері Екібастұздағы ГРЭС-1-дің №1 энергоблогында қалпына келтіру және Атыраудағы ЖЭО мен Топардағы ГРЭС-те турбоагрегаттарды ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Екібастұз ГРЭС-інде №3 энергоблок құрылысы, сондай-ақ Өскемендегі ЖЭО мен Қарағандыдағы ЖЭО-3-ті кеңейту бойынша жобалар жоспарланған.

Жоғары аталған барлық жобаны жүзеге асыру ортақ жиынтығы 1500 МВт-тан астам жаңа қуатты іске қосуға мүмкіндік береді.