Университет басшылығы жақында Гонконгқа барып институционалдық серіктестікті нығайту үшін академиялық ұтқырлық негізінде студент алмасу, бакалавр, магистр және PhD даярлауға қатысты меморандумға қол қойып қайтты. Нәтижесінде, инженерлік білім беру мен ғылымды дамыту, жаңа технологиялар ғылыми-зерттеу орталығын құру, Сәтбаев университетінің студенттеріне арналған квоталар, іріктеу шарттарының барысына қатысты мәміле жасалды.
Әлемдік университеттердің QS рейтингі бойынша 70-орында тұрған CityU университеті – елімізде биыл өз өкілдігін ашуды жоспарлап отырған алғашқы Гонконг университеті. CityU университеті филиалының ашылуы Қазақстан студенттері үшін жаңа көкжиектер ашып, білім алу тәжірибесін байытуға және елімізде жасанды интеллекті қолданудың ауқымын кеңейтуге мүмкіндіктер ашатыны анық.
Гонконгтағы кездесуде CityU басқармасы төрағасы Лестер Хуан «Қазақстандағы ең көне техникалық университетпен ынтымақтастығымыз, яғни CityU және Сәтбаев университеттері арасындағы келісім білімді, білікті жастарды даярлаудың заманауи мүмкіндіктеріне жол ашып, ғылым мен білім берудің шекарасын мұнан да кеңейте түседі» деп атап өтсе, CityU HK президенті, профессор Фредди Бойдың айтуынша, бұл ынтымақтастық аясында студенттер, магистранттар мен докторанттар бірлесіп жасаған жұмыстарымен ғана емес, мәдени салада да білім алмасатын болады.
Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ ректоры Мейрам Бегентаев өз сөзінде атап өткендей, Политехтің дамуында осы сәттен басталған жаңа кезең – әлемдегі ең үздік университеттердің бірімен серіктестік келісімі инженерлік технологиялар саласындағы білім мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының дамуына ықпал етеді.
– Екі университет арасындағы ынтымақтастық аясында материалтану және жасанды интеллект бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын жасау жоспарланып отыр. Сондай-ақ Сәтбаев университетінің ғалымдары CityU-дің келесі жылы іске қосылатын жаңа ғылыми бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі қарастырылуда. Еңбек нарығының қазіргі жағдайына бейімделген жоғары білімді мамандарды қысқа мерзім ішінде даярлау жүйесі ғылым мен инновацияны дамыту арқылы жоғары нәтижеге жетуге болатынын CityU университетімен келісімдердің болашағынан көреміз, – деді ректор.
Satbayev университетінің зертхана жетекшісі Сейітхан Азатұлының айтуынша, студенттер 2 диплом алып шыға алады. Еліміз студенттері CityU зертханаларын тегін пайдалана отырып, зерттеу жұмыстарын жүргізуге, әлемдік деңгейдегі ғалымдармен бірге диссертациялық жұмыстарын жазуға, сондай ақ кадр алмасуға мүмкіндік береді.
Биыл Сәтбаев университетінің 200-ге жуық студенті мен оқытушылары CityU-мен қатар әлемнің жетекші университеттерінде білім алып, жұмыс істейді. Университет бүгінде Пенсильвания мемлекеттік, АҚШ, Сонгюнгван университеті, Оңтүстік Корея, Глазго университеті, Ұлыбритания, сондай-ақ көршілес шетелдердің жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты нығайтып отыр.
АЛМАТЫ