Құқық • 01 Мамыр, 2024

Жаңа жол ережесі: нені білу керек?

252 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әрбір ел азаматының күн сайын үйі­нен шыққан сәтінен бастап алдынан кезігетін ең бірінші заң талабы – жол қозғалысы ережесін сақтау десек, қателесе қоймаспыз. Бұл әсіресе көшесі көлікке толған ірі елді мекендерге қатысты. Көлік демекші, кейінгі жыл­дары бұл салада өзгеріс көп. Жол қоз­ғалысының электрсамокат, мопед секілді жаңа қатысушылары пайда болды. Осыған орай жол қозғалысы ере­же­ле­ріне де өзгеріс енгізу күн тәртібінде тұр­ған мәселе еді.

Жаңа жол ережесі: нені білу керек?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жуырда Мәжілісте депутаттар жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіп­­сіздігін цифрландыру туралы заң жобасын талқылап, бірінші оқылымда мақұлдады. Сол күні, яғни 17 сәуірде Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов «2023 жылғы 30 мау­сымдағы №534 Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрыққа қол қойды.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, еліміз­дің қала көшелерінде мопедтердің көбеюі салдарынан олардың жол-көлік апаттарына ұшырау оқи­ғаларының да саны артқан. Мәсе­лен, өткен бір жылдың ішінде 750 жағдай тіркеліпті. «Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4 есе көп», дейді депутат.

Мәжіліс отырысында баяндама жасаған Нұртай Сабильянов депутаттардың бастамасымен әзірленген құжатта негізгі бес бағыт қамтылғанын атап өтті. «Бірінші, көлік құралдарының шағын электрлі және жекелеген түрлерінің жүруіне бақылау енгізіледі. Бұл, ең алдымен, мопедтерге қатысты. Бүгінгі таңда мопедтер тіркеуден өтпейді, мемлекеттік нөмір берілмейді, сақтандырылмайды, жол қозға­лы­сы ережелерін бұзады, олардың меншігін анықтау қиынға түседі. Сон­дықтан заң жобасы арқылы мо­педтерді жүргізу тәртібі мен пайдалану мәселелері қолға алынады.

Екінші, жергілікті атқарушы органдарға шағын электрлі көлік құралдарын пайдалану тәртібін айқындау (жүру орындарын, жыл­дам­дығын анықтау) бойын­ша құ­­зырет беру көзделген. Өйт­ке­ні елді мекендердегі жол инфра­­құрылымын жөндеу, салу мәселе­ле­рімен әкімдіктер айналысады. Үшінші, жол қауіпсіздігін ци­фр­­лан­дыру мәселелері қарас­тырылған.

Төртінші, көлік құралдары­ның орташа жылдамдығы туралы ұғым енгізіледі. Бұл өз кезегінде жол қозғалысы ережесін сақтауға, жолдағы тәртіп сақшыларының санын азайтуға оң әсерін тигізеді.

Бесінші, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің ­аясында мопед жүргізушілерінің жауап­кершілігі көлік құрал­дары­­ның басқа түр­лерінің жүргі­зуші­лерімен теңестіріледі», деді ­Н.Са­бильянов.

Біз ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Борановаға хабарласып, жол қозғалысы ережелеріне енгізілген нақты өзгерістер жа­йында сұрап білдік. Оның айтуынша, негізгі өзгерістердің бірі – қала ішіндегі қоғамдық көліктердің жылдамдығы бұдан былай сағаты­на 60 емес, 50 шақырымнан ас­пауға тиіс. Кейінгі жылдары ав­тобустардың қатысуымен бола­тын жол-көлік апаттары да жиі­леп кеткенін жақсы білеміз. Олар адамдарды, оның ішінде кәрі­лер мен бала-шағаны таситын бол­ғандықтан, жылдамдығына қойылған бұл шектеуді дұрыс жа­сал­ған шешім деп есептейміз.

Сонымен қатар бұдан былай М3 (автобустар) санатындағы барлық көлік құралы үшін мар­шруттық көлік құралдарына арналған жолақпен қозғалуға рұқсат етілмек. «Жаңа заң бо­йынша жол ортасындағы «үзіксіз тұтас бір сызықты» кесіп өту үшін жауапкершілік өзгерді. Яғни қарама-қарсы екі бағыттағы қозғалысы бар екі жолақты жол ортадан үзіксіз тұтас сызықпен бөлінген болса, «басып озуға тыйым салынады» деген белгі орнатылса, ол сызықты кесіп өту қарсы жүріс жолағына шығу болып есептеледі», дейді ІІМ өкілі.

Заңға енгізілген тағы бір өз­геріс – тірек-қимыл ап­параты бұзылған мүгедектігі бар адам­дардың үшінші тобына жол ин­фра­құрылымына қол жеткізуге рұқ­сат беру. А.Бо­ра­нованың айтуынша, мәселен, бұрын «мүгедектігі бар адам» деген танымдық белгісін кө­лігіне тек І және ІІ топтағы мү­гедектігі бар адамдар ғана орналастыра алған болса, енді мұндай бел­гіні тірек-қимыл аппараты бұ­зыл­ған ІІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар да пайдалана алады.

«Естеріңізге сала кетейік, бұл белгі мүгедектігі бар адамдарға арнайы бөлінген автотұрақтарға, яғни мүгедектерге арналған тұраққа, сондай-ақ тұраққа тыйым салынған орындарға көлігін қоюға құқық береді», деді ІІМ өкілі.

Бұған қоса, алдағы уақытта көшелерімізден «электрсамокат жүрісіне тыйым салынады», «параллель жатқан жол бөлігіне өту», «параллель жол бөлігінің соңы», «диагоналды жаяу жүргіншілер өткелі», т.б. жаңа жол белгілерін көре аламыз. Сонымен қатар көлік құралына жапсырылатын «электрмобиль», «газ баллонмен жабдықталған автокөлік» деген секілді жаңа танымдық белгілер енгізіліп отыр. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің өкілі Ақтоты Боранованың айтуынша, бұл нормалар 2024 жылғы 6 мамырдан бас­тап күшіне енеді.

Айта кетейік, жол қозғалысы ере­желеріне байланысты жауап­кер­шіліктер шеңберінде Әкімші­лік құқық бұзушылықтар туралы кодекске де өзгеріс енгізіледі. Мә­селен, 607-бап бо­йынша те­мiржол өтпелерiнен өту қағидала­рын бұзуға қатысты жаза қатаңда­тыл­мақ.

«Қазіргі таңда теміржол өт­келдеріндегі жол-көлік оқиғалары өткір мәселе болып отыр. Кейінгі жылдар ішінде теміржолда осындай 58 оқиға тіркелді. Көбінесе теміржол өткелдеріндегі жол-көлік оқиғалары ауыр зардаптарға, адам өліміне әкеледі. Сонымен қатар малды жаю, бағу барысында да теміржол өткелі арқылы айдау кезінде жол-көлік оқиғалары болып жатады», дейді Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ. Оның айтуынша, теміржол өткелдерінен өту ережелерін бұзуға байланысты айыппұл мөлшері көтерілді. Ал егер көлік құралдары немесе жол құрылыстары бүлінсе, тоғыз ай мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру шарасы қарастырылады.