09 Қаңтар, 2015

Тұтынушы сұранысын толықтай қамтамасыз етеміз

383 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасы аясында отандық өндірістік буындар қатарының толығуы еліміздің әлеуметтік-экономикалық жа­ңарулар тынысына тыңнан леп қосып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлкен ықпал етіп отыр­ғанын айту ләзім. Өтпелі кезең тұсында еліміздегі жеңіл өнер­кәсіп салалары ақсап қалға­ны, Қазақстанның әрбір ірі қала­­ларында жұмыс істеп тұр­ған тігін фабрикалары жабылып, олардың ғимараттары, тех­ни­калық құрал-жабдықтары мен мүлкі талан-таражға түсіп, қаншама қыз-келіншектеріміз, тәжірибелі тігінші апа-әпкелеріміз жұмыссыз қалған еді. Құдайға шүкір, халқымыздың «орнында бар оңалар» деген аталы сөзі ес жиып, еңсе көтеруімізге сеп болғандай, міне, отандық жеңіл өнеркәсіп саласына тағы бір жаңа фабрика келіп қосылды. «Қазақстанның жаңа индус­триясы: 2014 және алғашқы бесжылдық жетістіктері» деп аталатын телекөпір барысында біздің жас кәсіпорынның іске қосылуы, оның алғашқы қадамын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жасатуы – біздің кәсіпорын үшін және қызметкерлеріміз үшін үлкен мақтаныш, рухани демеу. Сондықтан да, біз мемлекетіміз сеніп тапсырып отырған жауап­кершілік үдесінен шығамыз деп, ел дамуына азаматтық үлесімізді қосамыз деп шынайы көңілімді жеткізгім келеді. Отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуы тек экономикалық емес, әлеуметтік саланың да ілгері бас­уына зор ықпал етеді. Біз өнімнің мол түрін шығаратын боламыз. Бұл ішкі нарықты сапасы жоғары отандық өндірістегі маталармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тігін фабрикасында негізінен өзіміздің қыз-келіншектер жұмыс істейтін болғандықтан, жаңа кәсіпорындағы 200 жұмыскердің 80 пайызы әйелдер екенін айтып өткім келеді. Келешекте біз өз өнімдерімізбен ел аумағын қамти отырып, сапалы әрі заманға сай киім-кешектерді алыс-жақын шет­елдерге де шығаратын боламыз. Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаевтың тапсырмасымен және арнайы бақылауымен елімізде жүргізіліп отырған үдемелі индустриялық-иннова­циялық бағдарламаның тиім­ді нәтижесінің арқасында Қазақ­станның әр аймағында жаңа кәсіпорындар мен заман талабына сай зауыттар, фабрикалар бой көтеріп, мыңдаған азаматтарымызды жұмыс орындарымен қамтып отырғаны белгілі. «Басым бөлігі әйелдер жұмыс істейтін тігін фаб­рикасы тек қана өндірістік емес, сонымен бірге әлеуметтік маңыз­ды жоба», деп Мемлекет басшы­сы жеңіл өнеркәсіптің осы бір сала­сының маңызына ерекше көңіл бөлгені әлі күнге есімізде. Осы орай­да, біздің кәсіпорын да ел дамуы­на, экономикамыздың тұрақ­ты­лығына қызмет етіп, өз үлесін қосады деп сеніммен айта аламыз. Еліміздегі сан-салалы зауыттар, өндірістік кәсіпорындар мен түрлі техникалық қызмет көрсету орындарынан түсетін тапсырыстарға сәйкес тігілетін арнаулы жұмыс киімдерін де тігумен қатар, біздің фабрика тұрғындардың талап-талғамына сай заманауи үлгідегі сәнді киім түрлерін де шығарады. Қазақстандық мазмұндағы үлес-салмағы 80 пайыздан асқан өнімдеріміздің өтімділігін өсіру үшін сапа, фаб­рика қабырғасында дизайн зертханасы құрылды. Инновациялық конструкторлық бюро жұмыс істейді. Істің бәрі осы заманғы озық технологиялық қондырғылар арқылы атқарылады. Өндірістік мүмкіндіктерді кеңейту арқасында 200 жаңа жұмыс орны құрылды. Тұтынушы талабын толықтай қамтамасыз ететін ісмер мамандар санын арттыру үшін серіктестік жанынан ашылған қысқа мерзімді қайта даярлау топтарын ашып, өзіміздің жас қыздарымызды, қолынан іс келетін келіншектерді тәжірибелік тұрғыда оқытып, біліктілігін арттырып жатырмыз. «Сәуле» тігін-мата фабрикасы – еліміздегі мата өңдеу және киім тігу ісіндегі бірден-бір алдыңғы қатарлы озық технологиямен қамтылған фабрика. Сондай-ақ, алдағы күндерде біздің өніміміз ең сапалы бұйымдарымен, сәнді де қонымды киім-кешектерімен ішкі нарық пен отандастарымыздың талабын толық қамтамасыз ете алатын болады. Оған біздің күш-жігеріміз де, бәсекелестікке деген қабілетіміз де толық жететіндігіне сеніміміз зор. Дәурен ӘЛІМБЕКОВ, «Сәуле» мата-тігін фабрикасының директоры.                           АЛМАТЫ.